Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратДін және қоғамЗаң және бізҚоғамТұлға

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРМЕЙІК

Әрбір адамның жүрегіндегі екінші Меккесі – отбасы. Алайда, барлық адам өз отбасында бақытты, баянды өмір сүріп жатыр деу жаңсақтық болар. Себебі, отбасы құндылықтары қазіргі қоғамда әлеуметтік-тұрмыстық өмірдің көлеңкесінде қалып, адамдар руханияттан гөрі материалдық қажеттілікті қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Бұдан біз кезінде айтылған «Сананы тұрмыс билейді» қағидаты әлі күнге өзектілігін жоймағанын байқаймыз. Олай дейтін себебіміз, қазіргі қоғамдағы отбасылық кикілжіңнің басым бөлігі тұрмыстық жетіспеушіліктің салдарынан туындауда. Бүтіндей бір отбасының жүгін иыққа артқан кейбір ер азаматтардың да, жүрек жылуымен азаматын, ұл-қызын айрандай ұйытып отыратын бірқатар аналардың да өз міндетіне салғырт қарауының салдарынан көптеген шаңырақтан береке кете бастады. Мамандар оның себептерін отбасы мәдениетінің төмендігімен түсіндірсе, еліміздегі ажырасу көрсеткіштерінің жылдан-жылға ұлғаюы салдарынан балалар құқығы назардан тыс қалуда.

Қазақстанда салауатты өмір салтын сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу. Егер зомбылықты физикалық қасірет көрсету әрекеті десек, онда тұрмыстық зомбылықта осы әрекеттің бастауы мен айқындау нүктесі – жанұя, яғни зұлымдық жасаушы мен оның жемтігі ең жақын адамдар болады. Олар – көбіне жұбайлар мен балалар.

Отбасындағы зорлы-зомбылық мәсе-лесі әлемнің әр елінде ертеден орын алған. Зорлық балалардың денелік және психологиялық денсаулықтары және жан-жақты дамулары үшін ауыр машақат болып табылады. Әйелдер мен балаларға қатысты зомбылықтың алдын алу және бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік жұмыс-тарды өткізу қажет.

Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адам-ның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген. Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру болса, жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін. Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданылып жасалған қылмыстар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.

Әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық проблемасы елімізде елеулі мөлшерде асқынды. Статистикалық мәліметке қарағанда елде жыл сайын 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болады екен. Отбасылардың қиюы қашуының басты бір себебі – жанұядағы зорлық-зомбылық. «Отбасылық қарым-қатынаста дағдарыс туындағанда, одан ешкімнің ештеңесі кетпейді» деген түсініктен арылу керек. Кикілжіңі көп болатын отбасында өскен балалар есейген соң не әкесінің, не шешесінің отбасында өзін-өзі ұстау үлгісін алады.

Бейкүнә балаға қатыгездік жасау – тек психикалық ауруға ұшырағандардың ісі. Балаға зорлық-зомбылық таныту отбасылық жағдайларда жиі кездеседі. Бұған себеп – ата-ананың ұрыс-керісі, ішімдік, есірткінің зардаптары. Балаларды ұрлап кетіп, оны саудалау, ауыр жұмысқа салып қою немесе дене мүшелерін сату факторлары жиі кездесіп отыр. Зорлық-зомбылық көрген баланың бойын үрей билейтіні анық. Осындай қылмысты балалардың әр түрлі себептермен (қорқу, ұялу, жасқану, т.б.) жасырып қалуынан зорлық-зомбылықтың алдын алу мүмкін болмай жатыр. Бала – еліміздің жарқын болашағы. Мұндай қатыгездіктердің алдын алып, балалардың өмірін қорғауымыз керек. Отбасындағы ата-ананың мінез-құлқы – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Атамыз қазақ «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп тегін айтпаған. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік бұзықтық жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді.

Отбасындағы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған заңды нормалар жетілдірілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобаларының жұмыстарын іске асыру жоспарының 29 пунктіне сәйкес, 2004 жылдың 13-желтоқсанында Қазақстан Республикасы Премьер ми-нистрінің тағайындауымен «Тұрмыстық зомбылыққа қарсы әрекет ету туралы» заң жобасы әзірленді. Ол Заң жобасы адамның қызығушылығын, бостандығын, заңды құқықтарын қорғауға, кепілдеме беруді көтермелеуді, отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық-бұзушылықты төмендету жөнінде тиімді шаралар қабылдауды және тұрмыстық зомбылықтың алдын алудың көп деңгейлі жүйесін жүргізуді өзіне мақсат етеді.

Әйелдер мен балаларға қатысты зомбылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық үгіттеушілік жұмыс-тарды өткізу керек. Себебі, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғам үшін өзекті мәселеге айналды. Еліміздің Президенті былтырғы Жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды міндеттеді. Осы орайда, балалар құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – басымдығымыз болуы керек. 2022 жылы да балалар құқығын қорғауға басты назар аударылып, «Балалар жылы» деп аталды. Балалар жылы қарсаңында біз еліміздің ертеңі өскелең ұрпақтың, оны өмірге әкеліп, бағып-қағатын анасының физиологиялық және психологиялық саулығын қаласақ, үшін олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алып, оны болдырмау жолдарын қарастырғанымыз жөн. Сонда ғана сау анадан дені сау ұрпақ өмірге келіп, саламатты ел құруға атсалысамыз.

А. ЕРГЕШБАЙҰЛЫ

Басқа жаңалықтар

Back to top button