Діни экстремизм және терроризм
Қазіргі таңда әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – діни экстремизм мен терроризм қаупі екендігі көпшілікке аян. Ғаламдық бұл қауіп-қатер қоғамға саяси, экономикалық, моралдық шығындар әкеліп, үрей тудыруда. Әсілі, терроризм қаупі XX ғасырдың 60-жылдарынан бастапкүшейе түсті. Әлемнің көптеген аймақтарында экстремистік топтар мен ұйымдар қанқұйлы терактілер жасау арқылы өз мақсаттарына қол жеткізгісі келді. Бүгінгі күні жаһанда 500-дей экстремистік ұйымдардың бар екені белгілі болып отыр.Соңғы жылдары біздің елімізде дін атын жамылған содырлық әрекеттер орын ала бастады. Республиканың батыс және оңтүстік аймақтарында орын алған лаңкестік оқиғалардың мемлекет қауіпсіздігіне төнген қатер екендігі айтпаса да түсінікті. Мемлекет діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін ең алдымен оның құқықтық негіздерін жетілдіруі қажет. Осы тұрғыда төмендегі мәселелер өз шешімін табуы тиіс деп білеміз:
Біріншіден, діни экстремизм мен терроризм идеяларының таралу жолдарына бөгет қоюды құқықтық тұрғыда нығайту қажет. Ол үшін діни экстремистік ақпарат тарататын ғаламтор сайттары мен әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұғаттап, әдебиеттердің таратылмауының ұтымды жолын қарастыру керек. Осы себептен, күмәнді діни ақпараттардың таралуының алдын алу үшін сараптама жүргізу уақытын мейлінше қысқарту қажет.
Екіншіден, республикадағы соңғы тіркелген лаңкестік оқиғалардың орын алуының себептеріне үңілгенде терактіні ұйымдастырушы содырлардың діни ақпаратты бейресми орындардан алып, теріс діни түсініктермен қаруланғандығы мәлім болды. Олай болса, лаңкестіктің алдын алу үшін экстремизмге шақыратын теріс діни уағыз-насихаттардың жолын кесу қажет. Мысалы, ислами діни уағыз-насихат мешіт мінберінде айтылып, басқа атаулы діни іс-шаралар (мәуліт, ораза, құрбан айт, жаназа және т.б. діни рәсімдер) барысындағы уағыз-насихаттарарнайы рұқсаты бар имамдар тарапынан айтылғаны абзал.
Үшіншіден, алғашқы дін еркіндігін жариялаған тоқсаныншы жылдары қазақстандықтардың шетелде діни білім алуына жол берілді. Алайда,шетелде діни білім алған базбір азаматтар елге оралған соң қазақтың дәстүрлі діни танымына қайшы ұстанымдарды насихаттап, халықтың рухани тұтастығына жарықшақ түсіре бастады. Әсіресе, шетелдерде діни білім алуды қадағалауды күшейткен жөн.
Бүгінгі таңда, мемлекеттік құзырлы орындар діни білім алуға болатын шетелдік оқу орындарының тізімін бекітті. Шетелде ислами білімді Мысыр Араб Республикасындағы әл-Азһар университетінде, Түркия Республикасындағы Мармара, Анкара, Кайсери, Кония, Бурса университеттері мен Хасеки институтында, Өзбекстан Республикасындағы Ислам университеті, Татарстан Республикасындағы Ислам инситутында алуға болады. Әйтсе де, кейбір азаматтардың шетелге туристік мақсатта сапарға шығып, рұқсат етілмеген діни оқу орындарда білім алғаны белгілі болып отыр. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін шетелде діни білім алу мәселесін қадағалауды әлі де күшейте түсу керек.
Қазақстанда қалыпты діни ахуалды қалыптастыру үшін экстремизм мен терроризмге қарсы күрес кешенді түрде қолға алынуы тиіс. Әлбетте, оның діни, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық аспектілерімен қатар құқықтық негіздемесін жетілдіру бүгінгі күннің кезек күттірмейтін талабына айналып отыр. Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын іске асырып, қуатты мемлекетке айналу мақсатында ел қауіпсіздігіне қатер төндіретін әрбір шетін мәселенің дер шағында алдын алғанымыз абзал.
Қараой ауылдық округінің
Н.Тілендиев ауылының
«Сманқұл» мешітінің
имамы Медеуов Болат Абилькаирович.