Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

Іле ауданында Наурыз мейрамы 10 мыңнан астам адамның қатысуымен өтті

Мейрам алғаш рет «Наурыз Digital» форматында ұйымдастырылды

Алматы облысының Іле ауданында Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз кең көлемде аталып, 10 мыңнан астам тұрғын мен қонақтың басын қосты. Биылғы мейрам алғаш рет «Наурыз Digital» форматында ұйымдастырылды.

Іле ауданында Наурыз мейрамы биыл өзгеше мазмұнда, ұлттық дәстүр мен заманауи үрдістерді ұштастырған жаңа форматта өтті. Ауқымды іс-шара аудан өміріндегі маңызды мәдени оқиғалардың біріне айналды.

Мейрамдық іс-шара Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесі бойында ұйымдастырылып, ұлттық нақыштағы ерекше атмосфера қалыптасты. Көше бойына тігілген киіз үйлер мен шатырларда қазақ халқының салт-дәстүрлері кеңінен насихатталып, ақ дастархан жайылып, тұрғындарға наурыз көже ұсынылды.

Алаңда 5 киіз үй мен 70-ке жуық шатыр орнатылып, аудан мекемелері, кәсіпорындар мен этномәдени бірлестіктер өздерінің ұлттық ерекшеліктерін таныстырды. Сонымен қатар, қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге ұлттық өнердің үздік үлгілері ұсынылды.

Биылғы мейрамның басты ерекшелігі – «Наурыз Digital» алаңы болды. Арнайы аймақта робототехника көрмесі өтіп, тұрғындар жаңа технология жетістіктерімен танысты.

Мейрам аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, сахнада танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Концерт көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтті. Қазақша күрес, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ сынды ойындар ұйымдастырылып, тұрғындар белсенді қатысты. Алаңда алтыбақан құрылып, келушілер ұлттық ойын-сауықты тамашалады.

Осылайша, Іле ауданында өткен Наурыз мейрамы ұлттық құндылықтар мен цифрлық даму үрдістерін үйлестірген мазмұнды әрі ауқымды іс-шара ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button