Аудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚазақстан Тәуелсіздігіне - 30 жылҚоғам

Қазақстан  әлемдік  аренада

Биыл кеңес өкіметінен еншімізді алып, тәуелсіз ел болғанымызға – 30 жыл. Аз уақыт емес. Екі мүшел артқа тастап, даму жолымен биікке өрледік. 30 жылда жеткен жетістігіміз аз болмады.

Экономикамыздың хәл-аухатын жақсарту, сыртқы саясатты нығайту мақсатында, осы жылдар ішінде көптеген әлемдік ұйымдарға мүше болып, төрағалық еттік. Солардың негізгілеріне  тоқтала кетсек.

1992 жылдың 2 наурызында еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. Құрамына 192 мемлекет кіретін БҰҰ – әлемдегі ең ірі әрі қуатты халықаралық ұйым. Негізгі бағыты – әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, халықаралық ынтымақтастық, халықтар арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту, адам құқығын қорғау болып табылады. 1945 жылы 26 маусымда Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойып, ұйым өз жұмысын бастады.

Ұйымға мүшелік барысында еліміз Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) шақырту; Орталық Азия экономикасы үшін БҰҰ-ның Арнайы Бағдарламасын құру (СПЕКА); Арал және Семей сынды экологиялық апатты аймақтарды қалпына келтіру; 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күні ретінде жариялау, т.б. сынды көптеген сәтті жүзеге асырылған бастамалар ұсынды.

Қазіргі таңда Қазақстан БҰҰ-ның 18 ұйымына мүше болып табылады: ЮНЕСКО (БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы), ЮНИСЕФ (БҰҰ Балалар Қоры), ДДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы), ДБ( Дүниежізілік Банк), ХВҚ (Халықаралық валюта қоры) т.б.

Осы жылы Қазақстан тағы бір үлкен ұйымға мүше болды. Ол – Солтүстік Америка, Еуропа, Орталық Азияның 56 мемлекетін біріктіретін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ). Ұйым – саяси диалог орнату алаңы. Басты мақсаты – жетілдірілген басқару мен демократиялық үрдіс негізіндегі аймақтық тыныштық пен қауіпсіздік. Ұйымға мүше елдердің ел басқарудағы мол тәжірибесін жаңадан қосылған елдерге тарату жоспарланған.

2010 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш болып ЕҚЫҰ  төрағалық лауазымын иеленді. Осы жылдың желтоқсан айында қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында ЕҚЫҰ мүше елдер саммиті өткізілді. Бұл – аз ғана уақыт ішінде жеткен Қазақстанның үлкен жетістігі деп айтсақ болады. Себебі, саммит – ЕҚЫҰ-ның негізгі органдарының бірі болып табылады, және ұйым құрылған 1975 жылдан бері әлемнің 10 қаласында ғана өткізілген. Оның бірі – Нұр-Сұлтан.

Бұлардан бөлек еліміз кеңес үкіметі ыдыраған соң құрылған – ТМД, шекаралас елдермен бірге, Қазақстанның бірден-бір қатысуымен құрылған – ШЫҰ, Азиядағы өзара іс-әрекет және сенім шаралары жөніндегі кеңесіне (АӨСШК), Кеден одағына, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа, НАТО, Еуразиялық экономикалық одаққа, т.б. көптеген ұйымдардың белсенді мүшесі.

30 жылда көпшілікке беймәлім елден, әлемдік аренада өзінің ерекше орны бар, дүниежүзі танитын – Қазақстанға айналдық. Осы дәрежеге жету үшін көп жұмыс атқарылды. Дегенмен, алар биігіміздің, атқарылар жұмыстың көбі алда деп білеміз. Өткенде қарап шүкірлік етіп, атар күннен көп үміт күтеміз. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

#Qazaqstan30

Б.Талғатұлы,

аудандық маслихат депутаты

Басқа жаңалықтар

Back to top button