ТЫНЫШТЫҚТЫҢ САҚШЫЛАРЫ
Аудандық Ішкі істер бөлімінде 23 маусым ҚР полициясы күні мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға аудан әкімі Б. Қарасаев, Ішкі істер бөлімінің жеке құрамы және ауылдық учаскелік полицейлері қатысты.
Аудан басшысы тәртіп сақшыларын мерекелерімен құттықтап, құттықтау сөзінде «Полиция қызметкерлері – қылмыспен күресте, ауданның барлық қоғамдық іс-шараларында алдыңғы шепте тұратын адамдар. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесінде халық саны көп ауданымызда тұрақтылық пен тыныштық орнады. Соңғы жылдары ауданымызда жасалған қылмыстар саны азайды. Ол, әрине, сіздердің зор үлестеріңіз. Кешегі пандемия кезінде бекеттерді полиция қызметкерлері күзетті. Сіздерге мол табыс, отбасыларыңызға береке, мықты денсаулық тілеймін!» — деп ағынан жарылды. Сонымен қатар аудандық Ішкі істер бөлімінің жеке құрамының материалдық-техникалық базасын нығайту жолында көптеген жұмыстар атқарылатынын айтты.
Салтанатты жағдайда қылмыспен күресте және жедел қызметте жоғары көрсеткішке қол жеткізген полиция қызметкерлерін мадақтама қағазбен марапаттады.
Б.ТОҚАНҰЛЫ