Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратКеген келбетіҚоғам

КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Алматы облысы әкімінің өкімімен Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев Кеген ауданының әкімі лауазымына тағайындалды. Жаңа әкім қызметке Қазақстан Президенті Әкімшілігінің және Кеген аудандық мәслихаты депутаттарының келісімі бойынша тағайындалып отыр.

Нұрбақыт Теңізбаев 1983 жылы туған, қазақ, білімі — жоғары. 2002 жылы Қ. Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт колледжін «Дене шынықтыру және спорт», 2007 жылы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясын «Кеден ісі», 2007 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын «Дене шынықтыру мәдениетінің оқытушысы, күрес жаттықтырушысы», 2009 жылы М. Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар Академиясын «Көлікті пайдалану және тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру», 2014 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын «педагогика ғылымының магистрі» мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстан грек-рим күрес федерациясының спорт-нұсқаушысы болып бастаған. Әр жылдары Астана қаласындағы Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының грек-рим күресінен спорт-нұсқаушы, Ішкі істер органдарында, Алматы қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының №12 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің әдіскері, директордың оқыту-спорт жұмыстары бойынша орынбасары, Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры қызметтерін атқарған. 2018 жылдың қазан айынан Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымын атқарып келді.

Нұрбақыт Молдахметұлы грек-рим күресінің балуаны, жастар арасында әлем чемпионы (Стамбул, 2003 жыл), 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2009 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. «Құрмет» орденінің иегері.

Индира БІРЖАНСАЛ

Басқа жаңалықтар

Back to top button