«Бәріміз біргеміз» спорттық жарысы өтті
«Республика күні» мерекесі қарсаңында аудандық жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінде Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Бәріміз біргеміз» атты спорттық жарыс өтті. Жарысқа ауданымыздағы мүгедектігі бар 50 бала ата-аналарымен бірге қатысты. Атап айтқанда, Энергетический, Байсерке, Ащыбұлақ, Междуреченск ауылдық округтері мен Боралдай кентінен 5 команда қатысып, бақтарын сынады. Жарыстың басты мақсаты – балаларды қоғамға бейімдеу, спортқа қызғушылығын, ынтасын арттыру. Сайыс барысында балалар да, ата-аналарда белсенділік танытып, көтеріңкі көңіл-күймен уақытты сәтті өткізді.
«АМАН» мүгедектер қоғамдық бірлестігі іс-шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысып, демеушілік білдірсе, №13 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі, мәдениет қайраткері Ержан Исатаев шара барысында музыкамен әрлеп отырды. Ал, жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің әдіскері Айтқали Әсет пен бапкер Сайлау Айбек жарысты ұйымдастырып, балаларға жағымды көңіл-күй сыйлады.
Мәдени шараны Іле аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мүмкіндігі шектеулі балаларға үйден әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің басшысы Айтенова Жумакуль Смаиловна ашып, қонақтар мен сайысқа қатысушыларды келе жатқан Республика күнімен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жумакуль Смаиловна өз сөзінде мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсетіп жатқан азаматтарға да алғысын білдірді.
Мүгедектігі бар балалар арасында ұйымдастырлған жарыс эстафеталық ойын түрінде өтті. Эстафетаға қатысушылар ең әуелі командаларын таныстырып, топтың ұранын айтып, кедергілерден таяқша алып жүгіріп өтсе, одан кейін шеңберге шар лақтырып мергендіктерін сынады. Ал, «Кім епті?» бөлімінде қатысушылар бокс қолғабымен шокаладты қабығынан аршып, ептіліктерін танытты. Сондай-ақ, сайыс соңында командалар өзара арқан тартып, білек күшін салыстырды.
Сайыстың қорытынды бөлімінде қатысушыларды бөле-жармай, барлығына алғыс хат беріп, қатысқан командаларға медаль тақты.
Өз тілшіміз