ТАУЛЫ АУДАНДАҒЫ ТІРШІЛІК НӘРІ
Қасиетті қара жерге өсірілетін бидай мен арпаның нәрі – су. Сусыз өнім болмайды. Бұл орайда өңірдегі су келетін каналдардың талапқа сай болғаны, істі ілгері, еңбекті жемісті етеді. Кеген ауданында жалпы 10 канал бар. Сол арқылы 9198 гектар жер суарылады. Аталған каналдардың бәрі ескірген, істен шыққан. Аса маңызды дүниелерді күрделі жөндеуден өткізудің құжаттары толығымен жасалды. Каналдарды күрделі жөндеуден өткізуге жалпы құны 5 миллиард 34 миллион теңге қаражат керек. Былтыр 1 миллиард теңге қаражат бөлініп, жұмыстар қолға алынды. «Г. С. Г. Высотник» ЖШС жеңімпаз болып, құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Алғашқы кезекте өңірдегі «Құмтекей», «Қарқара», «Мөңкебай» каналдары жөнделіп, қалыпқа келтірілетін болады. Аталған 3 канал арқылы 4661 гектар жер суарылады. Каналдарды күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары 2024 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұдан бөлек «Ұзынбұлақ», «Жылысай», «Шелек», «Ақсай», «Саты», «Иірсу», «Шет Меркі» каналдарына алдағы жылдары қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары қолға алынатын болады. Сонымен, болашақта аудандағы суармалы жерлердің жағдайы жақсарып, егіс көлемі артып, оның берері де арта түсетін болады.
Индира БІРЖАНСАЛ