Қазақстандағы жастар журналистикасының дамуы

Қазіргі таңда журналистика қоғам өмірінде маңызды орын алады. Ақпараттың жылдам таралуы, әлеуметтік желілердің дамуы және жаңа технологиялардың пайда болуы журналистика саласына үлкен өзгерістер әкелді. Әсіресе жастардың журналистикаға қызығушылығы артып келеді. Бүгінде жас журналистер тек дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында ғана емес, интернет платформаларында да белсенді жұмыс істейді.
Жастар журналистикасы — жаңа көзқарас пен тың идеялардың алаңы.
Қазіргі жастар ақпаратты әлеуметтік желілерден жиі алады. Instagram, TikTok және YouTube сияқты платформалар жаңалықтарды қысқа уақытта таратуға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндікті пайдаланған жас журналистер қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, көпшіліктің назарын аударып жүр. Олар білім беру, экология, жастардың жұмыссыздығы, тіл мәдениеті және әлеуметтік мәселелер туралы материалдар дайындайды.
Жас журналистердің басты артықшылықтарының бірі — жаңа технологияларды жақсы меңгеруі. Олар ақпаратты тек мәтін түрінде ғана емес, видео, сұхбат, подкаст және инфографика арқылы да ұсына алады. Бұл оқырман мен көрерменнің ақпаратты қабылдауын жеңілдетеді. Сонымен қатар жастар аудиторияның қызығушылығын түсініп, заманауи форматтарды қолдануға тырысады.
Алайда жастар журналистикасында шешімін қажет ететін мәселелер де бар. Соның бірі — ақпараттың шынайылығын тексеру. Кейбір жағдайда жаңалықты бірінші болып жариялауға асыққан адамдар оның дұрыстығына жеткілікті мән бермейді. Соның салдарынан жалған ақпарат таралуы мүмкін. Сондықтан жас журналист үшін сауатты жазу ғана емес, дереккөздерді тексеру, бірнеше тараптың пікірін тыңдау және журналистік этиканы сақтау да маңызды.
Тағы бір мәселе — тәжірибенің жеткіліксіздігі. Журналистика саласына енді қадам басқан жастар кейде ақпарат жинауда, сұхбат жүргізуде және материалды дұрыс құрастыруда қиындықтарға кездеседі. Мұндай жағдайда тәжірибелі журналистердің кеңесі, сапалы білім және тұрақты тәжірибе үлкен көмек береді.
Жастар журналистикасының дамуына университеттердің де ықпалы зор. Студенттер теориялық біліммен қатар, тәжірибелік тапсырмалар орындап, мақала жазуды, ақпаратты талдауды және аудиториямен жұмыс істеуді үйренуі қажет. Себебі журналистиканы меңгеру үшін тек білім жеткіліксіз, ізденіс пен тәжірибе де керек.
Қорытындылай келе, Қазақстандағы жастар журналистикасының болашағы зор. Жас журналистердің жаңа идеялары мен заманауи технологияларды меңгеруі ақпарат саласының дамуына мүмкіндік береді. Дегенмен кез келген жаңалықты жариялауда шындық пен жауапкершілік бірінші орында тұруы тиіс. Менің ойымша, нағыз журналистің басты мақсаты — көп қаралым жинау емес, қоғамға пайдалы әрі сенімді ақпарат ұсыну.
Еркінбек Аяна Мадиханқызы
ҚазХҚжӘТУ 1 курс студенті
Журналистика факультеті



