Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы
«Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шығады. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», — деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, ұстаздық – киелі әрі мақтан тұтарлық мамандық. Ұстаз – бала болмысына өзгеріс енгізуші, оған бағыт-бағдар беруші. Ұстаз болу әркімнің қолынан келе бермейді. Бала жанының бағбаны ұстаз атану – қиынның қиыны! Бірақ, осыған қарамастан өз өмірінен шәкіртінің өмірін жоғары қоя білетін, біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген Сіздердей асыл жандарды «Мұғалімдер күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Біліктілігі жоғары, беделі мықты, қоғамда құрметке бөленген мұғалімдерсіз мемлекеттің жарқын болашағын елестету қиын. Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Бұл жұмыс асқан жанкештілік, зор шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді.
Қазіргі таңда, 51 мемлекеттік (1 лицей, 1 гимназия, 2 мектеп-гимназия), 7 жекеменшік, 1 кешкі ауысымдық мектеп бар. Ауданымызда 6172 мұғалім жұмыс істейтін 3024 сынып комплектісінде 66356 оқушы білім алуда. 2021-2022 оқу жылында аудан бойынша 11 сыныпты 2052 түлек аяқтап, ҰБТ-ға 1807 түлек қатысып, оның 891-і мемлекеттік грант иегері, 63-і колледж гранты, 25-і облыс әкімінің грантының иегерлері атанды. Жалпы грант саны – 979. «Алтын белгі» иегерлері – 276, «Үздік аттестат» – 205.
Жас ұрпақтың санасына енгізетін тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегені барлық күш жігерімен ұғындыратын ерекше тұлға ұстаз алдында адамзаттың бәрі бас иеді. Ұстаз болашақ азаматтарды ғана емес, бүкіл болашақ қоғамды қалыптастырады. Соның бір дәлелі мұғалімдеріміздің облыс, республика көлемінде жеткен жетістіктері. Атап айтсақ: №29, 44 орта мектептерінің математика пәнінің мұғалімдері Хашабай Қайрат пен Тәуекел Хуанған Республикалық «Математикалық регата» байқауында ІІ, ал математика, физика, информатика пәні мұғалімдерінің Халықаралық конкурсында Тәуекел Хуанған ІІІ орынды иеленді. Облыстық деңгейде өткізілген жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер марафо-нында №5 орта мектебінің физика пәні мұғалімі Асқар Дастан Бас жүлдені, №30 орта мектептің информатика пәні мұғалімі Қанапия Жақсылық І орынды иеленді. «Bilim Media Group» ұйымы ұйымдастырған «Bilimland» платформасындағы қашықтық сабақтардың республикалық байқауында №5 ОМ информатика пәні мұғалімі Темиргалиев Айдархан ІІ орын, №10 орта мектептің физика пәні мұғалімі Колбаев Алмаз ІІІ орын иеленіп, қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Робототехника саласы бойынша «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» техникалық шығармашылық және өнертапқыштардың облыстық жарысына аудан мектептерінен 8 жоба ұсынылып, оның ішінде 3 жоба (№24, №40, №42 ОМ) республикалық кезеңге жіберілді. «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында жас мамандар арасында өткізілген «Классикалық комикс» байқауы-ның облыстық кезеңінде №16 ОМ физика пәні мұғалімі Ақан Маржан жүлделі ІІІ орынға ие болды. №42 орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Мергенбаев Асылбек облыстық «Үздік денешынықтыру пәні мұғалімі» байқауында жүлделі І орынды иеленді. «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2021» облыстық байқауында №40 ОМ мұғалімі Баймухамбетова Алия Турсынгалиевна «Ізденімпаз мұғалім» номи-нациясына ие болды. Облыстық «Шеберлер шеруі» байқауында №15 ОМ мұғалімі бастауыш сынып Г. С. Торебекова ІІ орынға ие болды. Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасына №3 ОМ мұғалімі Рямова Елена Валерьевна қатысып облыстан І орынды жеңіп алып, Республикада арнайы сертификат пен «Құрмет белгісі» грамотасымен марапатталды. Облыстық «Ы. Алтынсарин» олимпиадасында №15 ОМ қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қ. У. Мусакулова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Г. А. Бикенина І, II орынды жеңіп алды. Облыстық «Тәуелсіз елдің ұрпағымын» телеэссе байқауында №49 ОМ шетел тілі пәні мұғалімі Мухитова Гулнар Искаковна ІІ орынға ие болды.
Кәсіби мерекеміз қарсаңында мақ-таныш пен табысқа толы еңбекті айту, ұстаз мәртебесін асыру орынды деп ойлаймын. Бүгінде еліміздің өркениетті даму саясатының мектептегі насихатшысы да – ұстаз. Ендеше, осындай асыл кәсіп иелері барша әріптестерімді «Мұғалімдер күнімен» шын жүректен құттықтаймын! Мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, шығармашылық табыстар тілеймін! Жақындарыңыздың ықы-ласы мен құрметіне бөлене беріңіздер!
Л. Каткеева,
Іле аудандық білім бөлімінің басшысы