ІЛЕ АУДАНЫНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: БІР КҮНДЕ 68 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Іле ауданында World Cleanup Day 2026 – Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында кезекті жалпыаудандық сенбілік өтті.
19 қыркүйекте ұйымдастырылған экологиялық акция ауданның барлық елді мекенін қамтыды. Сенбілікке Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов қатысып, тұрғындармен бірге тазалық жұмыстарына атсалысты.
Жалпы аудан бойынша 3 956 адам қатысып, 29 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 25 гектар аумақ тазартылып, 68 тонна қоқыс шығарылды.
Сенбілік барысында көшелер, қоғамдық орындар мен ортақ пайдаланудағы аумақтар тазартылып, елді мекендерді абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан – бір күндік акция емес. Тазалық өз ауламыздан, көшемізден, ауылымыздан басталады. Туған жерге жанашырлық – оның тазалығына жауапкершілікпен қарау. Ортақ іске белсенді атсалысып жүрген барша аудан тұрғындарына алғысымды білдіремін», – деді Қайыржан Жақсымбетов.
«Таза Қазақстан» аясындағы санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары ауданда тұрақты түрде жалғасады.



