Аудан жаңалықтарыАуыл тынысыБайсерке ауылдық округіБілім және ғылым

Ұстазы жақсының — шәкірті үздік

Біз алтын ұя мектебімізбен қоштасып, үлкен өмірге қадам бастық. Өмірдегі ең үлкен жауапкершілік кезеңде тұрмыз. Біз болашақ мамандыңымызды таңдадық, нақты шешіммен, айқын мақсатпен мектеп қабырғасында алған білімімізді дәлелдеп, сынақтан өтіп жатырмыз. Бұл біздің қандай ұстаздан білім алғанымыздың айқын көрінісі. Себебі «Ұстаз – келер күннің ұстасы» деп бекер айтылмаса керек.

«Бір әріп үйреткенге  қырық жыл сәлем бер», — деп Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов ағамыз айтқандай, бізге білім берген ұстазымыз жайында ой толғайтын болсам, тәжірибелі мұғалім, ұстаздардың ұстазы — Садуақасов Әділхан Әкебекұлы жайында болмақ.    Садуақасов Әділхан Әкебекұлы 2014 жылдан бері Алматы облысы, Іле ауданы, Байсерке ауылы №28 мектеп-гимназиясында тарих пәнінің мұғалімі, бірінші санатты, педагог-сарапшы. Еңбек жолында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, білім саласында шәкірттерге саналы тәрбие мен сапалы білім беруде аянбай еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз. Игілікті еңбек қандай адамға болсын зор мәртебе саналары анық.

Садуақасов Әділхан Әкебекұлы Іле ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен (2018 ж.) Іле аудандық білім бөлімінің  Құрмет грамотасымен  (2018 ж .); Іле аудандық білім бөлімінің  Мақтау қағазымен т.б мәртебелі марапатармен марапатталған. Жеткен жетістіктерінің өзі бір төбе.

         «Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы» дегендей Әділхан ағай біздің үлкен өмірге деген қадамымызды нық басуымызға септігін тигізді. Адами құндылық жағынан тек жақсы ой қалыптастырды. Әрдайым біздің ойымызбен санасып, оқушы ретінде ғана емес өз баласындай көріп, сырласа білді. Әр кез біздің жеткен жетістіктерімізбен мақтанып, марқайып отырды. Өз қуанышындай қуана білді. Бізбен өз балаларындай сырласуы тек мектеп кезінде ғана емес, сыныптан тыс уақытта да байқалып тұрды. Әділхан ағай біздің болашақ мамандығымызды таңдауымызға үлкен жол көрсете білген үлгілі ұстаз. Үнемі сабақ кезінде болсын, сабақтан тыс уақытта да бізді Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаудан еш жалыққан емес. Қандай да бір сұрақ туындаса, міндетті түрде жанын салып түсіндіріп әлек болады. Әр сұраққа аса жауапкершілікпен жете қарап, нақты жауабын бергенше тыным таппайды.

Әділхан ағайымыздың бір ерекшелігі, мектебімізде сыныптан тыс іс-шараларды жиі өткізуден алдына жан салмайды. Әсіресе Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу кезінде осындай іс-шараның көп көмегі тиді. Сондай іс-шараның бірін, бірі емес бірегейін айтқым келеді. Мектебімізде дәстүрге айналған тәуелсіздік күні атты айтулы мереке қарсаңында «Бірлік, ынтымақ, тұтастық — Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағылымы» тарих апталығында 11 сыныптар арасындағы ұйымдастырған «Тарихи қадамдар» тақырыбындағы зияткерлік ойыны. Бұл ойын өте жоғары деңгейде әсерлі өтті. Зияткерлік ойынның мақсаты сайысқа қатысушы оқушылардың тарихи білімдерін дамыту арқылы қазіргі заман талабына сай күнделікті теледидардан, әлеуметтік желілерден көрсетіліп жүрген, танымдық бағдарламаларды, газет-журналдардағы мақалалар мен туындыларды негізге ала отырып, оқушыларды қоғамдық жаңалықтардан және өзгерістерден тыс қалмауға баулу екенін білдік. Сонымен қатар, сынып бөлмесі пәнге сай безендіріліп, тарих пәні бойынша түрлі тапсырмалар, қазақ хандарының суреттерімен көркемделген. Ойын барысында домбырада ойнаған күйдің сүйемелденуінің өзі ерекше әсер берді.  

Алдымен ұйымдастыру кезеңінде Әділхан ағай ойынның шартымен, сайыстың түрлерімен, әділ қазылар алқасымен, топ құрамымен таныстырды. Аталған тақырып бойынша ой сала отырып, біздің пікірлерімізді тыңдап  барып ойынды бастап кетті.  Ойын барысында сыныптар топтастырылды. Әр топтан бір — бір капитан сайланды.

Ойын «Әр топ өз топ атауын, ұрандарын және эмблемаларын қорғау», «Сұрақ-жауап», «Терминология», «Математикалық шкатулка», «Ғалымдар айтады», «Ел тарихының білгірлері» деген алты кезеңдерден тұрды. Біз 11 жыл бойына алған білімдерімізді ұштастыра отырып, аса белсенділікпен қатыстық.

Мұндай іс-шараларға қатысуда түсінгенім, біз тарих пәні бойынша білім деңгейімізді білдік. Шығармашылық қабілеттерімізді арттырдық және өзімізге деген сенімімізді нығайттық. Арамызда берік қарым – қатынас орнап, мұғалімімізді, бір-бірімізді жақынырақ танып – білдік. Бұл зияткерлік ойын арқылы кем-кетік жерлерімізді жамап, толыққанды білімімізді толықтыра түстік. Бұл әрине біздің Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып жоғары балл жинауымызға үлкен көмегін тигізді. Сондықтан ұстазымызға айтар алғысымыз шексіз. Мұндай көреген, ұлағатты ұстаздан білім алған білімді шәкірттер болашақта бәсекеге қабілетті, Тәуелсіз еліміздің тұғырын биік ұстап, көк туын аспанда желбіретері сөзсіз! Шын жан ашыр, келешекке ойлы көзбен қарайтын, жауапкершілікті ұстазымызға мың алғыс! Әділхан ағайымызды Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген ұлы пікіріне лайықты деп санап,  ұстаздық жолында алар орны төрден болып, аса құрметті, мұраты биік ұстаз боларына тілектеспіз!  

Бәйсерке ауылы,

28 мектеп-гимназиясының

мектеп бітіруші түлегі

Қадіржұма Аружан Досымқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button