Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыҚоғамТалгар информацияТалғар - ақпарат

АҚСАҚАЛДАР ОРНЫ ОЙСЫРАМАСЫН

Қызылқайрат ауылдық мәдениет үйінде Алатау ауылдық округі әкімдігінің, Қызылқайрат ауылдық Мәдениет үйінің,  Талғар аудандық Мәдениет үйінің,  Талғар аудандық «Қоғамдық келісімнің»  қатысуымен «Ақсақалдар орны ойсырамасын»  атты кездесу кеші өтті.

Қазақ қоғамында ақсақалдар институтының алар орны ерекше. Халқымыз қарттарды ақыл дариясы, даналық қазынасы ретінде қадірлеген. Қариялардың қатысуынсыз қоғамда қордаланған мәселелер шешіліп, қарымды істер қолға алынбаған. Қартын қадірлеп, қара шаңырақтың құты мен киесі деп ұққан халқымыз оларға қашанда төрден орын берген.

Әдемі қартая білу де өнер! Ал қазіргі қарияларымыз қандай? Жасы ұлғайғандардың бәрі бірдей сый-құрметке лайық па? Жүзінен мейірімі, жүрегінен әділдігі төгіліп тұратын қазына кеуде қариялар неге азайып барады? Дастарқан басында бата бермек түгіл, бәтуалы сөз айта алмай отырған жасы үлкендерді көргенде осы тектес сұрақтар қаумалайды. Той-жиында кейбір қарттардың жастармен жағаласып, топтың алдына түсіп алып, селтеңдеп жүргенін көргенде, немересінің қылығына емес, шетел сериалының қызығына батып кеткен әже мен ұлына ғана емес, ұлтына ақыл айтар ақсақалдардың айқайшыл аяулы әже мен қадірлі қарттың қатары сиреп бара ма деп алаңдаймыз. Бүгінде әлеуметтік желіде жұлқынып, жан-жағына зәр шашып отырған аға буын ертең қандай қария болады екен деп күдіктенеміз. Ә десе, мә деп, бір сөз айтқанға он сөз қайтарып, бетпақтанып отырған әйелден қандай әже шығар екен дейміз. Кешегі абыз ақсақалдар мен асыл аналардың ізгі жолын жалғай аламыз ба, тұғырын құлатпай ұстап тұра аламыз ба деген ой маза бермейді.

Тоқсанның төріне шыққан ақсақал, академик Төрегелді Шарманов қарттыққа қатысты тәлім аларлық мынандай бір ой қалдырыпты:

«Әдемі қартаю деген – рухани көрініс. Адам айналаға жылу, мейірім шашып жүруі керек. Адамға деген жақсылық сезімі болуға тиіс. Біреу туралы керітартпа ой, көреалмаушылық сезімі пайда болса, ол адамның өмірі жақсы емес. Демек, жақсы қартайған жоқ. Өзіңді физикалық жағынан қанша күтсең, шынықсаң, адамға деген жақсы, жылы ойың да соншалықты күтімді қажет ететінін ұмытпаған жөн. Бұл адамның бет-бейнесіне бірден әсер етеді. Неге қартайған шақта да кейбіреулердің жүзінен нұры төгіліп тұрады? Бұл оның жүрегінің тазалығынан. Жүрегін кірлетпегендігінен. Жақсы қартаю дегеніміз – қанша жасқа келсең де, жүрегіңнің таза қалпында сақтала білуі дер едім», дейді Қазақ тағамтану академиясының президенті.

Өнегелі ақсақалдың осы айтқанынан түйгеніміз – әдемі қартая білу де өнер. Әрине, жас ұлғайғанда өзіңнен кішілерге қадіріңді кетірмей, беделіңді түсірмей сәнді қартаю – әр адамның арманы. Алайда ол үшін де Төрегелді ағамызша мәнді, мағыналы әңгіме қозғайтын қарияларымыздың қатары қалың болғаны жөн ғой.

«Бүгінде қариялар көп болғанымен, өздерінің қарт екенін мойындағысы келмейтіндер де аз емес. Әлеуметтік-экономикалық, тұрмыс-тіршілігіміздің, жағдайымыздың жақсарғаны болар, қазіргі 60-70 жастағылар өздерін әлі жаспыз деп ойлайды. Бұрындары 40 жасқа толғандарды қара сақалдылар, ал 60-тан асқандардан ақыл сұра деп отырушы еді», — дейді.

Ж. Бұтабаева,

Талғар аудандық КММ Қоғамдық келісім филиалының жетекшісі

Басқа жаңалықтар

Back to top button