Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратЗнай нашихҚараой ауылдық округіҚоғамТұлға

Қараойдың қаршадай қызы ауыр атлетикадан чемпион атанды

СҮЙІНШІ!

Жақында Елорда іргесінде жаңадан салынған Көктал-2 елдімекеніндегі денешынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде 2008 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының жеке және командалық чемпионаты өтті.

Дүбірлі додаға еліміздің барлық облысы мен қалаларынан 300-ден астам зілтеміршілер қатысып, алты күн бойы бақ сынасты.  Алматы облысының да кіл мықтылары өз күштерін сынға салды. Солардың қатарында Ілелік Ксения Синькевич те додаға қатысты. Ол – Қараой ауылында өз ауласында ауыр атлетикадан спорт залын ашқан Азамат Нұруллаевтың шәкірті.

Ауданымыздың жас ауыр атлеті Ксения Синькевич не бары – 12 жаста. Ол 45 келі салмақ дәрежесінде 62 келі зілтемірді жұлқа көтеруден,  80 келіні серпе көтеруден рекорд орнатып, І орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Тағы да бір жерлесіміз Жұмабай Нұржан ІІ орынды қанжығалады. Сонымен қатар, Синькевич Ксения «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері», ал Жұмабай Нұржан «спорт шебері», Байсұлтан Айдын «спорт шеберіне үміткер» атанды. Бұл – Іле ауданының мәртебесін көтеріп, аудандық спорттың өрге басып жатқандығының дәлелі. Алдағы уақытта да ауыр атлетикадан жетістіктерге жетуді қаласақ, қараойлық Азамат Нұруллаев сынды азаматтарға қолдау көрсетіп, демеушілік жасау керек. Болашақ чемпиондарды даярлайтын мамандар бізге ауадай қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанның 13 облысы мен Алматы және Талдықорған қалаларында осы спорттың түрі жақсы дамып келеді. Республика бойынша 43 бөлімшеде жаттығатын 2200-ден астам атлеттер бар.

Ауыр атлетика – Қазақстандағы ең танымал спорт. Темірдей тегеурін мен орасан зор күштің, қажырлы еңбектің арқасында жас спортшыларымыз әлемдік додада топ жарып, Қазақстанның намысын қорғайды деген сенімдеміз.

Біз Ксенияны және оның командасын жеңісімен құттықтаймыз!

Өз тілшіміз

Басқа жаңалықтар

Back to top button