БІРІНШІ БАЙЛЫҚ — ДЕНСАУЛЫҚ
Құрметті аудан спортшылары! Қадірлі спорт саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Спорт күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – денсаулық пен сергектіктің, күш-жігер мен шыдамдылықтың мерекесі. «Тәні саудың – жаны сау» деп тегін айтылмаса керек. Салауатты өмір салты, дене шынықтыру мен спортты дамыту Қазақстан Республикасы дамуының «Қазақстан – 2050» стратегиялық жоспарындағы маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Елбасының дәстүрлі Жолдауларының бірінде елімізде бұқаралық спортпен айналысатындардың қатарын 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған.
Сондықтан елімізде, біздің ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілуде. Мектептер мен спорт үйірмелерінде дене жаттығуларымен шұғылданушылар саны көбейіп келеді. Қазіргі таңда ауданда спортпен айналысушылар саны 67807 адамға жетті. Бұл жалпы халық санының 30,5% құрайды.
Ешкімге де оңай соқпаған нарықтың алғашқы жылдарында спорт саласы біраз тоқырауды бастан кешірген еді. Спорт мектептері қараусыз қалып, жаттықтырушылар жалақы іздеп басқа салаларға кетуге мәжбүр болған. Бірақ, бұл қиын кезең ұзаққа созылған жоқ. Жағдай бірте-бірте түзеліп, экономикалық қиындықтар еңсеріліп, ауданда дене шынықтыру мен спорт деңгейі жақсаруда. Оның материалдық-техникалық базасы нығайтылып, бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Спортшылардың шеберлігі мен кәсіби деңгейін жоғарылату мақсатында аудан спортшылары облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға үнемі қатысуда. Сондықтан да бұқаралық спорт әрбір адамның өміріне етене серік болады деп және Сіздер келешекте де аудан намысын биікке көтереді деп сенемін.
Құрметті спортшылар мен спорт мамандары!
Сіздерді тағы да кәсіби мереке-леріңізбен құттықтай отырып, мықты денсаулық, отбасылық бақыт және жаңа спорт белестерін бағындырудағы жетістіктеріңіздің арта беруіне, тың табыстарға жете берулеріңізге тілектестік білдіремін!
Мерекелеріңізбен, құрметті спортшылар!
Б. ҚАРАСАЕВ, аудан әкімі,
«Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы