Жаңа халық қалаулылары — тың лек
Қаңтар айының ортасында VIІ рет шақырылған Іле аудандық мәслихаттың I сессиясының алғашқы отырыс өтті.
Аудандық мәслихат сессиясының жұмысында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы өткізген праймеризі арқылы және бүкілхалықтық сайлауда таңдалған халық қалаулыларына төсбелгілері мен мандаттарын таратты. Аудандық мәслихат депутаттығына 24 кандидат халықтың таңдауы бойынша іріктелді. Оның ішінде, «Nur Otan» партиясынан – 18, Халық партиясынан – 2, «Ақ жол» партиясынан – 2, «Ауыл» партиясының атынан – 2 депутат сайланды.
Сессияны Іле аудандық сайлау комиссиясының төрайымы Г. Е. Чинаева ашты. Күн тәртібінде бюджет, әлеуметтік-экономикалық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік, құрылыс, байланыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жер қа-тынастары және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы бекітілді. Тұрғындарды әлеуметтік қорғау, еңбек, жұмыспен қамту, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тіл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы қаралды. Сондай-ақ, депутаттық этика, өкілеттілік, заңдылықты сақтау, құқық тәртібі және жұртшылықпен байланыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы анықталып, Іле аудандық мәслихатында «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы тіркелді.
Сессия барысында аудандық мәслихат хатшысы лауазымына қайта сайланған Абилова Роза Михаилқызына сөз сөйлеп, жаңа әріптестеріне таңдаған жолдарының жеңіл болмайтынын ескертті. Ол өз сөзінде: «Халықтың аманатын арқалағаннан кейін сіздердің әрбір атқарған жұмыстарыңыз өте маңызды болмақ. Шешімдеріңізді шығарарда жеті рет өлшеп, бір рет кесу керегін есте сақтаған жөн. Қазір халықтың көзі ашық. Жұмыстарыңызды әйнектің сыртынан көріп тұрғандай, барлығы көз алдарында өтіп жатады. Біз біріге отырып, алдағы іс-шараларда оң шешім қабылдаймыз деп сенемін. Биылғы жылы байқағандарыңыздай жалғыз «Nur Otan» партиясы емес, сонымен қатар, «Халық», «Ауыл», «Ақ жол» партияларынан да сайланған аудандық мәслихат депутаттары ортамызда отыр. Бұл біздің партияластарымыз үшін де жұмыс сапасын арттыруға қосымша мотивациялық күш беретіні сөзсіз» — деді.
Күн тәртібіндегі мәселелерді талқыға салған халық қалаулыларына арнап сөз сөйлеген аудан әкімі Б. Қарасаев: «Алдыңғы буын депутаттарымыздың жұмысына шынайы алғысымды айтамын. Олар өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Сіздер сол дәстүрлі игілікті істің жалғастырушыларысыздар. Сіздерге сабыр-лық, табандылық және сәттілік тілеймін. Біз бірлесе отырып аудан халқының мүддесі үшін аянбай еңбек етеміз деген сенімдемін» — дей келе, жаңа аудандық депутаттарын қызметтерімен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, жаңадан сайланған депутаттардың ең үлкені 57 жасты құраса, ең жасы 26 жаста. Енді олар аудан көлеміндегі барлық қоғамдық істерге белсене, білек сыбана араласып, халықтың әл-ауқатының нығайуына атсалыспақ.
Бағдат ЧОЙБАСОВ