Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыАщыбұлақ ауылдық округі

АУЫЛ  ЖОЛДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Ауданымызға жадырап жаз келгелі «Өңірлерді дамыту 2022» бағдарламасы шеңберінде өңірлерді дамыту бойынша шаралар бюджеттік бағдарламаның «Жергілікті өзін-өзі басқарудағы қаржылай қолдау» бағыты бойынша ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды іске асырылуда.

Халқының тығыз орналасқан және өнеркәсібі дөңгелеген округіміздің бірі Ащыбұлақ ауылдық округінде биыл ауыл көшелерін абаттандыру мен ауылішілік жол жөндеу жұмыстары қолға алынуда. Көктем шыққалы санитарлық тазалық апта сайын жүргізіліп, мониторинг қорытындысы аудандық әкімшілікке жіберіліп отырады. Алматы сияқты ірі мегополистің дәл іргесінде орналасқандықтан әрі округте халық саны көп болғандықтан қоқыс шамадан көп шығып, ауыл әкімдігін әбігерге салуда. Мысалы, апталық санитарлық тазалау акциясына 2520 тұрғын жұмылдырылып, 15 техниканың көмегімен 42 тонна қоқыс шығарылды. Нәтижесінде 20 шақырым көше, 18,5 гектарды құрайтын аулалар және басқа шағын территориялар тазаланды. Бұл бір апта ішінде жиналған күл-қоқыс. Округтің әкімі Ж. Оңалбаев мырза әр жиында тұрғындарды тазалыққа шақырудан жалыққан емес.

Округтің автомобиль жолдарына келсек, Төле би мен Жәпек батыр ауылын жалғап жатқан 4 шақырымдық күре жолдың құрылысы жыл сайын төлебилік тұрғындардың қозғайтын актуалды мәселесіне айналды. Округ әкімінің айтуынша «Төле би автомобиль жолының құрылыс-сметалық жобасы дайын. Бірақ біздің қолды ұстап тұрған – Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы.

Бүгінде Үлкен Алматы айналма автомобиль жолының құрылысы қызу жүріп жатыр. 2019 жылы басталған жоба жоспар бойынша 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс. Егер біз жолды биыл бастасақ, жүк тасымалдайтын камаздардың салдарынан жаңа жолымыз ойылып,  еңбегімізді еш кетіреді деп ойлаймын. Бірақ ауылға кіреберіс шұңқырды жауып, қолымыздан келгенше аталмыш жолды ауыл тұрғындарымен бірлесіп жөндейміз. Ол туралы басқосу жиналыстарында да ескерткенмін», — деді.

Қазір округте жобаға сәйкес жол құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, «Қаратал» құрылыс компаниясы Көкқайнар ауылындағы ұзындығы 300 метрді құрайтын Бәйтерек көшесіне, «Ақжол» құрылыс компаниясы Жәпек батыр ауылындағы Б. Момышұлы, К. Рақышев көшелеріне, яғни 1100 метр жолға жөндеу жүргізеді. Бұл көшелер «Өңірлерді дамыту – 2022» бағдарламасы аясында жасалады. Одан кейін М. Түймебаев ауылындағы 1-линия (200 м), Төле би ауылы Ақтамберді жырау көшесі (500 м), Көкқайнар ауылындағы Алатау көшесіне (600 м) асфальт төселеді. Нәтижесінде, округ бойынша ұзындығы 2700 метр жол құрылысы жөндеуден өтеді.

«Жыл аяғына дейін ауылішілік автомобиль жолдарын кезең-кезеңімен жөндеу және асфальттау іске асырылады» — дейді округі әкімі.

Б. ЧОЙБАСОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button