#Qazaqstan30Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғам

ІЛЕ АУДАНЫНДА 40 МЕТРЛІК ТУТҰҒЫР ОРНАТЫЛДЫ

Мәртебе

Қазақ халқы қай заманда да Ту мен ұлттық таңбаға ерекше мән берген халық, кеудесінен жаны шықпай, Туын құлатуды ар санаған ел. Сондықтан да болар, өмірде жеңіліс тауып, енді ес жимастай тұралаған адамға қатысты «Туы жығылды» деген тұрақты сөзді қолданып – Туынан айрылуды елдігінен, адамдығынан айрылу деп түсінген. Міне, осыдан-ақ қазақ үшін Тудың қадір-қасиеті ерекше болғанын біле аламыз. Мемлекеттік Ту мәдениетіміздің, тарихымыз бен менталитетіміздің көркем туындысы болуы керек. Ел азаматтарының рәміздерге деген қарым-қатынасы олардың қаншалықты деңгейде өздерін осы елдің азаматы санайтындықтарының және болашаққа сенімінің, отансүйгіштіктің көрсеткіші іспеттес.

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осынау мерейлі мерекеге тарту есебінде Іле ауданының орталығы Өтеген батыр ауылында, Алматы-Қапшағай күре жолының бойында Өтеген батыр ескерткішінің жанынан биіктігі 40 метрлік Тутұғыр орнатылды. Бұл аудан бойынша алғаш рет орнатылған биік нысан Тәуелсіздіктің мерейтойына арналып қойылды.

Күні кеше Тутұғырдың ашылу рәсімі өтіп, мемлекеттік Туымыз салтанатты түрде тұғырға орнатылып, Іле ауданының аспанында желбіреді. Іс-шараны аудан әкімі Қарасаев Бағдат Әбілмәжінұлы ашып, қатысушыларды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Аудан әкімі өз сөзінде: «Ұлтымыз үшін Тәуелсіздік қан-дай қымбат болса, Мемлекеттік рәміздер де біз үшін сондай қастерлі. Елдігімізді таныту, абыройды асқақтату – қастерлі құндылықтарды қорғай білумен өлшенбек.

Осыдан дәл үш жыл бұрын ауданның 90 жылдық мерейтойында Өтеген батыр ескерткішін салтанатты түрде ашқан болатынбыз. Бүгін міне, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойында ауданымызға әр беретін айшықты нысандар қатары айбынды алаңмен толықты. Көк байрағымыз көкпен ұштасты. Өз дәуірінде даңқты бабаларымыз бөрілі байрақ ұстап, баға-налы орда құрған. Ту – мемлекеттің бейнесі. Көпұлтты халықты ғана емес, өткенді, бүгінді және болашақты бір арнаға тоғыстырған Тәуелсіз мемлекеттің басты рәмізі аудан орталығында бой көтерді. Сондықтан, ту біз үшін – қанымызда қайнаған намыс, руhты көтеретін құдірет. Ата-мекеніміздің төріне алып ту тігу – біз үшін асқан абырой, зор мәртебе» – дей келе, орнатылған Ту тұғырының биіктігі 40 метр, ал тұғырға ілінген Тудың өлшемі  5х10 метр екенін атап өтті. Сондай-ақ болашақта батыр бабаның ескерткішінің және тұғырдың жан-жағы абаттандырылып, тұрғындардың жиі келіп, демалатын аймақтарының бірі болатынын сеніммен айтты.

Аудан әкімі айтқандай, бірлігіміздің арқасында тәуелсіздік жылдары іргелі мемлекет болып қалыптастық, өзгемен тереземізді теңедік, тұрмысымызды түзедік. Бұрын арман болып көрінген жетістіктерге қол жеткіздік. Көк аспанмен ұштасқан асқақ Тудың желбірегені – ол біздің Тәуелсіздігіміздің символы. Ата-бабамыздың аңсаған арманы орындалған осы шақта еліміздің ертеңі жолындағы еңбегіміз жана берсін! Мемлекеттік Ту арқылы елімізді тануға және оны бүкіл әлемге танытуға болады. Өйткені, онда халқымыздың бүкіл бастан кешкен тарихы, бүтіндей мәдениеті жатыр. Сондықтан, ол отансүйгіштік сезімнің бастау көзі бола алады. Иә, әрбір қазақстандық азамат рәміздерімізді құрметтеп, Туымыз бен Елтаңбамызды аяқасты қылмай, тұмардай сақтай білсе, елге, ұлы Отанымызға деген сүйіспеншілік арта түсері анық.

Туымыз жығылмасын, тұғырдан түспесін деп тілейміз.

А. ЕРЖАНОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button