Тілім менің – ғасырлардан аманат
Тіл – қандай да болмаса ұлттың, халықтың баға жетпес рухани қазынасы, ұлттық санамен байланысты мақтан тұтар ардақтысы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілі — ең басты байлығымыз. Ана тілі – әр ұлттың басты байлығы. Менің ана тілім – қазақ тілі. Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі, – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Себебі, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Тіл – ұлттың жаны. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл – халықпен бірге өмір сүріп дамиды, әр ұлттың тілі — оның бақыты мен тірегі. Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық дініміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. «Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені, ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Елдіктің негізгі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді. Әрбір азамат өз елінің патриоты ретінде ең бірінші кезекте мемлекетті құрушы ұлт өкілдері – қазақтардың өзі бастап мемлекеттік тілдің абыройын асқақтатуға атсалысуы керек деп есептеймін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қанатты қағидан жүрегіміздің төрінен орын алып, жолбасшымыз болуға тиіс. Ақын Мұхтар Шаханов былай деген еді: «Қай кезде де туған тілің туған анаң секілді. Бабалардың арманы бар мына қызыл гүлдерде, Олар елін, тілін қорғап жанын қиған бұл жерде». Расымен де, ата-бабамыз елін, жерін, тілін, дінін жаудан өле-өлгенше қорғап өтіп, бізге аманат етті. Қоянқұс ауылында орналасқан №1 орта мектепте 2021-2022 оқу жылында, білім алушылардың бойындағы тілге деген құрмет пен жанашырлықты оятып, тарихымызды тереңдете меңгерту мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілді. Атап айтсақ, 5 сыныпта «Ана тілім – айбыным» тақырыбында сынып сағаты, 9 сыныптар арасында «Тіл тағдыры – ел тағдыры» тақырыбында дөңгелек үстел, бастауыш сыныптар арасында «Мақал – сөздің мәйегі» мақалдар сайысы, «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбында барлық сыныптарда сынып сағаттары жүргізілді. «Еңсесі биік үш тұғырлы тіл» атты мәнерлеп оқу байқауы өтті. Мектебіміздің өзге ұлт оқушылары әдемі, қоңыр үндерімен үш тілде өлеңдер оқыды. Сонымен қатар «Заңғар» ӘБ «Ахмет Байтұрсынұлы – тағылымы» тақырыбында мектепішілік ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырды. Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген тіл емес пе еді. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек. «Бала жүрегі – кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» – деп, М. Шаханов атамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті. Ұстаз – Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан ата-бабамнан аманат болып келе жатқан тіліміз, еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асыру өз қолымызда.
Инават ЖАНЫСБАЕВА,
№1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім