ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ ЕЛ ІШІНДЕ
Депутат МІНБЕРІ
Қасиетті жұманың қайырлы күнінде ауданымызға Алматы облысының мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев бастаған бір топ халық қалаулылары ат басын бұрды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаттары Жанарбек Әшімжан, Жанна Телпекбаева, Мақпал Мыса бар.
Депутаттар «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан әкімі Бағдат Қарасаевтың қатысуымен қоғамдық қабылдау өткізді.
Онда Боралдай ауылындағы ескірген көпқабатты үйлердің кәріз құбырлары туралы сұрақтар мен өтініштер қаралды. Сонымен қатар, Өтеген батыр ауылы мен Байсерке ауылын жалғайтын тас жолына көпір салу мәселесі де талқыланды. Мәжіліс депутаттары жоғарғы жаққа депутаттық сауал жолдайтынын, осы істің күн тәртібінен түспейтінін жеткізді. Өйткені, күннен күнге көлемі ұлғайып келе жатқан қос ауылдың тұрғындары жолды кесіп өтетін пойыз жолдың әсерінен сағаттап кептелісте тұрады. Бұл мәселе аудан тұрғындары мен жергілікті билікті мезі еткелі біраз уақыт өтті. Енді, міне, тағы да бір үміт оты пайда болды. Қос тарап жоғары жақтан бір шешім күтетін болады. Қоғамдық қабылдауда ауылішілік жолдардың сапасы төмен екенін де тілге тиек етіп, әсіресе, Қоянқұс ауылындағы Тәуелсіздік көшесі тезірек жөнделсе деген ел тілегі айтылды. Жақын арада Тәуелсіздік көшесіне жаңа асфальт салынатын болып шешілді. Міне, халық қалаулылары дәл осындай бірнеше мәселелерге білек сыбана кірісіп, оң шешім табуына атсалысатын болды.
Ресми қабылдаудан соң халық қалаулылары ауданымызда жаңадан ашылған «Tamos» оқу-білім беру орталығында болып, мектептің жаңа методикасымен етене танысты. «Tamos» мектебінде ағылшын, корей тілдерін тереңдетіп оқытады. Сондай-ақ, математикалық, гуманитарлық ғылымдар, робототехника, мәдениет және спорт саласы бойынша да жас шәкірттер білім алуда. Қазіргі таңда орталықта 27 ұстаз қызмет етеді. Жаңа оқыту орталығы Өтеген батыр ауылының дәл ортасында орналасқандықтан, ауыл тұрғындары үшін өте тиімді болып отыр.
Қонақтар одан кейін Байсерке ауылдық округі, Ынтымақ ауылында орналасқан медициналық бұйымдар өндіретін «Dolce» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне келді. Отандық «Dolce» компаниясы – медициналық көмектің жоғары технологиялық түрлерін көрсету кезінде пайдаланылатын бір реттік стерильді медициналық жиынтықтарды әзірлеу, жетілдіру, өндіру және өткізу бойынша Қазақстанда көшбасшы мекемелердің бірі. Қазір компанияда маркетингтік қызметтің арқасында өндірістік желілерді модернизациялау бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. 2021 жылғы 6 айдағы өндіріс көлемі 5,5 мың дана медициналық жиынтықтан түскен өнім 2,7 миллион теңгеге өсіп отыр. Мұнда 380 адам тұрақты жұмыс істейді.
Мәжіліс депутаттары Междуреченск ауылдық округіндегі әлемде теңдесі жоқ «Sokol» автодром кешеніне келді. Кешен 205 гектар аумақты алып жатыр. Мұнда қонақ үй, тамақтану орындары, мини гольф, пейнтбол, сонымен қатар автотехника мұражайы орналасқан. Кешен аумағында белсенді демалыс үшін кемпинг аймағы да бар. «Sokol» автодромы 22,2 млрд. теңге көлемінде инвестиция құйылған жарыс жолдары мен ойын-сауық кешенін біріктіретін ауқымды жоба. 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтиды.
Алматы облысының тоғыз ауданының тыныс-тіршілігімен танысып, олардың алуан түрлі мәселесін көзбен көріп, елдің өтінішін тыңдаған Қазақстан Мәжілісінің депутаттары ел аманатын Парламент деңгейінде көтеріп, ауылдағы шиеленіскен мәселелердің түйінін шешеді деген үміттеміз.
Бағдат ЧОЙБАСОВ