Жаңа Конституция

Жаңа Конституцияның басты құндылықтарының бірі – адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде тануы. Бұл қағида Негізгі заңның 1-бабында нақты бекітілген. Ал 15-бапта адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге туғаннан тиесілі, ажыратылмайтын және берілмейтін құқықтар екені көрсетілген.
Бұл қағиданың жастар үшін маңызы ерекше. Өйткені жастық шақ – адамның өз болашағын қалыптастыратын, білім алып, мамандық таңдап, еңбекке араласатын, азаматтық ұстанымын айқындайтын шешуші кезеңі.
Жастарға мүмкіндік берілген жерде елдің болашағы қалыптасады.
Жаңа Конституцияның 3-бабында Қазақстан Республикасы қызметінің негізгі қағидаттарының қатарында еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту, қоғамдық диалогты дамыту, жауапты әрі жасампаз отаншылдықты ілгерілету көрсетілген. Бұдан да маңыздысы – Конституция мемлекет үшін адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды стратегиялық бағыт ретінде белгілейді.
Бұл – жастарға қатысты аса маңызды конституциялық бағдар.
Өйткені адам капиталы дегеніміз – ең алдымен білімді, білікті, ізденімпаз, жаңашыл ұрпақ. Ғылым мен инновация дегеніміз – бүгінгі жастың идеясы, зерттеуі, технологиясы мен еңбегі. Демек, жаңа Конституция жастардың тек әлеуметтік топ емес, мемлекеттің стратегиялық дамуындағы негізгі күштердің бірі екенін айқындайтын құндылықтарға жол ашады.



