Аудан жаңалықтарыҚоғамТұлға

СЕНІМІНЕН ШЫҒУ АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТ

Депутат мінбері

СЕНІМІНЕН ШЫҒУ АБЫРОЙЛЫ МІНДЕТАудандық орталық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Бауыржан Ербозымұлы Ысқақпен кездесіп, сұхбаттасу бізге оңайға түскен жоқ.

Өйткені, Бауыржан Ербозымұлының бос уақыты санаулы ғана екен. Шынында да үлкен бір ауданның денсаулық саласының жұмысына жауап беру, оның үстіне жаһанды жаулап алған пандемиямен күресу жұмыстарын үйлес-тіру оңай шаруа емес. Оған депутаттық міндетін, «Nur Otan» фракциясындағы қоғамдық жұмыстарын қосыңыз. Біз барғанда құстың ұясындай шағын ғана кабинетінде әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтап жатыр екен. Онда да барлығын шағын бөлмеге сыйдыра алмағандықтан он шақты адамды кезекпен қабылдап, жылы лебізін айтып, тиісті марапаттарын тапсыруда. Не істейсің? Бұрынғыдай Мәдениет үйінің кең залына ақ желеңділерді жинап, салтанатты жиын өткізетін заман ұмытыла бастады. Атың өшкір жұқпалы індет көп іске тұсау салып тастаған жоқ па? Ұрымтал сәтті пайдаланып арасында жарты сағат уақытын ұрлауға тура келді. Басқа амал жоқ, бізде де арнайы тапсырма бар.

– Бауыржан Ербозымұлы үлкен бір орталық аурухана бас дәрігерінің отыратын орнын шағын ғана бөлмеде елестету қиын екен.

– Мәселе, бөлменің үлкендігінде немесе тарлығында тұрған жоқ. Мынандай пандемия жағдайында қайткенде де адамдардың денсаулығын сақтау басты міндет. Аурухананың емхана бөлімін толығымен провизорлы бөлімше жасадық. Індет жұқтарған адамдар саны көбеймесе азаймай отыр. Біз үшін қазіргі маңызды мәселе – қалайда жұқпалы ауру белгілері бар адамдарды дер кезінде емдеп, ажалға қарсы тұру.

– Денсаулық сақтау саласында жиырма жылдан артық тәжірибесі бар Сіздей білікті де білімді маманның аудандық орталық ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалғанына бір жылға жуық уақыт болды. Аз ғана мерізімде біраз шаруаның басын қайырыпсыз.

– Иә. Мен, осындағы лауазымды жұмысыма кіріскен уақытта біріншіден ПЦР лабораториясын ашуды жолға қойдым. Бүгінде тәулігіне 500 адамды тестілеуден өткізетін лаборатория жұмыс істеп тұр. Оттегі станциясын аштық. Өткен жылдың тамыз айынан бастап биылғы қаңтар айына дейін ескірген жедел жәрдем көліктерін жаңасына ауыстырдық. Қазір 23 жаңа жедел жәрдем көлігі бар. Сонымен бірге жұқпалы инфекцияға арналған 435 төсекке арналған аурухана ашылды. Қазір 100 төсектік орын резервте тұр. Бүгінде дәрі-дәрмектің және жеке гигиеналық қорғаныс құралдарының екі айлық қоры бар. Аудан тұрғындарын вакциналау жұмысы өзінің ретімен жүріп жатыр. Бүгінгі таңда он мыңға жуық адамға екпе жасалынды.

– Аудандық мәслихаттың депутаты болғаныңыз негізгі лауазымдық жұмысыңызға кедергісін келтірмей ме? Дегенмен, халық аманатын орындау да басты міндеттердің бірі ғой.

– «Nur Otan» партиясы, аудан халқы сенім артқан соң, аманатқа адалдық танытқан жөн. Жұмысыңды жақсы білсең, тұрғындармен ынтымақты қарым-қатынас орната алсаң бәріне уақыт табуға болады. Менің ойымша әрбір депутат үшін сайлаушылар аманаты ең басты орында тұруы керек. Саған үлкен сенім артып мәслихат депутаттығына сайлаған соң олардың құқығын қорғап, мақсат-мүддесін қол жеткізуіне ықпал жасау біздің біздің абыройлы міндетіміз. Аудан тұрғындары толғандырып жүрген ірілі-ұсақты мәселелердің барлығын алдымен өздері сайлаған депутатқа айтады. Өйткені, депутат – халық сенімін иемденген тұлға, аманат жүгін арқалаған азамат. Сондықтан жұмысым қаншама қауырт болса да сайлаушылар үшін уақыт табамын. Мен, аудандық мәслихатта әлеуметтік қорғау, еңбек, жұмыспен қамту, білім, денсаулықты сақтау, мәдениет, спорт және тіл мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияны басқарамын. Үстіміздегі жылдың мамыр айында «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұлт денсаулығы және білім беруді дамыту жөніндегі мәселелер бойынша аудандық қоғамдық кеңес құрылған болатын. Мәслихат депутаттары мені осы кеңестің төрағалығына бірауыздан ұсынды. Осындай қоғамдық жұмыстардың өзі мені барынша ширықтыра түседі. Тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдауға уақыт табамын. Энергетический ауылдық округіндегі «Адалдық» алаңында сайлаушыларды айына бір рет қабылдаймын. Іле ауданының тұрғындарымен екі рет «Депутаттық сауал қой» атты тікелей эфир арқылы кездесу өткіздім. «Nur Otan» партиясының аудандық филиалындағы қоғамдық қабылдау бөлмесінде тұрғындарды қабылдаймын. Мәселен, ақпан айында менің қабылдауымда екі адам болды. Маған өтініш айтқан екі адамның мәселесі денсаулыққа байланысты екен. Біріншісі ауруханаға баласын жатқыза алмай жүрсе, екіншісі күндізгі стационарда ем қабылдауды өтінді. Бірінші азаматшаға №2 қалалық балалар ауруханасына портал ашқызуға көмектессем, екіншісіне үйге стационар рәсімделіп, Жәпек батыр ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісінің бақылауына берілді. Наурыз айында да жеке мәселелері бойынша үш адамды қабылдадым. Қабылдауда болған А. Қаңлыбекова дәрігердің бақылауына алынып, порталға қойылды. Б.Молдахановаға диагнозы бойынша зейнеткерлік жасқа жетпей зейнетақы тағайындауға болмайтындығы жөнінде түсініктеме берілді. Қ. Темірхановаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ болғандықтан тек қана шұғыл медициналық алғашқы көмек көрсетілетіндігі туралы анықтап айтылды. Жалпы менің қабылдауыма келетін адамдардың барлығы дерлік өздерінің денсаулықтары бойынша өтініш жасайды. Келген адамдарға мүмкін болса тиісті көмек көрсетіліп, мәселесі шешілмей жатса заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Айтулы мерекелер күні тұрмысы төмен отбасыларына, жалғызбасты қарттар мен көпбалалы аналарға көмек қолын созып, қайырымдылық шараларына қатыстым. 8 наурыз қыз-келіншектер мерекесіне орай көп ауылдық округтегі және өзімнің ұжымымдағы көпбалалы аналарды құттықтап, оларға сый-сияпат ұйымдастырдым. Орталық ауруханада да жиын өткізіп, әлемдік пандемия жағдайында күн-түн демей еңбек еткен дәрігерлерге, мейірбикелерге, санитарлық жұмысшыларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Наурыз және Ұлы Жеңістің 76 жылдығы мерекелері кезінде Өтеген батыр ауылында тұратын соғыс және еңбек ардагерлердің үйлерін аралап, оларға азық-түлік жағынан көмек көрсеттім. Аудан ардагерлерімен квассинг өткізу бойынша аудандық мәслихат хатшысы Роза Михайловна Абиловамен бірге Энергетик ауылдық округінің белсенді ардагерлерімен кездестім. Кездесу барысында «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламаның орындалуы және округ бойынша өзекті мәселелердің шешілу жолдары талқыланды.

Мен үшін «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы алдымызда тұр ған бірінші кезекті жалпыұлттық міндет. Оны жүзеге асыру халық сенімін арқалаған әрбір азаматтың абыройлы міндеті болмақ. Ендеше өзімнің барлық мүмкіндігімді, қажыр-қайратымды осы аса маңызды шараны жүзеге асыруға арнамақпын.

– Уақыт тауып, бізге сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген

Роза АЙДАРБЕКОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button