КӘСІБІНІҢ НӘСІБІН КӨРІП ОТЫРҒАН ЖАН
Ауыл шіркін керемет қой!. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Туған өлке – тәтті екен-ғой, тәтті екен?!»,- деп жырлағандай, Түтінін көгіне қарай шұбатып, қорасында қозы-лағы маңырап, ошағында оты маздаған ауылыңа жетер, тең келер ештеңе жоқ?! Шүкір, қаласы мен даласын тең асыраған ауылдардың шырайы кіріп, берекесі мен мерекесі жарасып, болашақққа тартқан көштерін көрікті ете түсуде. Тоқсаныншы жылдардан кейін ауыл тұрғындарының дені қала маңын жағалап кеткені шындық. Оған қарағанда туған жерлерін тұғыр етіп, төрт түлік малын өсіріп жүрген азаматтар қаладан да үйлі болып, қолы жеткендер мінген темір тұлпардың мықтысын тізгіндеп, бақуатты өмір сүріп келе жатқаны – өмір ақиқаты.
Туған топырағының бары мен бағасын пайымдап, шынайы құрмет тұтып, ыстық ықыласымен елі-жеріне қайта оралып жатқандардың бары қуантпай қоймайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ерсайын Көбенқұловтай азамат Кеген ауданы Шырғанақ ауылдық округіне қарасты Талды ауылының бір перзенті екен. Талдыға барар жолдың шетіндегі «Диірмен сайы» деп аталатын сайды иелігіне алып, жан-жақты игілікті істерін бастап кетіпті. Тәуекел деп «Бастау» атты шаруа қожалығын құрыпты. Рас, қалада үйі-жайы, жақсы жағдайы бар. Кәсіпкерлікпен шұғылданған. Бірақ, қайда жүрсе де жүрегі мен жанарында тұратын туған жеріне оралып, жұмыс жүргізуді қалапты. Ауылының саф ауасына, салқын самалына, бал бұлағына тең келер ештеңе жоқ қой, шіркін?! Туған жеріңнің қастерлі де қасиетті бар атырабы, көк шалғыны, ну орманы, мөлдір суы бәрі-бәрі жаныңа нұр сыйлайды. Көңіліңді албыратады. Тұла-бойыңды жадыратады. Ғұмырыңды да ұзарта түседі.
Бір жылдың ауқымында жүргізілген істерді көріп, қуанып, жұбанып қалдық. Ерсайындай білімді, білікті, еңбекқор, қажырлы азамат өткен жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының шапағатына бөленген. Аудан орталығынан бір айлық кәсіпкерлік курсынан өтіпті. Мал өсіруге негізделген жоба-жоспарымен 4 миллион теңге жеңілдетілген несие алуға қол жеткізіпті. Бұрын құлазып тұратын Диірмен сайының қазіргі көрінісі мүлде бөлек. Ерсайын заманға лайық жайлы тұрғын үйін тұрғызыпты. Оның маңынан мал қорасын салып тастаған. Тауық қора, монша салынған. Үйінің, қорасының айналысын қоршап қойыпты. Үйіне дейін электр желісін тартқызып, түсіртіп алыпты. Жылы шаңырағында күнделікті жаңалықтарды көріп отыр. Үйдің етек жағындағы бір гектар жерді тыңайтып жатқан жайы бар. Картоп, басқа да дақылдар өсірмек. «Диірмен» сайы аты айтып тұрғандай, өз тұсында ауыл мен ауданның игілігі болған екен. Үлкен су диірмені арқылы ұн тартылып, халық қажетіне жаратқан. Аталған сайда диірмен үшін жасалған көл бар. Оған келетін жап-жақсы су көзін жақын маңдағы бастаудан алып жатыр. Бастаудан осынша мол өзен суының қысы-жазы бір тынбай ағып жатқанына әрі таңдандық, әрі қуандық. Жер астынан мөлдірей шығып жатқан бастау суының сондайлық таза әрі емдік қасиетінің де барына күмәнданбадық. Тереңдігі 4 метрге дейін баратын көл айнадай жарқырап ауқымды жерді алып жатыр. Ерсайын ағамыз былтырдан бастап оған балық жіберіп, балық өсіруді қолына алыпты. Ең негізі, көлдің айналасына көшеттер өсіріп, қайық әкеліп, адамдар демалатын орынға айналдырсам деген жақсы ниеті жоқ емес. Жаз маусымында көрнекті жерге қазақ үйлерін тігіп тастап, бие байлап, адамдар қымыз ішетін орын жасасам деген жылы ниеті тағы бар. Мұның бәрі құптарлық, қолдарлық дүние. Басын бастаудан алып құралып жатқан айна көл көрген жанға қуаныш сыйлары анық. Өзіміз де сондай тамаша күйде, сезім ауанында болдық.
Кәсіпкер Ерсайын аға былтыр алған несие қаражатына 14 бас сиыр сатып алыпты. Қазір сиырлары бұзаулап жатыр. Сыртқы қораның ауласында жүрген 5-6 бұзауды көзіміз шалып қалды. Өсімтал мал саналатын елудей ешкісі бар екен. Жарамды аты, бірнеше жылқысы жайылып жүр. Жанға керектінің бірі-ғой, жиырмадай тауық өсіріпті. Сапалы, дәмді жұмыртқаны алыстан іздемейді. Үйдің жақын маңына су ағып жатқан арықтың жиегіне тал-терек отырғызып тастағаны жанымызды жылытты. Шын мәнінде Ерсайын құрған «Бастау» шаруа қожалығының бастап жатқан, қолына алып жатқан шаруалары қуантарлық.
Ерсайын Көбенқұловтың Гүлзада Омаровадай жарынан Азамат атты ұлы, Айгерім атты қызы бар. Екеуі де отау көтерген. Ұлынан немере сүйіп отырған жайы бар. Былтырдан бері қарай бала-шағасы «Диірмен» сайындағы тамаша табиғат аясында демалып қайтып жүр.
– Алдағы уақытта көлдің етек жағынан адамдар серуендеп келіп, моншаға түсетін, демалып отыратын арнайы орындар жасап, туризмді қолға алсам деген ойым бар. Соған орай жоба-жоспарымды жасап, облыс әкімінің грантына қатыссам деген ниеттемін. Туған жерімнен айналайын! Бастаған ісім сәтімен сабақталып жатыр. Соған қуанам, — дейді Ерсайын аға ағынан ақтарыла.
Рас, қаладан ауылына оралған жігіт ағасы қуаныш құшағында. Тұлғасы тауларындай асқақ, жүзі көркем жерлеріндей шырайлы. Тауының арайлы таңын қарсы алып, керім кешімен нұрланып жүрген жайы бар. Туған жерінің бір саласында төрт түлік мал өсіріп, көлдің айналасын демалыс орнына айналдырсам деген ізгі ниеттегі Ерсайын Көбенқұловқа ісіне сәттілік, деніне саулық тіледік! Еңбегіңіз елене берсін демекпіз!
ИндираБіржансал