Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыКеген келбетіҚоғам

ӨРКЕНДЕСІН МАЛ БАСЫ, ӨСЕ БЕРСІН ТӨЛ БАСЫ

Таулы өңір атанып кеткен Кеген ауданында табиғатына көндігіп кеткен малшылар қауымы малды оның ішінде саулықтарды қорадан алыс ұзатпай, суыққа ұрындырмай сәуірдің салқынын да артта қалдырғандай. Қой да аман, төлдетіліп жатқан қозы да аман, көңіл тоқ.

 Кеген ауданында жалпы 210659 бас қой-ешкі болса, соның ішінде 104707 бас саулық төлдетілуде.  Әр жүз саулықтан 95-100 қозыдан алынуда. Ауданда бұдан бөлек 25565 бас сиыр, 12889 бас бие төлдетілуде. Ет пен сүт бағытындағы жануарлардан да көңілдегідей құлын мен бұзау алынатынына сенім мол.

Жайдары шақта Кеген ауылдық округіне қарасты Жұмаш Суатаев басқаратын «Ұларлы» шаруа қожалығының орнымен атап өтсек болады. Рас, Сарытаудың баурайын мекендеген малды ауыл, төлді ауыл баршылық. Қатар-қатар қоныстанған қыстаулардың бәрінен күміс бақай қозылардың нәзік үні естіледі. Малшы үйі  мен мал қорларарының бәрін заманауи жасап алған жылы мекенде өмір оттары жарқырайды. Біз сөз еткелі отырған Жұмаш Суатаев – Кеген ауылынан шыққан еңбеккер азамат, алдыңғы қатарлы шаруа қожалығының жетекшісі. Бір отар 695 бас асыл тұқымды архар-меринос қойын өсіреді. Оның сыртында мемлекеттік бағдарлама аясында іріқара малын түрлендіру, асылдандыру ісімен де шұғылданып жүрген жан. Бұрнағы жылы ет бағытындағы «Әулиекөл» асыл тұқымды іріқарасының бұқасын әкелсе, былтыр «Ақ бас» асыл тұқымды іріқарасының бұқаларын әкеліп, 100 бас аналық мүйізді іріқарасын түрлендіруде. Нәтижесі жаман емес. «Ұларлы» шаруа қожалығының жалпы 1460 гектар жері болса, 134 гектары шабындық алқап, қалғанының бәрі жайылымдық. Жұмаштай еңбекқор, заман талабына сай шаруаларын қолына алып, жүргізіп отырған қожалықтың төрт түлік малы қыстай ырыс-құтты Сарытауды мекендесе, жаздай Жел Қарқара жайлауында болып қайтады. Қожалықтың төрт түлік малға жем-шөп дайындауға қажетті заманауи трактор, техникалары жетерлік.

– Төл алу жұмысы сәуір айының бас кезінде басталған болатын. Әрине, біз үшін аса маңызды науқан болып саналады. Оған тыңғылықты дайындықтар жасадық. Жағдайымыз жаман емес. Ұлбол, Сәбит, Ермек, Ернұр, Өміржан  секілді сенімді он шақты төлшілерім көмекке келіп, ортақ ісімізге көп үлестерін қосып келеді. Күн суықтау болып тұр. Соған қарамастан, әр күнгі шаруамызды ұйымшылдықпен жүргізіп келеміз. Дәл қазір жаппай қой төлдеп, жартысынан асып қалды. Шүкір, бәрі көңілдегідей,-дейді «Ұларлы» шаруа қожалығының жетекшісі, Қазақстан Республикасы ауылшаруашылығы ісінің үздігі, аудандық фермерлер қауымдастығының төрағасы Жұмаш Суатаев.

Рас, өңірдегі биязы жүнді, суыққа төзімді әрі төлді асыл тұқымды арқар-меринос қойы еткен еңбек, төккен теріңді ақтамай тұрмайды. Кеген ауданындағы «Сенім», «Дархан», «Құмтекей», «Тантыбай» және «Ұларлы» шаруа қожалықтарының өзінде  ғана 10395 бас арқар-меринос қойы бар. Аталған асыл тұқымды саулықтардың әр жүзінен жыл сайын жүз қозыдан алынып келеді. Сол арқылы аталған тұқым көбейген үстіне көбейуде.

Сарытауға күн шуағын мөлдірете төгіп тұр. Тау басына әдемі ақ бұлттар қонақтап алыпты. Өріс қуалаған саулықтардың соңынан күміс бақай қозылар ойнақтай ілеседі. Бірнеше күнгі жаңбырдан кейінгі дала төсі де бусанып, жайнай, жадырай түскен. Қырқаларға қылтиып шыға қалған жауқазын гүлдеріне де қызыға қарайсың. Малды ауылдағы ағайынның бірі көк қуалаған қойын қайырып, енді бірі қора маңындағы шаруаларымен алаңсыз айналысуда. Малды ауылдың, төлді ауылдың жайы осындай.

Индира БІРЖАНСАЛ

Суретте: «Ұларлы» шаруа қожалығының төлшілері

Ұлбол Енгебаев пен Сәбит Бейсеубаев

Басқа жаңалықтар

Back to top button