Кеген ауданында әйгілі «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ»ФЕСТИВАЛІ дүркіреп өтті
Кеген ауданындағы әйгілі Қарқара жайлауында «Қымызмұрындық – 2023» фестивалі өтті. Өлмес тарихымызға жазылып қалған жайлауда дүбірлі той болды. Қырмызы гүлі, көкорай шалғынға оранған хан жайлау. Қашан барсаң да қымыз бен гүлдің иісі аңқыған өңір. Көпшілікке әйгілі Қарқара көтерілісі осында тұтанған. Көтеріліс қаһармандары Ұзақ пен Жәмеңкенің көңіл тоғайтар сөзін естиік деп жиналған қалың елдің басы қосылған Ереуілтөбе осында. Хан жайлау төрінде атақты Қарқара жәрмеңкесінің орны, Ұлы Жібек жолының бір соқпағы қалған. Ұлы шығармаларына өзек тапқан Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтің табаны тиген екен.
Қымызмұрындық – ұлтымыздың ежелден келе жатқан тамаша жоралғысы. Ел мен жұрттың басын қосуға, ынтымақ пен бірлікке үндеген өміршең дәстүр. Жаз жайлауға шыққанда биенің алғашқы сүті жинақталып, қорланып балдай тәтті қымызға айналғанда көрші-қолаңды, ақ баталы қарияларды, ақ самайлы әжелерді шақырып, ақ дастархан басынан дәм татқызатын ұлағатты дүние. Әрине, мұндай дастархан басында ел мен жер туралы, өткен-кеткеніміз, қазыналы шежіреміз туралы әңгімелер ортаға салынған. Бойында өнері бар жандар бір-бір ауыз ән айтып, күй тартудан бойларын аулақ ұстамаған. Бір сөзбен айтқанда, жайлауға қоныстанған ағайынның бір-біріне деген көңілдерін, ақ пейілдерін, сүттей ұйыған бірлігін, жақсы қарым-қатынасын паш етіп тұрар жоралғымыз болып қала бермек.
Айта кетейік, Кеген, Қарқара өңірі шын мәнінде таза қымыздың Отаны іспетті. Жаздай қымыз дайындап, сол арқылы игіліктерін құрайтын отбасыларының қатары жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздік жылдарында халықтық тойға, қуанышқа айналған қымызмұрындыққа естіген ел-жұрт, үлкен-кіші демей көруге асық болғаны аңғарылып-ақ тұрды. Хан жайлау толыса түскен шағында. Көк құрағы оратылып жатыр. Неше түрлі гүлдері көз тарта түседі.
Осынау ата-бабамыздан келе жатқан игілікті дүниені Алматы облысы әкімдігі мен Кеген ауданының әкімдігі бірлесе ұйымдастырды.
Қымызмұрындық фестивалінің негізгі мақсаты ұлттық сусынның құндылығын насихаттау, ұмытылып бара жатқан дәстүрді қайта жаңғырту екені айқын көрініп тұр. Ұлтымыздың жұлдызы жарқырайтын алтын ғасыры болар ХХІ ғасырелеулі өзгерістерге толы. Оның бәрі тіліміз бен дінімізді көтеруге, салт-дәстүрімізді өркендетуге, өшкенімізді жандырып, өрісімізді кеңейтуге бағытталып отыр. Бұл игілікті іс – жақсылықтың бастауы. Мемлекетіміздің болашағы болар жас ұрпаққа тағылым мен тәрбие болар ізгілікті дүние.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», — демекші, біздің қонақжай, көңілі даласындай кең, пейілі шалқар халқымызды түлік төресі жылқысыз, астың ең қастерлісі қымызсыз елестете алмаймыз. Қазақ қазақ болғалы сенімді серігі жылқы болды. Сусыны қымыз болды. Тәуелсіздігіміздің өсіп-өркендеу жылдарында жылқының да саны артты. Қымызды пайдаланудың да ауқымы кеңіді. Қырмызы гүл мен қымыздың иісі аңқыған таулы өңірімізде қазір бие байлап, қымыз әзірлемейтін шаңырақ жоқтың қасы. Ауданның қымызы үлкен сұранысқа ие.
Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелері жақсы дайындық жасапты. Қатар-қатар тігілген 40-қа жуық киіз үй тігіліп, оның жартысында қазақы дәстүр мен салт-сананы нәсихаттайтын көрме қойылды. Киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы. Әр ауыл көздің жауын алар көрмелерімен ерекшеленді. Келі-келсаппен дән түйген, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтіреді. Ат әбзелдері, қол өнер туындылары молынан ұшырасты. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін ағаштан жасалған күбінің неше түрін жайнатып қойыпты. Осы күні жиналған дүйім елдің түрлі іске, игілікке жол ашар жөн-жоралғыларымызға деген, қымбатты қолөнерімізге деген қызығушылығы мен қатар құрмет сезімінің арта түскені анық. Бұл, әсіресе, жаңадан өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жүрегінде жатталып қалары даусыз.
Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» – фестивалінің орны орасан зор. Бұл – ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауылып, оның сүті қорланып, ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар қымызмұрындыққа шақырылған. Ұлттық сусынның дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мерекеде «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын!» деп тілек айтысқан,- дейді Тасашылық шаруа қожалық иесі Әбдіқадыр Алпысбаев.
Қымызмұрындыққа жиналған көпшілікті Алматы облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байедилов құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. «Ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалар қымызмұрындық рәсімі алтын арқауын үзбей, қонақжай, бауырмал халқымыздың жақсылығына жол аша берсін», — деді. Сондай-ақ, айтулы іс-шара аясында қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі, ауылшаруашылық көрмесі, қыз қуу, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, аламан бәйге және қазақ күресі мен қошқар көтеруден сайыстар өтті.
Даланың сахнасынан әсем ән қатар өріліп жатты. Әр ауылдан құрылған ақ әжелер ансамблдерінің тоты құстай таранып, ұлттық киімдеріне малынған мүшелері қымызмұрындықтың көркіндей әсерін қалдырды. Атыңнан айналайын ақ әжелердің бірлесіп айтқан халық әндерін айтсаңызшы?! Кеген аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары, көпшілікке мерекелік көңіл-күй тарту етті. Эстрада жұлдыздары С. Нұрмағамбетова, Р. Стамғазиев Ұ. Айнақұлова, Айтгүл мен Қанат Құдайбергеновтер әннен шашу шашып, Қарқара жайлауын думанға бөледі.
Қарқараның жерінде өрнектелген әдемі той ұлтымыздың ежелден келе жатқан аламан, құнан бәйге теңге ілу, қыз қуу, аударыспақ секілді ұлттық ат спортының ойындарына ұласты. Аталған іс-шараға 100-ге жуық шабандоздар мен тұлпарлар 100-ге жуық споршылар қатысты. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль, тиісті дәрежелі грамота, кубок, бағалы сыйлықтар және ақшалай сертификаттар мен марапатталды. Жарыс қорытындысы бойынша Аламан бәйге қортындысы бойынша, Жамбылдық Әшірғалиев Орынтай бірінші орынды қанжығасына байлап, жеңімпаз атанды. Ал екінші орынды Маханов Қайрат иеленсе, үшінші орын Кеген ауданының шабандозы Қашағанов Абылайға бұйырды. Қошқар көтеруден өткен жарыстың қызығы оңайлықпен ұмытыла қоймас. Дәу қошқарды иығына салып, 101 рет отырып тұрған Жетісу облысының тұрғыны Нұғманов Айдынға тең келер ешкім болған жоқ. Қазақша күрестен Түйепалуанды анықтауға арналған жарыс та тартысты өтті. Жеңімпаз палуан жігіттердің бәріне бағалы заттай және ақшалай сыйлықтар берілді.
Қаз-қатар тігілген киіз үйлердің тұсынан көк түтін шұбатылып жатса, қазақтың сүт тағамдарына толы ақ дастархандары қонақтарынан босаған жоқ. Шетелден және алыс-жақыннан жиналған ел-жұрт бие байлайтын ағайынның шаңырақтарынан табылатын бесті қымыз, дөнен қымыз секілді көптеген атпен ерекшеленер түрлі-түрлі қымызынан дәм татты. Қонақжай шаңырақтардан қымыз иісі аңқып, ән мен жырға да кезек беріліп жатты. Қара домбырамыздың майда қоңыр үні түңліктерді желпінтіп тұрды. Қымызмұрындық – өміршең салт-дәстүріміз, ұрпаққа үлгі етер игілігіміз. Бұл –халқымыздың сүттей ұйыған тату-тәтті тіршілігінің, айнымас достығының, береке-бірлігінің жарқын көрінісі. «Ырыс қайда барасың десе, ынтымағы жарасқан елге барамын»,- деген екен. Сол айтпақшы, бейбіт күніміздің аясында ынтымағымыз жарасып, жақсылықтарға жете берейік! Осындай игілікті шараларымыз көбейе берсін.
Индира БІРЖАНСАЛ
Қарқара жайлауы