Аудан жаңалықтары

Кітап оқитын ауыл – зерделі ұлттың негізі

Іле аудандық кітапханасында «Ауыл болып кітап оқимыз – зерделі ұлт болып қалыптасамыз» атты аудандық рухани-ағартушылық жобаның қорытынды шарасы өтті. Жобаның мақсаты – ауыл тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, балалар мен жастардың оқу мәдениетін қалыптастыру, отбасылық кітап оқу дәстүрін дамыту және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.

Шара қонақтарды қазақы ауылдың қонақжай дәстүрімен қарсы алудан басталды. Ұлттық нақышта безендірілген ортада қолөнер бұйымдары мен кітап көрмелері ұсынылып, халқымыздың салт-дәстүрі дәріптелді. Ал «Кітаппен көркейген ауыл» атты театрландырылған қойылымда кітаптың адам өміріндегі маңызы, әже өнегесі, ұрпақ тәрбиесі мен білімнің құндылығы көрініс тапты.

Салтанатты жиынға Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева, жазушы, журналист, қоғам қайраткері Аршагүл Тойбай, ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагер кітапханашылар, кітапхана қызметкерлері, белсенді оқырмандар мен жастар қатысты.

Жиын барысында Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева сөз сөйлеп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен кітапханалардың рухани-ағартушылық бағыттағы қызметінің маңызына назар аударды.

Іле аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Рақымжан Бақытжан Көкенұлы да кітап оқудың қоғам өміріндегі орнына тоқталды.

«Кітап оқу – адамның ой-өрісін кеңейтіп, білімін толықтыратын маңызды әдет. Әсіресе, балалар мен жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – ортақ міндетіміз. Ауылдық кітапханалар осы бағытта маңызды жұмыс атқарып келеді. Осындай бастамалар жалғасын тауып, әр отбасында кітап оқу дәстүрі қалыптасса, нұр үстіне нұр болар еді», – деді ол.

Жоба аясында Іле ауданына қарасты 11 ауылдық кітапханада атқарылған жұмыстар қорытындыланып, қатысушылар назарына бейнероликтер арқылы ұсынылды. Әр кітапхана өз тәжірибесін таныстырып, оқырмандарды кітап оқуға тарту, әдеби-танымдық іс-шаралар өткізу және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмыстарымен бөлісті.

Атап айтқанда, Ақши ауылдық кітапханасында «Ауылдық ортақ кітабы» атты кітап талқылауы ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары бір шығарманы бірге оқып, оның мазмұны мен идеясын талқылады. Байкент ауылдық кітапханасында отбасылық кітап оқу байқауы өтіп, отбасы тәрбиесіндегі рухани құндылықтардың маңызы насихатталды.

Қараой ауылдық кітапханасы «Кітап оқыған ауыл – өнерлі ауыл» атты әдеби кеш ұйымдастырса, Боралдай ауылдық кітапханасында кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған танымдық кездесулер мен байқаулар өткізілді. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарын ортақ мақсат төңірегіне біріктіріп, кітап оқу дәстүрін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға бағытталды.

Шара барысында жобаға белсене қатысып, кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан оқырмандар, оқушылар, отбасылар мен білім беру ұйымдары марапатталды. Бірқатар қатысушыға түрлі номинациялар бойынша дипломдар мен алғыс хаттар табысталды. Атап айтқанда, «Ең кітапқұмар ауыл», «Ең кітапқұмар отбасы», «Шығармашыл сынып», «Зияткер сынып», «Үздік оқырман» номинациялары бойынша белсенді қатысушылардың еңбегі бағаланды.

Жиынның қорытынды бөлімінде жазушы, журналист, қоғам қайраткері Аршагүл Тойбай мен рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарға үлес қосып жүрген Бақыткүл Сәрсенбиева сөз сөйлеп, кітаптың рухани тәрбие мен ұрпақ болашағын қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол – білім мен тәрбиенің, ізденіс пен рухани дамудың орталығы. Әсіресе, ауылдық кітапханалардың қоғамдық өмірдегі орны ерекше. Олар тұрғындардың білімін толықтыруға, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға және ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.

«Ауыл болып кітап оқимыз – зерделі ұлт болып қалыптасамыз» жобасының қорытындысы ауылдық кітапханалардың осы бағыттағы жұмысын саралап, кітап оқу мәдениетін дамытуға арналған бастамалардың маңызын көрсетті. Кітапқа деген қызығушылықты арттыру, отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыру және жас ұрпақты білімге баулу бағытындағы жұмыстардың жалғасын табуы – рухани дамудың маңызды алғышарты.

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button