Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтары

Тәртіп бар жерде тыныштық бар

Қаңтардың басында басталған Қазақстандағы толқудың Алматыда қантөгіске ұласуы шырт ұйқыда жатқан адамның үстіне суық су құйып жүргендей есеңгіретті. «Қой терісін жамылған қасқырлар» батыстағы бейбіт митингті өз мақсаттарына пайдаланып, мемлекеттік төңкеріс жасау жолында не бір сұмдыққа барғанын өкінішке қарай көз көрді, құлақ естіді, жүрек ауырды.

Мемлекетті шатқаяқтатуға тырысқандарды тықсыртудың жалғыз жолы тәртіп орнату. О баста билік шерушілердің бұзақылыққа бармау үшін жолын ғана кесіп тұрды. Оған мойынсұнбай, қолына қару алғандар күштік құрылымның өзіне шабуыл жасап, стратегиялық нысандардың күл-талқанын шығарғанда шұғыл шешім қабылдау қажет болды. Осы сындарлы сәтте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дер кезінде жасаған қадамы арқылы қазір ушыққан ахуал ауыздықталды. Әсіресе, Алматы мен Алматы облысындағы терроршылар басып алған ғимараттар босатылды. Әскерилер қазір тәулік бойына күзет жұмысын жүргізіп жатыр. Коменданттық сағат енгізіліп, тәртіп орнап жатыр.

Осы күндер аралығында жүрегі шайлығып, үрейде жүрген жұртшылық жайлап қалыпты өмір ырғағына түсе бастады. Мәселен, Іле ауданындағы іргелі зауыт-фабрикалар, сауда орындары мен әлеуметтік маңызы бар мекемелер жұмысын бір сәтке де тоқтатпады. «Nur Otan» да партиясы президенттің тапсырмасы бойынша бар күшін жағдайды тұрақтандыруға, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсауда. Өйткені партия ел басына туған қандай кезде болмасын халықпен бірге екенін айтқым келеді.

Тұратын ауылына, айналасына бей-жай қарамайтын азаматтар ауданымызда бірігіп, еріктілер жасағын құрды. Осылайша, көрінген жерге баса-көктеп кіріп, тонап кететін басбұзарларға тосқауыл болуда.

Сөзсіз, бұл күндер ел тарихында қара әріппен жазылады. Бұл сынақтан аман-есен өтіп, мемлекетіміз одан әрі гүлденуін тілеймін!

Б.Талғатұлы

Аудандық мәслихат депутаты

Басқа жаңалықтар

Back to top button