Мерейің таси берсін ардақты ұстаз
Жыл сайын дәстүрге айналған ұстаздар күні мерекесі Чапаев ауылындағы Мәдениет үйінде аталып өтті. Шараға аудан әкімі Б. Қарасаев арнайы қатысып, мектеп ұстаздарының жетістіктерінің куәсі болды. Шараға білім саласына қатысы бар барлық мекемелер басшылары мен аудан халқы жиылды.
Күнделікті өмірде, ұстаздық етуден жалықпаған мұғалімдер, бұл күні өздерін әлем жұлдыздарындай сезінді. Олар үшін төселген қызыл кілем, қарапайымдылықтың үлгісі бола білген ұстаздардың мәртебесін асқақтатқандай. Құшақ-құшақ гүлдер мен жылы лебіздер, мұғалімдер атаулысының өздерін мәртебелі мамандық иесі екендігін сезінуіне септесті.
Мұғалімдердің кәсіби мерекесі ауданда ауқымды аталып өтті. Мәртебелі мамандық иелеріне алғашқылардың бірі болып, аудан әкімі жүрекжарды тілегін жолдады.
Ол: «Кез келген марапат кез келген маманның мәртебесін асырады. Ал сол мамандықтардың барлығы ұстаздардың алдынан өтетіні – шындық. Кәсіби ізденісті ілгерілетіп, ынта-құлшынысты қуаттайтын да сол. Ал, мұғалімдер қауымы мұндай мерекеде игі істен шет қалмауы керек. Өйткені, нақ ұстаздар қауымының еңбегі – ерен, жұмысы жемісті. Бұл күні ауданымыздағы педагогтардың маңдай тері еленді. Олар марапат -қошеметке бөленуі тиіс», — деді өз сөзінде.
Ауданымызда 51 орта мектеп бар. Барлығы заманауи түрлі техникамен жабдықталған. Талапқа сай. Қолайлы жағдай жасалғандықтан, оқушылардың ілім-білімге деген құлшынысы зор. Жетістіктері де ауыз толтыра айтарлықтай. Түрлі деңгейдегі білім бәсекелерінен бірінші орынды қанжығалағандары аз емес. Бұның барлығы мемлекеттің, жергілікті биліктің осы салаға деген қолдауының арқасы дейді мереке иелері. Шәкіртінің жеткен шыңы – әлбетте мұғалімінің жетістігі. Ендігі кезекте болашақ толқын өкілдерінің санасына адамгершілік нұрын сеуіп, білім нәрімен сусындату әр мұғалімнің еншісінде. Мұғалім – мектеп жүрегі. Қоғамның оларға артқан сенімінің салмағы да зіл батпан. Сол себепті, педагогтарға қандай құрмет көрсетсек те артық етпес. Ұстаздарға алғыс ретінде әсем ән шырқалып, күмбірлеген күй ойналды. «Жалпы, мұғалімнің жұмысы сырттай қарапайым көрінгенмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі», — дейді жиналғандар.
Сондай-ақ, білім саласында ұзақ жылдан бері талмай еңбек етіп, табыстарға қол жеткізіп жүрген бірқатар ұстаздарды құрмет грамоталармен, алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты шара ауданымыздағы өнерпаз жастардың ұстаздарына тарту ретінде əзірленген консерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Б. ҚОЙТАН