БАРЫС ЖЫЛЫ БЕРЕКЕ ӘКЕЛСІН!!!
Құрметті аудан тұрғындары!
Сіздерді, Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Енді санаулы сәттерден кейін елімізді ауыр сынаққа алып, елдің елдігі, азаматтың ерлігі сыналған ескі жылды шығарып салып, жаңа – 2022 жылды қарсы аламыз.
Жаңа жыл – өткен жылға көз жүгіртіп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын, жақсылыққа ұмтылып, жаңаша ойлауға жол сілтейтін, қуанышқа толы ғажайып мереке.
Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін де, біздің өңіріміз үшін де тарихи және саяси оқиғаларға толы жыл болды. Елімізде Мемлекет басшысының кемеңгер саясатының арқасында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың және облыс басшысының қолдауының негізінде, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық маңызды мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда біршама жұмыстар атқарылды.
Өңіріміздің инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда, жол сапасын жақсартуда кешенді шаралар қабылданып, аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. Көпқабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынып, халық игілігіне берілді.
Әрбір атқарылған істің артында бірліктің бесігін тербеткен халықтың ақ адал пейілі және елім деп еміренген мыңдаған азаматтың еңбегі жатыр.
Өткен жыл аудан халқы үшін Тәуелсіз Қазақ Елінің тарихында еліміздің бірлігі сыналған өтпелі кезеңдермен, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын тойлап, жаңа бір белеске қадам басуымен есте қалады.
Қымбатты жерлестер!
Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналық сөз бар. Біз қашан да өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күткен халықтың ұрпағымыз. Олай болса, елге келген ауыр тауқымет, індет өткен жылдың еншісінде қалып, жаңа жыл қуанышымен, ырысымен, молшылығымен келсін деп тілеймін. Иә, 2022 жыл да өзінің тарихи оқиғаларымен есте қалады деп үміттенеміз. Себебі, бұл жылы Мемлекеттік төлқұжатымыз – рәміздерімізді қабылдағанға және Қарулы Күштеріміздің құрылғанына аттай 30 жыл толады екен. Сондықтан, жаңа жылдан жақсылық пен жағымды жаңалық күтеміз.
Жаңа 2022 жыл әр шаңыраққа құт-берекесімен еніп, елімізді шат-шадыман күйге бөлеп, шаттыққа кенелткей. Егемен еліміз ынтымақ-бірліктің жарқын көрінісіне айналып, өсіп-өркендей берсін! Елімізде әр уақытта бейбітшілік, келісім және өзара түсіністік салтанат құруына тілектеспін. Сиыр жылы той, мереке, жиын жылы болды. Ендігі тілегіміз – барыс жылы табыс жылы болғай!!!
Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын!
Б. Қарасаев, аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы