МЕЙІРІМГЕ ТОЛЫ ТАР БӨЛМЕ

Бір бөлменің ішінде қаншама тағдыр, қаншама үміт пен жақсылыққа деген сенім тоғысқан. Іле ауданындағы «Мейірім шуағы» еріктілер клубының күнделікті тіршілігіне куә болғанда, қайырымдылықтың ұлтқа да, тілге де, әлеуметтік жағдайға да бөлінбейтінін түсінесің. Мұнда адамдарды жақындастыратын ортақ тіл бар. Ол – мейірім тілі.
Кезекті жұма. Таңғы сағат тоғыз. Әдетте адам аяғы басылмайтын бұл ғимарат бүгін ерекше жанданып тұр. Дәліз толы адам, қым-қуыт тіршілік. Үлкенді-кішілі балалар мәз-мейрам ойнап жүр. Ересектер кезектерін нақтылап, өзара әңгімелесуде. Қолдарында бір-бір дорба. Кейбірі тіпті таң атқалы бері осында – ертерек кіріп, қажет заттарын алуға мүмкіндік молырақ болатынын біледі
Адамдар қаз-қатар тізілген есіктің сыртында кезек күтіп тұр. Қабырғада «Мейірім шуағы» еріктілер клубының қабылдау кестесі жазылған. Көмек алуға келген әр адамның өз мұқтаждығы, өз тарихы бар. Бірінің баласына киім керек, енді бірі тұрмысына қажетті зат іздеп жүр. Бірі көпбалалы отбасын асырап отырса, енді бірі өмірдің ауыр сынағына жалғыз өзі төтеп беруге тырысады.
Тілдері де, ұлттары да, тағдырлары да әртүрлі. Бірақ барлығын біріктіретін ортақ мақсат волонтерлік ұйымның қамқорлығына ілігіп, сағат 14-ке дейін қажетті көмекті алып үлгеру.
Қайырымдылықтың қайнаған ортасы
Іле ауданында Кондурова Наталья Олеговнаның бастамасымен «Мейірім шуағы» («Лучик Добра») еріктілер клубы жұмыс істейді. Оның жанында өзгенің жағдайына бейжай қарай алмайтын, қолынан келгенше көмек көрсетуге дайын жандар бар.
Еріктілердің жұмысы күн сайын қарбаласқа толы. Бірі сөрелерді реттеп, киімдерді санатына қарай бөліп жатса, енді бірі келген адамдарға бағыт-бағдар береді. Бұл шағын бөлмеде адамдарды ұлтына, тіліне немесе әлеуметтік жағдайына қарап бөлмейді. Мұнда көмекке мұқтаж жанға қол ұшын созу – басты қағида. Кейде келушілердің бәрімен бірдей тілде сөйлесу мүмкін емес. Сондай сәттерде еріктілер ым-ишараның көмегіне жүгініп, заттарды көрсетіп, түсіндіріп, бір-бірін ұғынуға тырысады. Бірі қазақша, бірі орысша сөйлегенімен, көмектесуге деген ниет екеуіне де түсінікті.
– Таңертең алдымен тазалық жұмыстарын жүргіземіз. Сөрелердегі заттардың реттелгеніне көз жеткізіп, киімдерді санатына қарай бөлеміз. Шалбарды бөлек, көйлектерді бөлек қоямыз. Кейде аяқ-киім, төсек-орын, балалар арбасы сияқты заттар да түседі. Оларды да мұқтаж жандарға үлестіруге тырысамыз, – дейді еріктілердің бірі, зейнеткер Людмила қолындағы заттарды орнына қойып жатып.
Оның айтуынша, келушілерді бірден көптеп ішке кіргізуге болмайды. Үш-үштен кезекпен қабылдау тәртіпті сақтау, әрі әр адамға қажетті затын асықпай таңдауына мүмкіндік беру үшін қолданылатын тәсіл.
– Кейде «Маған неге мынау тимеді?», «Мен кеше келіп едім, бүгін тағы алуыма бола ма?» деген сұрақтар туындайды. Бірақ бәріне ортақ тәртіп бар. Біз әр адамға әділ көмек көрсетуге тырысамыз. Қолда бар затты мүмкіндігінше көп адамға жеткізуіміз керек, – дейді ерікті.
Оның сөзінен бұл жұмыстың сырт көзге көрінбейтін жауапкершілігі байқалады. Себебі мұнда заттарды жай ғана таратып беру жеткіліксіз. Әр адамның қажеттілігін түсініп, қолда бар мүмкіндікті әділ бөлу де үлкен еңбек.
Бір бөлмедегі сан түрлі тағдыр
Шағын бөлменің ішінде аяқ басар жер жоқ. Әр бұрышта дорба-дорба киім, аяқ -киім, балалар ойыншықтары мен жөргектер жиналған. Түсі өңген сөрелерде де киімдер жиыстырылып тұр. Күн сайын 40-қа жуық адам тардай бөлмеден керегін тауып, дорбаларын таудай етіп үйіп шығып жатқаны жасырын емес.
Келушілердің арасында өзге де этнос өкілдері бар. Бірі көпбалалы отбасына көмек іздеп келсе, енді бірі жалғызбасты ата-ана ретінде бала тәрбиелеп отыр. Кейбірінің жағдайы уақытша қиындаса, кейбірі ұзақ уақыттан бері әлеуметтік қолдауға мұқтаж. Бірақ еріктілер үшін олардың қай ұлттан екені немесе қай тілде сөйлейтіні маңызды емес. Ең бастысы – адамның көмекке мұқтаж болуы. Қолда бар зат кімге қажет болса, соған беріледі.
Келушілердің арасында тек аналар мен балалар ғана емес, ер адамдар да кездеседі.
– Бүгін, мысалы, жары қайтыс болған жалғызбасты әкеге көмектестік. Оған жөргектер, киім-кешек, ойыншықтар және басқа да қажетті заттарды бердік, – дейді Людмила дәптеріндегі жазбаларды қарап отырып.
Бұл – күн сайын қайталанатын жұмыстың бір ғана көрінісі. Еріктілер жомарт жандар әкелген заттарды сұрыптап, мұқтаж адамдарға үлестіреді. Одан бөлек, жағдайы ауыр азаматтардың үйлеріне де барып, қолдау көрсетуге тырысады. Төсекке таңылған қарттарға көрпе-жастық жеткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне қарай көмек ұйымдастырады.
Мереке күндері жалғызбасты қарттарды жинап, шағын дастарқан жайып, көңілдеріне қуаныш ұялатады. Еріктілердің айтуынша, мұндай кездесулердің мәні тек сыйлық берумен шектелмейді. Кейде адамға бір сәт көңіл бөліп, халін сұраудың өзі үлкен демеу болады.
Ұйым мүшелері қарттар үйіне де барып тұрады. Онда да әртүрлі этнос өкілдері мен түрлі тағдыр иелері өмір сүреді. Еріктілер оларға қолдарынан келгенше көмектесіп, мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысады.
Осы сәтте қайырымдылықтың шекарасы болмайтынын тағы бір аңғарасың. Қарттар үйіндегі адамның да, жалғызбасты әкенің де, көпбалалы ананың да тілегі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ олардың барлығына ортақ қажеттілік бар: өздерін жалғыз сезінбеу, қоғамның назарынан тыс қалмау және қиын сәтте біреудің қолдауын сезіну.
Мейірімнің ұлты жоқ
Іле ауданы – түрлі этнос өкілдері бірге өмір сүріп, еңбек етіп жатқан ортақ мекен. Осындай көпұлтты қоғамда татулық пен өзара құрметтің маңызы ерекше. Ал «Мейірім шуағы» еріктілер клубының жұмысы осы құндылықтардың күнделікті өмірде қалай көрініс табатынын көрсетеді.
Бұл жерге келген адамдардың әрқайсысының өмір жолы, тұрмыс-тынысы бөлек. Бірақ көмек қажет болғанда олардың арасындағы айырмашылық екінші орынға ығысады. Еріктілер де барлығына бірдей ықыласпен қарауға тырысады.
Осындай ортада адамдар бір-бірін тек көмек алушы немесе көмек көрсетуші ретінде ғана емес, ортақ қоғамның мүшелері ретінде таниды. Бірі қолындағы артық киімін әкелсе, екіншісі оны сұрыптап, үшіншісі мұқтаж отбасына жеткізеді. Бұл қарапайым әрекеттердің өзі адамдар арасында сенім қалыптастырып, өзара жанашырлықты күшейтеді.
Қазақстандағы этносаралық татулықтың мәні де осындай күнделікті қарым-қатынастардан көрінеді. Бірлік тек мерекелік жиындарда айтылатын сөз емес. Ол – көршінің жағдайын сұрау, қиындыққа тап болған отбасына көмектесу, өзге ұлт өкілін жатсынбай қабылдау және ортақ игілік үшін бірге әрекет ету.
Еріктілерді алға жетелейтін күш
Еріктілердің тынымсыз тіршілігіне қарап отырып:
– Барлығы тегін жұмыс істегісі келмейді. Сіздерді не ұстап тұр? – деген ішкі сауалымның қалай шығып кеткенін өзім де аңдамай қалдым. Бұл ұйымдағы еріктілер жалақы алмайды, еңбектері үшін жеке пайда да көздемейді. Сонда оларды алға жетелейтін қандай күш?
Менің таңданысымды байқаған анасы мен қызы бір сәт үнсіз жымиып, бір-біріне көз тастады. Сосын еш ойланбастан:
– Біз адамдарға көмектесеміз, – деп қысқа ғана қайырды.
Басқа жауаптың қажеті де жоқ еді. Өйткені дәл осы сөздерден олардың еңбегінің, жанкештілігінің, осы жердегі әрбір қаптың астарында қанша сағаттық, қанша жүректік еңбек жатқанын түсінуге болатын. Олар үшін бұл бөлмедегі әрбір дорба – жай ғана киім емес. Ол бір отбасының қажетіне жарайтын зат, бір баланың киетін киімі, бір қарттың тұрмысын жеңілдететін бұйым. Ал көмек алған адамның алғысы еріктілер үшін еңбектерінің мәнін сезіндіретін сәттердің бірі.
Шағын ғимарат – үлкен мәселе
Еріктілердің күнделікті жұмысында шешімін күткен мәселелер де аз емес. Соның бірі – ғимараттың тарлығы.
– Әкімдік берген осы шағын бөлмені сақтап қалсақ дейміз. Егер оны жалға беру немесе басқа мақсатқа пайдалану мәселесі туындаса, жұмысымызды жалғастыру қиындайды, – деді Людмила бір күрсініп.
Олардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Себебі дәл осындай тағы бір еріктілер ұйымы жалға берілген нысанға төлей алмай, ақыры жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Ал қазір 230 мыңнан аса тұрғыны бар бұл ауданда жалғыз ерікті ұйымы боп өздері ғана қалған.
Ұйымның тағы бір мәселесі – демеушілер мен тасымал мүмкіндігінің шектеулілігі. Наталья Олеговнаның айтуынша, кейде көмек көрсетуге ниетті адамдар табылады, алайда жиналған заттарды мұқтаж отбасыларға уақытында жеткізу қиындық туғызады.
– Көмек бергісі келетін жомарт жандар бар. Бірақ сол көмекті қажетті жеріне жеткізу де өз алдына бір мәселе. Өйткені тұрақты пайдаланатын көлігіміз жоқ, – дейді үйым басшысы.
Қолда бар заттарды сұрыптап, үлестірудің өзі үлкен жауапкершілікті талап етсе, оны діттеген жерге жеткізу тіптен қиын. Кейде волонтерлер жеке көліктерін пайдаланады, кейде жанашыр жандардың көмегіне жүгінеді. Бірақ бұл уақытша шешім ғана.
Бұл мәселелердің шешілуі еріктілердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, көмекке мұқтаж адамдарға қажетті заттарды уақытылы жеткізуге де мүмкіндік берер еді.
Жақсылық жасауға асығайық
«Мейірім шуағы» еріктілер клубы тек керек-жарақ үлестіретін орын емес, адамдар бір-біріне қолдау көрсетіп, қиындықты бірге еңсеруге тырысатын мейірім мекені.
Егер үйіңізде киілмей қалған, бірақ әлі де жарамды киім-кешек, аяқ-киім, ыдыс-аяқ немесе тұрмысқа қажетті басқа да заттар болса, оларды көмекке мұқтаж жандарға беруге болады. Ол үшін ұйым жетекшісі Наталья Олеговнаға хабарласу жеткілікті. Әрине, бір адамның қолынан келген көмек екінші адамның барлық мәселесін шешпеуі мүмкін. Бірақ кейде бір дорба киім, балаларға арналған қажетті заттар немесе жылы сөздің өзі бір отбасының күнделікті тұрмысын жеңілдетеді.
Бір қарағанда, бұл күн де басқа күндерден еш айырмашылығы жоқтай көрінеді. Таңғы кезек, қолдағы дорбалар, сөрелердегі киімдер, бірінен соң бірі кіріп-шығып жатқан адамдар. Бірақ дәл осы сәтте, дәл осы есіктің ар жағында біреудің өміріне жылулық сыйланып, үміт оты жағылып жатыр.
Ендігі кезекте мен де үйімде артылып қалған, бірақ әлі де жарамды заттарды жинап, осында әкелетін жандардың қатарынан табылмақпын. Өйткені кейде өзіңе қажетсіз дүние басқа біреудің кәдесіне жарап, көңіліне қуаныш сыйлауы мүмкін екенін осы бір көріністен түсіндім. Ал бөлменің тарлығы мен сөрелердің ескілігіне қарамастан, мұнда мейірімге орын табылады.
Кейде қоғамдағы бірлікті түсіну үшін үлкен мінбердегі сөздерді тыңдаудың қажеті жоқ. Бір бөлмеге кіріп, өзге адамның қамы үшін үнсіз еңбек етіп жүрген жандарды көру жеткілікті. Өйткені бізді біріктіретін ортақ құндылықтар әлдеқайда көп. Олар бізге бір қарапайым ақиқатты еске салады – ұлттар мен тілдер әртүрлі болғанымен, мейірімге мұқтаждық та, жақсылық жасауға деген мүмкіндік те бәрімізге ортақ.
Диана ҚАНАТ



