Жақында Кеген ауданы Саты ауылдық мәдениет үйінде «Жақсы келін – ырысың» атты келіндер байқауы өтті. Ақылына ажары сай ауылдың оншақты ибалы, он саусақтары өнеріне толы келіндері бірнеше тур бойынша сынға түсті.
Ақ келіндер өздерін таныстырып, қолдарынан келетін өнерлерін ортаға салды. Ән айтып, би биледі. Ұлттық салт-дәстүр, жөн-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап берді. Өздерінің алтын қолдарынан шыққан ұлттық тағам түрлерін алға тартты. Қысқа мерзім ішінде қолдарынан келетін тоқыма, тігін секілді өнерлерін көрсетті.
Осынау байқау арқылы әр шаңырақтағы ақ келіндердің үлкендердің жолын жалғап, салт-дәстүрімізді өрістетудегі орны ажарланды. Отбасының береке-бірлігін кіргізіп, ұйытқысы бола білудегі ұстанымдары айқындалды.
Байқаудың қорытындысымен Жансая Әбішқызы І орынға ие болды. Әйгерім Дәуренқызы ІІ орыннан, Мөлдір Боталы ІІ орыннан көрінді. Жеңімпаз келіндер бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ақылына көркі, біліміне білігі сай, он саусағы өнеріне толы, салт-дәстүр жөнінде де алдына жан салмайтын Жансая ауданда өткен осындай мақсаттағы байқауда «Инабатты келін» аталымына ие болып қайтты.
Индира БІРЖАНСАЛ
Суретте: Келіндер сынында І орын алған Жансая Әбішқызы, байқау жеңімпаздары