Алматы облысының жаңалықтары

Кино — менің сүйікті демалысым

Қазіргі кезде кино көру көп адамның сүйікті ісіне айналған. Мен де бос уақытымда кино көргенді ұнатамын. Кейде үйде отырып кино көремін, ал кейде достарыммен бірге кинотеатрға барамын. Кинотеатрда фильм көрудің өзі ерекше әсер сыйлайды. Үлкен экран, сапалы дыбыс және қызықты оқиғалар фильмді одан да әсерлі етеді.

Киноның түрлері өте көп. Мысалы, комедия, боевик, қорқынышты фильмдер, фантастика, драма және тарихи фильмдер бар. Әр адамның өзіне ұнайтын жанры болады. Мен көбінесе қызықты оқиғалары бар фильмдерді көргенді ұнатамын. Әсіресе, комедиялар көңіл-күйімді көтеріп, күлкі сыйлайды. Ал кейде боевик көріп, фильмдегі оқиғалардың қалай аяқталатынын білгім келеді. Кейбір фильмдер басынан бастап қызықты болып, соңына дейін көрерменді өзіне тартып тұрады.

Менің ойымша, кино тек уақыт өткізу үшін ғана емес, одан сабақ алу үшін де қажет. Кейбір фильмдер достық, отбасы, адалдық және адамгершілік туралы ойландырады. Фильмдегі кейіпкерлердің іс-әрекеттерінен жақсы мен жаманды ажыратуға болады. Мысалы, достық туралы фильмдер шынайы достың қандай болу керектігін көрсетеді. Ал өмір туралы фильмдер адамның өз мақсатына жету үшін еңбектенуі қажет екенін түсіндіреді.

Қазіргі уақытта фильмдерді теледидардан, интернеттен немесе кинотеатрдан көруге болады. Әр адамның кино көруге деген өз таңдауы бар. Біреулер үйде отырып көргенді ұнатса, басқалары кинотеатрға барғанды жөн көреді. Менің ойымша, достармен бірге кинотеатрға барған әлдеқайда қызықты. Себебі бірге отырып фильм көру, күлу және фильмнен кейін өз пікірімізді бөлісу өте жақсы. Кейде фильмнің қызықты жерлерін достарымызбен талқылап, әрқайсымыздың ойымызды салыстырамыз.

Сонымен қатар кино арқылы басқа елдердің мәдениетімен, дәстүрлерімен және өмір салтымен танысуға болады. Шетелдік фильмдерден басқа халықтардың қалай өмір сүретінін көреміз. Ал қазақ фильмдері еліміздің тарихы мен мәдениетін танытып, ұлттық құндылықтарымызды түсінуге көмектеседі. Сондықтан отандық фильмдерді де көріп, қолдау керек деп ойлаймын.

Әрине, кино көру қызықты болғанымен, оған тым көп уақыт жұмсамаған дұрыс. Сабаққа, үй тапсырмасына және басқа да маңызды істерге уақыт бөлу қажет. Мен киноны бос уақытымда демалу үшін көремін. Жақсы фильм көргеннен кейін көңіл-күйім көтеріліп, кейде жаңа ойлар пайда болады.

Қорытындылай келе, кино — адамдардың өміріндегі маңызды өнер түрлерінің бірі. Ол адамға қуаныш сыйлап қана қоймай, ой салады және өмірге басқа көзқараспен қарауға көмектеседі. Менің ойымша, әрбір фильмнің өзіндік мағынасы мен беретін сабағы бар. Сондықтан мен кино көруді жақсы көремін және бос уақытымды қызықты әрі пайдалы фильмдер көрумен өткізгенді ұнатамын.

 

ҚазҚХжӘТУ 1-курс студенті
Нұрболған Аңсар

Басқа жаңалықтар

Back to top button