Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратЕскелді айнасыҚоғамМәдениет

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЕСКЕЛДІ АУДАНЫНДА

Жетісу өңіріндегі сапары барысында ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Айдарбек Қожаназаров Ескелді ауданына табан тіреді. Аудандағы біршама жұмыстарды тамашалады. Жалпы, Мемлекет басшысы Жетісу өңірін тәтті түбірдің орталығына айналдыруды һәм туризмдік әлеуетін күшейтуді тапсырған. Оған себеп те жоқ емес. Әлеуметінің әлеуеті тасыған өңірдің негізгі тұрмысы ауыл шаруашылығына негізделсе, табиғаты мен орналасқан орны туризмді дамытуға әбден қолайлы. Өркенін кеңге жая түскен Жетісу облысының қай жағынан да Ескелді ауданы драйвері десек, артық айтқандық болмас. Өйткені, қандай жаңашылдық болмасын осы ауданнан шығады десек, артық айтқандық болмас. Осындай жаңашылдықтармен танысу және мұндағы тірліктің жай-жапсарына қанығу мақсатында келген халық қалаулысы аудандағы «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігі басшылығымен алқап басында кездесіп, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелердің тінін тарқатты. Серіктестік төрағасының орынбасары Александр Хильниченко да өз кезегінде жалпы ауыл шаруашылығындағы түйінді мәселелерді тізбектеп, оның шешілу жолдарын баян етті.

Қос тарап ауылды және ауыл шаруашылығын өркендету жайын әңгіме өзегіне айналдырды. Әуелі сөз алған А. Хильниченко айтулы саладағы маман тапшылығын алға тартты. Айтуынша, қазіргі жастардың маңдайлары терлеп алқапта жұмыс істеуге құлқы жоқ. Қолға кетпен ұстағаннан гөрі кафе-ресторанда даяшы не қызметші болғанды құп көреді. Мемлекет ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығын жою мақсатында салаға қажетті мамандар даярлауда кемшін түсіп жатқан жоқ. Қолға дардай диплом алып, төрт жылын білікті маман болуға арнаған жастар ауыл сағаламай қала кезіп кетеді екен.

 – Ауылшаруашылығы мамандығын даярлауға мемлекеттік грант көп бөлінеді. Бірақ, жастар неге ауылға келмейді? Біз осы салдармен күресіп, себебіне көз жұмып жүрген жоқпыз ба? Қазір ауылдарда жастарға жағдай жасалмаған. Олар болашағын ауылмен байланыстыру үшін не керек? Қазір көп ауылда балабақша, сапалы білім беретін мектеп, Мәдениет үйі, саябақ жоқ. Жастарға керегі осы ғой. Қолайлы жағдай жасалмаған ауылда жастарды байлап та ұстай алмайсың, – деді Александр Хильниченко.

Оның сөзін қуаттаған Айдарбек Қожаназаров ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы тап қазір аса сезілмегенмен алдағы 5-10 жылда шынайы байқалатынын алға тартты. Айтуынша, бұл мәселені шешуде бағалы бастама, орайлы бағдарлама қажет екен. Соған орай Парламент қабырғасында «Respublica» партиясы атынан ұсыныс та даярлап отыр екен.

– Ауылға, ауыл шаруашылығына жастарды тарту, білікті мамандар даярлау – уақыт мінберіндегі мәселе. Біз Үкіметке тиімді жоспар ұсынбақпыз. Мемлекеттік грант бойынша ауылшаруашылық мамандығын меңгерген жас кемі 5 жыл салада жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар маман даярлауда дуалды оқытуды қолға алған жөн. Ал, Отан алдындағы борышын өтеп келген жастарды салаға қажетті мамандыққа баулу үшін ҰБТ-сыз, ешқандай емтихансыз жоғары оқу орнына қабылдауды ұсынбақпыз. Тіпті, кейбір салаға қажетті мамандықтарға жоғары оқу орнында оқытпай-ақ 1-2 жылда диплом беретін колледждерде оқыту мәселесінде қаузаймыз, — деді халық қалаулысы.

Мұнан кейін Александр Хильниченко кейбір шаруа қожалықтар мен серіктестіктердің егіндік жерлерді тиімсіз пайдаланатынын да тілге тиек етті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығынан нәпақа тауып жүрген шаруалардың дені жерді жалға алады. «Біреу біреудің ешкісін ысқырып жүріп бағадының» кері. Жерден тек пайда, өнім алуды ғана ойлайды екен.

 – Көп шаруаның мол өнімге кенеле алмай жүргеніне өздері кінәлі. Жерге де қамқорлық керек. Өңірімізде бір жерге он жылдап бір дақылды егіп жүрген шаруалар бар. Жыл сайын тыңайтқыштарды мол беріп, топырақты улап жатыр. Егіндік жерге жыл сайын әртүрлі дақыл егу керек. Оны құнарландырып, байытып отыру қажет. Ал, бізде өзгеден жалға алған соң жерді аямайды. Мемлекет ауылшаруашылық жерлерді пайдалануға оңтайлы бастама даярламаса болмайды, — деді шаруашылық жетекшісі.

Өз кезегінде А. Қожаназаров Үкіметтің егін шаруашылығындағы өнімділіктің артуы үшін құр субсидиямен ештеңе шеше алмайтынын, егіндік жерді оңтайлы пайдалану үшін бірыңғай дерекқор даярлау керегін мінберде көтеруге сөз берді.

Мұнан соң Александр Хильниченко тұқым мәселесін тізбектеді. Айтуынша, шаруалардың дені тұқымды былтыр мол өнім алған диқаннан сатып алуды дағдыға айналдырған. Қазір шаруалар тұқымды бір-бірінен алып жүр екен. Өйткені арнайы жұмыс жүргізіп жүрген институттар ұсынған тұқымдардың кеңес заманынан келе жатқан тұқымдардан өнімділігі төмен. Содан шаруалар осындай қарекетке барып отыр екен. Шаруашылық жетекшісі өз тәжірибесінде тұқым даярлайтын институттардың өнімін пайдаланып көргенін, өнімділік болмағанын да тілге тиек етті.

 – Ашығын айту керек, тұқым төңірегінде өте ауқымды мәселелер бар. Арнаулы институттардың сапалы тұқым деп шығарып жатқан өнімдері жақсы деп айта алмаймыз. Совет заманындағы тұқымдардан сапасы әлдеқайда төмен. Алып егіп те көрдік. Оң нәтиже бергені шамалы. Ал қазір сол ескі тұқымдарды әурелеп жүрміз. Тек бірнеше жыл бір өнімде бір жерге еге бермейміз. Әрі топырақты жақсылап өңдейміз, тыңайтамыз. Соның нәтижесінде жақсы өнім алып жүрміз. Әйтпесе, тұқым төңірегіндегі ауқымды мәселені қаузау керек, — деді серіктестік басшысы.

Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты айтулы мәселені де Үкіметке жеткізетініне, жалпы ауыл шаруашылығындағы бұл мәселелер жайындағы ұсыныстардың аяқсыз қалмайтына сендірді.

Жалпы, «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігі Жетісу өңіріндегі ең ірі құрылымдардың бірі. 1998 жылы Виктор Хильниченконың бастамасымен құрылған құрылым бүгінде тек Ескелді ауданы емес, тұтас Жетісу өңірінде ешкімге дес бермейді. Серіктестік тек жер төсіне егін егіп, нәпақа жинап жүрген жоқ. Жетісу өңірінде теңдесі жоқ құрылым асыл тұқымды мүйізді ірі қара тұқымы мен қой өсіріп, ырызғысын тасытуда. Бүгінде серіктестік 500 аудан тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Осынша тұрғынның отбасын асырауға септесуде.

Жоғарыда айтқанымыздай, шаруашылықтың шаруасы шалқыған. Жер төсіне жүгері, қант қызылшасы, арпа, бидай секілді дақылдарды орналастырып отыр. Серіктестік қарауында 39 мың гектар жер бар. Одан бөлек, серіктестік өз-өзін толық қамтыған шаруашылық. Мал азығын да даярлайды. Өйткені шаруашылықта 2 мыңнан астам мүйізді ірі қара және 7 мыңнан астам қой бар. Осынша малға азықты сатып алса, серіктестік мол шығынға батар еді.

Сонымен қатар, «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігі ауыл шаруашылық дайын өнім шығарумен айналысады. Сүт өнімдерін тікелей зауыттарға өткізсе, одан өзге шұжықтың оннан астам, жартылай фабрикат өнімдерінің оннан астам түрін даярлайды. Одан өзге бидайдан ұн өндіріп, макарон өнімдерінің бірнеше түрін шығарып келеді. Жалпы, «Хильниченко и К» коммандиттік серіктестігі аудан көлемінде қайырымдылық шараларын да үнемі ұйымдастыратын ірі құрылым.

М.Мақсым

Басқа жаңалықтар

Back to top button