Айдар АБДРАХМАНОВ: «ЖАСТАРЫ МЫҚТЫ ЕЛДІҢ – КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ»
Депутат мінбері
Халық – өзі өмір сүретін мемлекеттің басты тірегі. Ал, жастар – елдің қозғаушы күші. Еліміздің дамуы, жалпы бүгіні мен ертеңі жастардың әлеуетіне байланысты. Бұл туралы Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады. Тəуелсіз еліміз іргесінің берік болуы білімді мамандардың, отаншыл, ұлтжанды, рухани дүниесі кең азаматтардың қолында» – деп, жастарға зор сенім артқан еді. Осы орайда, аудандық мәслихат депутаты, Іле аудандық Жастар қоғамдық кеңесінің төрағасы Абдрахманов Айдар Рақымжанұлымен өзінің депутаттық қызметі және өңіріміздегі жастар ісі жайлы әңгімелескен едік.
– Айдар Рақымжанұлы, әңгіменің әл-қиссасын өзіңіз туралы оқырмандарға қысқаша мәлімет беруден бастасақ…
— Мен 1986 жылы 23 ақпанда Алматы облысы, Кеген ауданы, Ақтасты ауылында дүниеге келдім. 1992 жылы Кеген ауданы, Ақтасты орта мектебіне барып, 2003 жылы мектепті бітірдім. 2004-2009 жылдары М. Тынышпаев атындағы «Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында» білім алдым. Кейін білімімді толықтыру мақсатында Т. Жүргенов атындағы «Қазақ Ұлттық Өнер академиясына» оқуға түсіп, 2011 жылы ғылым магистрі атандым. 2010-2015 жылдар аралығында Қапшағай қаласының Мәдениет үйінде қызметкер болып, «Тілдерді дамыту және мәдениет бөлімі» ММ-нің маманы болып қызмет еттім. Одан кейінгі жылдарда Алматы қаласындағы «Оқушылар сарайында», Іле аудандық Мәдениет үйінде қызмет еттім. 2017 жылы қызметім өсіп, Алматы қаласының «Оқушылар сарайына» қарасты «Өрнек» лагері директорының орынбасары лауазымына тағайындалдым. Біршама жыл мәдениет саласында қызмет еткен соң, еліміздегі жастар ісінің дамуына өз үлесімді қосайын деп, 2019-2021 жылдар аралығында Алматы облысы, Іле аудандық «Жастар ресурстық орталығының» жетекшісі болып еңбек еттім. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап «Nur Otan» партиясы атынан Алматы облысы, Іле аудандық мәслихаттың депутаты болып сайландым. Қазіргі таңда депутаттық жолда ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан жайымыз бар.
– Сіз депутаттық қызметіңізде де жастар ісіне аса мән беріп, өңіріміздегі жастар қоғамдық кеңесіне төрағалық етесіз. Жастар ұйымы немен айналысады?
– Жастар орталығының жұмысы 14-29 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамту, өз кəсібін ашуға көмек беріп, «Серпін», «Дипломмен ауылға» оқу бағдарламаларын, «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» жұмыс бағдарламаларын жастарға жеткізу жəне оны іске асыруды қамтиды. Ресурстық орталықтардың негізгі мақсатына жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызмет көрсету жатады. Осы мақсатқа жету үшін біз жастардың бастамаларына ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау жасап, жастар арасындағы ахуалға мониторинг жүргіземіз. Сондай-ақ, жастардың жұмысқа орналасуына ықпал етіп, кәсіптік бағдар беру, волонтерлік қозғалысты және кәсіпкерлікті белсенділендіру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
– Жастарды дамыту үшін қандай жұмыстар атқарылады?
– Біз жастардың жан-жақты дамуы үшін жастар және жастар ұйымдары үшін әдістемелік материалдар жинағын, білім беру және басқарушылық технологияларын, семинарлар және вебинарлар материалдарын, анықтамалық ақпараттарды шығарамыз. Тек қана қағазбастылықпен айналыспай, жастардың рухани өсуін қамтамасыз ету барысында спорттық-мәдени шараларды ұйымдастырып, ол шараларға жастардың белсене қатысуын қамтамасыз етіп, діни экстремизм мен терроризмге және жемқорлыққа қарсы акциялар ұйымдастырып, жастарды рухани тәрбиелеуге барынша күш салудамыз. Себебі, рухани кемелденген, білімді әрі білікті жастар – ел тірегі. Еліміз мықты болсын десек, жастардың тәрбиесіне аса мән беруіміз керек.
– Жастарды жұмыспен қамту барысында қандай шаралар қолға алынуда?
– Жастар қай кезде де, қай қоғамда да белсенді буын өкілдері. Еліміздегі жас буын өкілдері мемлекетіміздің жаңа келбетін қалыптастырады. Олардың жаңа белестерге деген ұмтылысы жаңа идеялардың туындауына себепші болады емес пе? Ауданымыздағы жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алу барысында, оларды жұмыспен қамту мақсатында жыл басынан көптеген шара атқарылып жүр десем, артық айтқандық болмас. Мәселен, «Жасыл Ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жазғы кезеңде кем дегенде 400 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, волонтерлік қозғалысының бағыттарының дамуына ықпал етіп, жоғалған адамдарды іздеу, қайырымдылық көмек көрсету, егде жастағы мүгедектігі бар қарттарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша біршама жұмыстар атқарылды.
— Қайырымдылық – ізгі жүректен шығатыны белгілі. Жоғарыда бір сөзіңізде қайырымдылық шараларына да атсалысатыныңызды атап өттіңіз. Соны нақтылай түссек…
– «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аясында ауданымыздағы ардагер қариялар мен мүгедектігі бар, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беріп, 30 адамға «Азық түлік себеті» таратылды. Сондай-ақ, «Жылылық сыйла» акциясы арқылы көмекті қажет ететін отбасыларға, «Бақытты ана» акциясын ұйымдастырып, көпбалалы және жалғызбасты аналарға әлеуметтік көмек және қолдау көрсетудеміз. Оқу жылы басталар сәтте мектепке келуге мүмкіндігі жоқ оқушыларға жәрдем беріп, «Үйге жол» акциясы аясында із-түссіз жоғалғандарды іздестіруге атсалысып жүрміз. Мұндай шаралар тек акция аясында ғана қолға алынып қоймай, мүмкіндігінше әр кезеңде көмек қолын созуға дайынбыз. Осы аталған іс-шаралар жастар арасындағы жұмыссыздықты 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қайырымдылық – елімізге тән игі салттың бірі. Аз қамтылған отбасылар мен әлеуметтік көмекті қажет ететін топтарға арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, қолдан келгенше көмек көрсетуге тырыстық. Жоспарымызда әлі де болса атқарылар көптеген шаралар бар.
Жуырда Іле ауданының зейнеткер-ардагері В. Велисов өзіне әлеуметтік қолдау қажеттігі жайлы айтып, өтініш жолдаған еді. Зейнеткердің өтінішін мұқият тыңдап, «Nur Otan» партиясының халықтың басындағы және қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жедел әрекет ету керектігі туралы айтқан Жолдауын жеткізіп, Ардагерлерді еске алу және қарттарға көмек көрсету үшін «Аға буынға қамқорлықпен қарау» жобасының аясында қолдау көрсетіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
— Сіз жоғарыда жастар тәрбиесі жайлы сөз қозғағанда, жемқорлыққа қарсы шаралар өткізілгені туралы айттыңыз. Қоғамдағы жемқорлық фактісін жою үшін не істелініп жатыр?
– Жемқорлық қоғам ерті екені бәрімізге белгілі. Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Nur Otan» партиясы 2015-2025 жылдарға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасын әзірледі. Бұл Бағдарламаға бастауыш партия ұйымдары, өңірлік филиалдар, ҚР Парламенті депутаттары, сарапшылар, қоғамдық ұйымдардан 800-ден аса ұсыныс түскен болатын. Бағдарлама жобасы мемлекеттік органдармен келісіліп, партияның Мәжілістегі фракциясы, партияның барлық өңірлердегі кеңестерінде бірауыздан қолдау тауып, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қабылданды. Осы бағдарлама аясында сыбайлас жемқорлыққа үлкен соққы жасалуы күтілетін 5 басты нысананы қамтиды. Атап айтқанда, Жоғары оқу орындарында, бизнесте, Мемлекеттік қызметте, Құқық қорғау орындары және Мемлекеттік сатып алу ісінде жемқорлық фактісін жою үшін көптеген шаралар қолға алынды. Осындай игі істің бірі – «Жетісу – адалдық алаңы» жобасы. Осы жоба аясында тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа төзбес иммунитет қалыптастыру мақсатында әлеуметтік видео түсіріліп, ауданның барлық әлеуметтік парақшаларында жарияланды. Сондай-ақ, «Жемқорлықтың жолы ауыр», «Жат қылмыстық жамандыққа жетелейді», «Біз жарқын болашақ үшін» тақырыптары аясында тікелей эфирде жемқорлықтың салдары қоғамға зиян келтіретіні жайлы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап алды.
– Алдағы уақыттағы жоспарыңызбен бөліссеңіз…
– Қоғамымыздың тұрақтылығын сақтау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, ұлттық келісімді насихаттау – бүкіл Қазақстандағы, соның ішінде, ауданымыздағы Жастардың міндеті. Еліміздегі əрбір жас басты байлығымыздың Тəуелсіздігіміз бен ұлттық құндылықтарымыз екенін əрдайым естен шығармауы тиіс. Соларға кеңес беріп, жастарды ел игілігі үшін қызмет етуге баулып, жастар арасындағы жұмыссыздықтың алдын алып, оларды жұмыспен қамтуға атсалысып, кәсіптік бағдар беру, волонтерлық қозғалысты және кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жасау – алдағы күннің еншісінде.
– Айдар Рақымжанұлы, ауданымызда атқарылып жатқан көптеген істің басы—қасында жүріп, жастарды келелі іске жетелеп жүрген жандардың бірісіз. Қызметтеріңізге табыс тілейміз.
– Рахмет, айтқаныңыз келсін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен: А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ