Алматы облысының жаңалықтарыДенсаулықҚоғамСпорт

ТӨРТІНШІ АЛТЫН ОҢАЙ КЕЛМЕДІ

Ащыбұлақ ауылдық округінің жас джитсері Жібек Құлымбетова Абу-Дабиде өткен джиу-джитсудан әлем чемпионатында жасыл белбеу иегерлері арасында 44 келі салмақта өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Небәрі 14 жастағы жас палуан қыз көпшілікті таңдай қақтырды. Ұлы додада Жібек үш жекпе-жек өткізген. Оның бәсекелестері Франция, Бразилия және Біріккен Араб Әмірліктерінің жас палуандары болды.

Араб Әмірлігіндегі жеңісі туралы барша қазақстандықтардан Жібектің өзі сүйінші сұрап «Мен төртінші рет әлем чемпионатында Қазақстанның абыройын асқақтатып отырмын! Бүгін «Абу-Дабиде джиу-джитсудан әлем чемпионатында» жасыл белбеу иегерлері арасында 44 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, бірінші орын алдым. Мен үш жекпе-жек өткіздім», — деп жазды Instagram парақшасында.

Ол бұл жолғы жарыстың алдындағы жаттығулар қиын болғанын айтты. «Мен бір айда салмағымды екі рет төмендеттім. Бұған дейін, яғни бір апта бұрын мен үш келі салмақ тастап, джи-джитсудан (но-ваза) әлем чемпионы атанғанымды білесіздер. Енді бір аптадан кейін екінші турнирге қатысу үшін тағы үш келі салмақ тастауға тура келді. Соңғы 200 граммнан құтылу оңай болған жоқ», — деді.

Жібек әлем чемпионатына неліктен қатарынан екі рет қатысқанын да түсіндірді.  «Мен 2020 жылы Абу-Дабидегі джиу-джитсудан әлем чемпионатында өнер көрсетуді жоспарлағанмын. Бірақ карантиндік шектеулерге байланысты жарыс тек ересектер арасында өтті. Ал биыл карантин жеңілдегеннен кейін ұйымдастырушылар балалар мен жасөспірімдерге өнер көрсетуге рұқсат берді. Әрине, мұндай мүмкіндіктен бас тарта алмадым. Алла маған екі рет қатарынан әлем чемпионы болу мүмкіндігін беріп, мен қатты дайындала бастадым. Құдайға шүкір бәрі жоспар бойынша өтті», — деді ол.

Qazaqstan Top Team академиясының филиалы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat Batyr-QTT» клубының тәрбиеленушісі бапкері Нұрсұлтан Орынбасаровқа, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа алғысын білдірді. Бұл чемпионатқа өзге қазақстандықтар қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы клубтың тәрбиеленушілері Нұрай Алтынбек екі дүркін әлем чемпионы (әлемдік аренадағы алғашқы алтынын бір апта бұрын жеңіп алды) және әлем кубогының екі дүркін қола жүлдегері Райымбек Ержан (сонымен бірге 2015 жылы қола жүлдегері) атанды. Оларды белгілі джиу-джитсу күресінің хас саңылақтары Самат Айтпанбет пен Елжан Жұмаділ жаттықтырады.

Әлем чемпионатының бірінші күнінде жалпы есепте бұл клубтың спортшылары 9 алтын, 5 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Олардың барлығы 8 бен 15 жас аралығындағы топтың өкілдері болды. Осылайша, Қазақстан құрамасы балалар мен жасөспірімдер арасындағы чемпионатта жалпыкомандалық бірінші орынды иеленді.

Б.ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button