Қазіргі жастардың мамандық таңдауы: жүрек қалауы ма, әлде қоғам талабы ма?

Бүгінгі таңда мектеп бітіруші жастардың алдында тұрған ең маңызды сұрақтардың бірі – «Қандай мамандық таңдаймын?». Бұл сұрақ қарапайым болып көрінгенімен, оның артында адамның болашағы, отбасының үміті, қоғамның талабы және жеке қызығушылығы тұр. Бір мамандықты таңдау арқылы жас адам өзінің бірнеше жылын ғана емес, болашақ өмірінің бағытын анықтайды.
Қазіргі жастардың мамандық таңдауы бұрынғыдан әлдеқайда өзгерді. Қазір мамандық түрлері көп. Ақпараттық технология, журналистика, медицина, инженерия, дизайн, экономика, педагогика және басқа да көптеген салалар жастарға мүмкіндік береді. Сонымен қатар интернет арқылы кез келген мамандық туралы ақпарат табуға болады. Бірақ таңдау көбейген сайын, шешім қабылдау да қиындай түсті.
Кейбір жастар мамандықты өз қызығушылығына қарай таңдайды. Мысалы, бала кезінен техникаға қызыққан адам IT саласына барғысы келеді. Адамдармен сөйлескенді ұнататын жас журналистика немесе мұғалімдік мамандықты таңдауы мүмкін. Мұндай жағдайда адам өз жұмысын қызығушылықпен істеп, жақсы нәтижеге жетуге тырысады.
Алайда барлық жас өз қалауымен мамандық таңдайды деп айту қиын. Бүгінде ата-ананың пікірі де үлкен рөл атқарады. Кейбір отбасылар баласының өзіне ұнайтын мамандығын емес, «болашағы бар», «ақшасы көп» немесе «беделді» мамандықты таңдағанын қалайды. Мысалы, бала шығармашылыққа қызықса да, ата-анасы оны дәрігер немесе заңгер болуға бағыттауы мүмкін.
Бұл жерде маңызды мәселе туындайды: баланың болашағын кім таңдауы керек?
Әрине, ата-ананың кеңесі қажет. Олар өмірлік тәжірибесі арқылы дұрыс бағыт көрсете алады. Бірақ соңғы шешімді жас адамның өзі қабылдағаны дұрыс. Себебі мамандықта күн сайын жұмыс істейтін де, сол жұмыстың жауапкершілігін көтеретін де – сол адамның өзі.
Тағы бір үлкен мәселе – жастардың әлеуметтік желідегі ақпаратқа тым көп сенуі. Қазір интернеттен «мына мамандықпен айына миллион табуға болады», «мына салада жұмыс істеу өте оңай» деген ақпараттарды жиі кездестіреміз. Кейбір жастар сол сөздерге сеніп, мамандықты тек жалақысына қарап таңдайды. Бірақ кез келген мамандықтың өз қиындығы бар. Жоғары жалақы үшін білім, тәжірибе, еңбек және жауапкершілік қажет.
Мамандықты тек ақша үшін таңдау кейін өкінішке әкелуі мүмкін. Себебі адам өзіне ұнамайтын жұмысты ұзақ уақыт бойы қызығушылықпен атқара алмайды. Сондықтан мамандық таңдағанда «Қанша ақша табамын?» деген сұрақпен бірге «Бұл жұмыс маған ұнай ма?», «Менің қабілетім осы салаға сәйкес келе ме?», «Осы мамандықта өзімді болашақта елестете аламын ба?» деген сұрақтарды да қою керек.
Сонымен бірге қазіргі еңбек нарығы да жастарға әсер етеді. Технологияның дамуына байланысты кейбір мамандықтардың маңызы өзгеріп, жаңа кәсіптер пайда болып жатыр. Сондықтан бүгін танымал болған мамандық бірнеше жылдан кейін бұрынғыдай сұраныста болмауы мүмкін. Жастар осыны да ескеруі керек.
Менің ойымша, мамандық таңдауда ең дұрыс жол – қызығушылық пен мүмкіндікті қатар қарастыру. Тек жүрек қалауымен таңдау да, тек ақшаға немесе ата-ананың талабына сүйену де дұрыс емес. Өз қабілетіңді бағалап, сол мамандықтың болашағын зерттеп, тәжірибелі адамдардан кеңес алған жөн.
Мектеп оқушыларына мамандық туралы ақпаратты ертерек беру де маңызды. Оқушы 11-сыныпқа келгенде ғана емес, мектеп қабырғасынан бастап әртүрлі кәсіптермен танысса, өз таңдауын саналы түрде жасай алады. ЖОО-лардың мамандықтары, жұмыс орындары, еңбек нарығындағы сұраныс туралы нақты ақпарат та қолжетімді болуы керек.
Мамандық – жай ғана дипломда жазылатын атау емес. Ол адамның күнделікті өмірімен, ортасымен, болашағымен тығыз байланысты. Сондықтан жастар бұл таңдауға жеңіл қарамауы керек.
Бүгінгі жас – ертеңгі қоғамның маманы. Егер жастар өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдаса, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын білікті азаматтар көбейеді. Ал дұрыс таңдалмаған мамандық адамның уақытын ғана емес, күшін де жоғалтуы мүмкін.
Сондықтан мамандық таңдағанда біреуге еліктемей, өзіңді тыңдай білу маңызды. «Қай мамандық сәнде?» емес, «Мен қай мамандықта өзімді таба аламын?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Өйткені дұрыс мамандық – тек жақсы жұмыс емес, адамның өз орнын табуы.
ҚазҚХжӘТУ 1-курс студенті
Султанов Алижан



