Алматы облысының жаңалықтарыҚоғамМерекелер

«ІЛЕТАНУ» сабағы қайта оралса екен

КазЦИК ауылдық округіндегі қоғамдық жұмысқа белсене қатысып, жақсысын асырып, жаманын жасырып жүрген бір топ ардагер ұстаздар бар. Соның бірі 42 жыл ғұмырын ұстаздыққа арнап, соның 30 жылында мектеп басшысы қызметін атқарған Іле ауданы ардагер ұстаздар ұйымының төрағасы, ҚР Білім үздігі Жұмахан Тасыбаев ағамызбен онлайн форматта әңгіме-дүкен құрып, жөн сұрасқан едік. Қарт ұстаз кейбір қыртысы шыққан қырлы әңгіменің қырын жатқызып, шегендеп берді. Осы сұхбаттың үзік сырын сіздермен бөліспекшіміз.

– Ассалаумуағалейкум, Жұмахан аға! Қалыңыз қалай? Ауыл-аймақ аман ба? Келе жатқан қос мерекеңіз құтты болсын! Біз білетін  ісі ширақ аса белсенді Жұмахан ағамызды бүгінгі күні не мәселе алаңдатады?

– Мына пандемиядан кейін біздің хал-ахуалымызды сұрап жатқан сіздерге мың рахмет. Қамшының сабындай қысқа өмірді еліміздің ағарту саласына арнағанымызды жақсы білесіздер. Қазір өзі аумалы-төкпелі заман болды ғой. Күні кеше жаңа оқу жылында немерелер қолына қазақ әліппесін алып бір қуандырды. Қазақтың қарадомалақ баласының алғашқы кітабы смартфон емес, әліппе болуы шарт. Осы игілікті істің иінін келтірген жоғарғы жақтағы азаматтарға  мың алғыс. Ел болашағы –өскелең ұрпақтың қолында. Ана тілін әліппеден еміп өспесе, одан көрер пайдамыз аз болады. Соны жырлап жүріп, жабылып үкіметке түзеткен де осы халқымыз. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген осы. Одан кейінгі қашықтықтан емес дәстүрлі түрде оқытыла бастағаны да қуантты. «Баланы парта түзейді» деген сөз бар. Ұстазбен етене дайындалған баланың ізденісі де анық, ашық және талпынысы бөлек болады.

– Қазіргі қоғамда ұстаз болу үшін қандай қасиеттер болуы керек?

– Ұстаз көштен қалмаса – ұрпақ озады. Заманауи, көштен қалмаса болды. Сонымен қатар, қарға тамырлы қазақтың асыл қазынасы ата-салт дәстүріне мықты болуы керек. Үлкенге құрмет пен кішіге ізетті оқытса деймін. Біздің ауданда «Ілетану» атты методикалық оқыту жобасы жұмыс істеп тұрған еді. Қазір оны алып тастапты. Міне, осы жоба бойынша жұмыс жасау керек. Жоба мақсатына сәйкес балаға өскен жерінің жер атаулары, жергілікті белгілі азаматтардың өмір жолы дәріптелетін еді. Өте жақсы жоба болатын. Міне осындай сабақтарды өткізіп тұрған жөн болар.

– Аға қоғамдық жұмыстарыңыз жандана бастады ма?

– Иә, біздің жергілікті билікке қоятын басты талабымыз мына Комсомол ауылы мен КазЦИК ауылының атауын қазақшаландыру болып отыр. Енді бұл «Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды» дегендей, әбден жауыр болған әңгіме ғой. Хаттама жоғарғы жаққа жолданған, ал қорытындысы әлі нәтиже берген жоқ.  Өзіміздің жергілікті әкімшіліктің де құлақ етін қажап жүрміз. Олардың талап арыздары бойынша сол жақтан әлі нақты шешім қабылданған жоқ. Әйтпесе, ауыл әкімшілігінің жұмысы жақсы. КазЦИК пен Комсомол ауылы арасындағы жолымыз асфальтталып жөнделді. Ауылішілік  жолдар да жақсы. Ешқандай мін таға алмаймыз.

– Аяулы ұстаздар мен қазыналы қарттар күніне орай айтар ақ тілегіңізді тыңдасақ…

– Өз баласынан өзгенің баласын артық қоятын осы мұғалім ғана шығар! Ардақты ұстаздарды төл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаздарымыз жігерлі, салмақты, сабырлы, ізденімпаз болсын! Ал, қазыналы қарттарыма бақуатты өмір мен тыныштық жазсын! Жазулы хаттай болған ақсақалдарымызға, апаларымызға отбасыларына береке бірлік пен ортаймас бақыт тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button