Көпбалалы ана еріктілер қатарында
«Ерікті болу еріккеннің ісі емес. Ол үшін ішкі күш жігерің болуы керек. Мені еріктілер қатарына қосқан ауданымыздың жастар ресурстық орталығы. Алғашқы пандемия толқынында менің отбасыма өздерінің жарты нандарын бөліп берді. Олардың осы бір қадамдары мені қатты тебірентті. Үлкен жүрегі бар жастарды көріп мен де солардың командасында боламын деп шештім» — дейді Іле ауданы Жастар ресурстық орталығының еріктілер мүшесі Ризвангүл Жексенбиева
Ризвангүл Өтеген батыр ауылында дүниеге келіп, №38 мектеп-гимназиясында білім алды. Алматы қаласындағы технология лицейінде тігінші мамандығын меңгереді. Одан кейін тұрмыс құрады. Отағасы Руслан екеуі қазір бір шаңырақтың астында, төрт бүлдіршіндерінің арасында бақытты ғұмыр кешуде.
Біздің ауданда 20-дан астам еріктілеріміз бар. Олар тұрмысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларды керек-жарақтармен қаматамасыз етеді. Мысалы: азық-түлік, оқушыларға кеңсе тауарлары мен киімдер үлестіреді. Еріктілерді құдды жебеуші періштелері сияқты қабылдайды.
Біздің кейіпкеріміз Ризвангүл де осылардың қатарында. Ол да көпбалалы аналардың бірі. Өзінің төрт бүлдіршіні бар. Барлығы мектеп жасында.
«Отбасыңызда сіздің табысыңыз жайлы сөз болмай ма?» – деген сұрағымызға: «Менің жолдасым Руслан Жексенбиев екеуіміз ақыл-дасып, бір шешімге келгеннен кейін осы жұмысты қолға алғанмын. Үйді қамтамасыз ету ер адамның мойнындағы борыш екенін жақсы түсінді. Бір жағынан халыққа қол ұшымызды беретінімізді білгенде осы ұсынысымды өзі де бірден құптады» – деп, адамның негізгі мақсаты оның табысы емес өз ісінен бақыт сезіне білу керек екенін кейіпкеріміз өз ісімен дәлелдеді. Өзінен бұрын өзгенің қамын ойлау – адамгершілік.
Кейіпкеріміз тағы бір сөзінде «Мені әкем тәрбиеледі. Жастайымнан қазақ күресі, дзюдоға қатыстыратын. Ол кісі: «Өмірдің өзі – күрес» деп жүретін. Спорт мінезді қалыптастырады, адамды ұштайды ғой. Мүмкін сол мектептен өткенім дұрыс болған шығар. Бойыңда қайнаған жігерің болмаса, ерікті болып жарытпайсың» — деп ағынан жарылды.
Сананы тұрмыс билеген уақытта Ризвангүлдің ерік-жігері бізді таң қалдырды. Оның елге көмектессем деген ниетіне тек сәттілік тіледік.
Б. ЧОЙБАСОВ