Жайлы жаздың егіні дер шағында пісіп-жетілді. Қаратал ауданында да егін орағы қызу басталып кетті. Шілденің шіліңгір ыстығымен арпалысқан шаруалар жиын-терінге жаппай кірісуде. Арпа-бидай орып, жазғы егін жұмыстарын қауырт жүргізіп отырғандардың бірі – «Ақан Смаилов» шаруа қожалығы.
Қожалық жетекшісі Ақан Жексенбіұлы биыл 140 гектар суармалы жерге егін еккен.
– Биыл 30 гектар жерге күздік бидай егіп, қамбамызды астыққа толтырып алдық. Өнім гектарына 42 центнерден айналды. Жоңышқамызды да шауып алып жатырмыз. Сонымен қатар, 45 гектарға жүгері, 45 гектарға соя, 10 гектар жерге қызылша ектік. Барлығының шығымы жақсы, – дейді Ақан Смаилов.
Бүгінде шаруасы шалқыған қожалықта тұрақты 18 адам жұмыс істейді. Жақсы өнім алу үшін техниканың жүріп-тұруы маңызды. Мұнда 2 комбайн, 2 бульдозер, «МТЗ» техникасынан 6 дана бар екен. Еңбекқор жандар күзде қалған егістіктен мол өнім алуды көздеп отыр.
Айта кетейік, аудан бойынша бидай алқабының 601 гектары толық орылып, әр гектардан 20 центнер өнім алынды. Жалпы 901,5 тонна астық жиналды. Арпа дақылдары 2574 гектардан 3,7434 тонна алынды. Яғни, әр гектардан 18-20 центнер өнім алынуда.
Мал қыстату науқанына аудан бойынша жем-шөп дайындау жоспары 148 мың 500 тонна болса, қазіргі таңда дайындалғаны – 49,5 мың тонна. Жем-шөп дайындау бойынша 35 бригада, 63 шөп шабатын, 53 шөп тайлағыш, 40 тиегіш, 100 тасығыш ауылшаруашылық техникалары жұмыс істеуде.
М. Мақсым