13 ЖАҢА АВТОБУС ОҚУШЫЛАРҒА БЕРІЛДІ
Талғар аудандағы өзекті мәселелердің бірі – оқушылардың тасымалдауын ұйымдастыру. Аудан бойынша жыл сайын 16 елдімекен, 10 саяжай, 21 ықшам ауданнан 6 мыңнан астам оқушы жақын орналасқан мектептерге тасымалданып, оқытылуда. Жаңа оқу жылы қарсаңында балаларды мектепке тасымалдаудың қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында 13 жаңа автобус «лизингтік қаржыландыру» бағдарламасы аясында облыстан беріліп отыр.
Өткен аптада аудан басшысы Танат Айдарбеков сол 13 автобусты мектептерге табыстады.
«Бұл автобустар тасымалданатын оқушы саны көп Жаңалық, Айғаным, Еламан, Нұра, Қызыл Ту, Панфилов, Төңкеріс, Бесағаш, Тұздыбастау, Еркін ауылдарындағы мектептерге берілді. Бүгінгі автокөліктер балалардың игілігіне қызмет етіп, терең білім алудағы жаңа белестерді бағындыруға себепкер болсын», — деді өз сөзінде аудан басшысы.
Бұл тек аудан көлемінде ғана емес, бүкіл облыстағы ауқымды мәселе. Қазіргі таңда облыс бойынша 339 мыңнан астам бала білім алса, оның ішінде халқы тығыз орналасқан аудандардағы 199 елдімекеннің 30 764 оқушысы тасымалдау арқылы оқып жатыр екен.
Сол себепті, облыстан автобустарды сатып алуға 2 млрд 272 млн теңге жұмсалып, Еңбекшіқазақ ауданына — 5, Жамбыл ауданына — 2, Талғар мен Іле ауданына 13-тен, Ұйғыр ауданына 1 автобус бөлінген болатын.
Мұндай жақсы жаңалықты естіп жергілікті тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Заманауи көліктер – америкалық зауыттың өнімдері. Мұнда балалардың қауіпсіздігіне баса көңіл бөлінген. Айталық, автобус есігі жабылмаса, техника орнынан қозғалмайды. Сонымен қатар, қауіпсіздік белбеулері, сөмкелерге арналған сөрелер, бейнебақылау камерасы бар. Тағы бір басым тұсы – қозғалысы шектеулі, яғни жүріп-тұруы қиын балалар үшін арнайы көтергіш қарастырылған. Қыста балалар дизель отынымен жүретін автобуста тоңып қалмас үшін көлік ішінде алты радиатор орнатылған.
«Бастысы, осы балаларымыздың қиналмай білім алғаны. Баяғыда салдырлаған жаман автобус, кондер түгілі, аязда печкасы жоқ. Аязда тіпті жарты жолда қатып, балалар кішкене күнінде мектепке дейін жаяу барған күндері болған. Кейін Жолан марқұм жаңа екі автобус бергізген еді. Жыл сайын әйтеуір жақсарып келеміз, ақырындап. Балаға білім алу азап болған күн артта қалды», — дейді Қайнар ауылдық округінің тұрғыны Әлия Әбілсейтқызы.
Акан АКЫЛОВ