Алматы облысының жаңалықтарыКазЦИК ауылдық округіҚоғамТұлға

ЕЛДАНА ҚОЛАҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Польшаның Кельц қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы әлем біріншілігінде Қазақстанның боксшылары табысты өнер көрсеткені белгілі. Дәп қазіргі кезде 10 бірдей өреніміз жеңіс тұғырына көтеріліп, солардың алтауы алдағы күндері бас жүлде үшін таласады. Айтулы жарыста Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені салған Алматы облысы, КазЦИК ауылының тумасы Елдана Тәліпова болды. Аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген қазақ қызы ширек финалдық сайыста Украинаның өкілі Виктория Левчукты екінші раунда есінен тандырып, жартылай финалға жолдама алды. Бұл межеде Елдананың жолы болмады. Аса шиеленісті өткен бәсекеде ол Молдова боксшысы Дария Козорезге есе жіберіп қола медальді қанағат тұтты. Десек те Тәліпованың өнері мамандар тарапынан жоғары бағаланды.

Елдана Тәліпованың алғашқы бапкері Дархан Қабыланбеков:

– Елдана өзі қатысқан жарыстардың барлығында жүлделі орындарды иеленіп, үнемі жеңіс тұғырына көтерілді. Міне, енді жастар арасындағы әлем біріншілігінде қола медальді мойнына тақты. Мен шәкіртіме дән ризамын. Алдағы уақытта Елдананың бағындырған белестері бұдан да биік болатынына өз басым еш шүбә келтірмеймін, –  деп ағынан жарылды.

Жауапты жарыста ол жанкүйерлердің сеніміне селкеу түсірмей, елге қола медальмен оралды. Елданының ендігі мақсаты – Қазақстанның әйелдер құрамасы сапына еніп, байрақты бәсекелерде табысты өнер көрсету. Айта кетейік, Дархан өзінің досы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Дархан Сәдуақасов және танымал кикбоксшы Нұрболат Ташпен бірге «Дарын» промоутерлік компаниясын құрып, отандық кәсіпқой боксты дамытуға барынша атсалысуда. Айтулы промоушеннің ұйымдастыруымен Жетісу өңірінде бірқатар дүбірлі додалар ұйымдастырылған.

 

Ақпарат «Егемен Қазақстан»

газетінен ықшамдалып алынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button