Алматы облысында жалғызағаштықтар 100 пайыз екпе алды
Жалғызағаш ауылдық округінің тұрғындары толықтай коронавирусқа қарсы екпе алды, деп хабарлайды Ескелді ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалғызағаш ауылдық округінде 1280 адам тұрады. Олардың 250-і денсаулық жағдайына байланысты екпе салдырудан босатылған. Ал, 18 жастан асқан 554 ауыл тұрғыны, COVID-19-ға қарсы толықтай вакцина алып, қатерлі дертті тоқтатуға өз үлестерін қосуда.
«Вакцинация — бұл қалыпты өмірге оралудың жалғыз жолы. Біз оның барлығын түсінеміз, сондықтан коронавирусқа қарсы екпе алуды жөн көрдік. Күн сайын инфекция жұқтырғандар саны артуда, бұл әрине алаңдатады. Екпе алу керек, бұл өзгелердің, жақындарымыздың, отандастарымыздың алдындағы үлкен жауапкершік деп білеміз», – дейді Жалғызағаш ауылының тұрғындары.
Ауыл мұғалімдері де екпені толықтай алды. Олар оқу жылының басталуына нық дайын. Жалғызағаш орта мектебінде қыркүйек айынан бастап 294 оқушы білім нәрін алады. Жалпы айтқанда, оқу орны қазіргі таңда жеткілікті көлемде жеке қорғау құралдарымен қамтамасыз етілген. 1 қыркүйектен бастап кабинеттерді дезинфекциялау тұрақты жүргізілсе, сабақтарда балалар әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бетперде киіп отырады.
«Біздің мектепте 39 мұғалім жұмыс істейді. Олардың бірі – сәбиін емізетін ана, басқалары болса, вакцинаны 100 пайыз алды. Жаңа оқу жылында 264 оқушы партаға отырады, тағы 11 бала нөлдік сыныпқа барады», – деп хабарлады ауыл мектебінің директоры Айдын Мейірбеков.
Ескелді ауданы бойынша 23600 адам вакцинациялауға жарамды, оның 13000 мыңға жуығы коронавирустық инфекцияға қарсы екпені толықтай алды. Бүгінгі күнге, тұрғындардың 53 пайызы вакцинацияланған.
«2021 жылғы 23 тамыздағы жағдай бойынша ауданда КВИ-дің 1123 жағдайы тіркелген. Оның ішінде симптомдары бар-666, симптомдары жоқ-457. Бүгінгі күні инфекциялық бөлімшеде 4 науқас жатыр, облыстық ауруханада тағы 4 науқас, аудандық аурухананың провизорлық бөлімшесінде 98 адам жатыр, 172 азамат амбулаториялық ем алуда, 82 науқас үй карантинінде емделуде. Жалпы пандемия басталғалы Ескелді ауданында 756 науқас COVID-19 – дан толық сауығып кетті», — деді Ескелді ауданы әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Азат Жұмаханов.
Халықты вакциналау үшін Қарабұлақ, Алдабергенов, Ақын Сара және Бақтыбай ауылдарында 4 екпе кабинеті жұмыс істеуде. Қосымша бір жылжымалы медициналық кешен қызмет етеді. Қажет болған жағдайда, ауданның басқа ауылдарындада қосымша 6 егу кабинетін ашуға мүмкіндік бар.