Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыКеген келбетіҚоғамМәдениет

ЕҢБЕГІ ЕЛЕУЛІ КІТАПХАНАШЫ

Кеген ауданында өз ісін жақсы білетін, тәжірибелі кітапханашылар аз емес. Солардың қатарында Жалаңаш ауылдық кітапханасының меңгерушісі  Нұркүлсін Құдайбергенованың есімі құрметпен аталады. Жай кітапханашы емес. Бойына түрлі өнері жарасқан кітапханашы. Қаскелең қаласындағы қазіргі мәдени-ағарту колледжін хор дирижері мамандығы бойынша бітірген. Кейін сырттай оқып, кітапханашының мамандығын алған. Әулетіп ән салып, тыңдарманын ұйытып тастайтын жайы бар. Мәдениет пен өнердің қызметкері болғандықтан биден де құры алақан емес. Жалаңаш ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған әжелер ансамблінің белді мүшесі. Ол қолөнердің де шебері. Қолынан шыққан түрлі-түрлі құрақ көрпелер, қыздың жасау-жабдығы көздің жауын алып жатады. Мектепті бітіргеннен кейін тігінші де болып істеген.  «Күміс алқалы» асыл ана, шаңырағының  ырысы мен берекесі, мерекесі. Мынау жарық дүниеге 3 ұл, 3 қызын әкелді. Өмірден тым ертерек мәңгілік сапарына аттанған аяулы жары Есенболат Көпбаевты сағына есіне алып отырады.

-Күндерім мен гүлдерімді  кішкентайынан бағып-қағып, өсірем деп бірсыпыра жылдар үйде отырып қалдым. Шүкір, ақ бесікте тербетіп, ақ сүтімді беріп өсірген балаларымның бәрі үмітімді ақтауда. Алдыңғыларының бәрі жоғары білім алды. Әр салада жұмыс істейді,-дейді Нұркүлсін күлімдей тіл қатып.

   Рас, мынау жарық дүниеге келген соң жолыңды, өміріңді жалғар ұрпақ өсіргенге не жетсін?! Үлкен ұлы Дәурен  туризм және спорт академиясын бітірген. Ұстаз болып еңбек етеді. Өнерлі, күйші. Данадай қызы екі бірдей жоғары оқу орнын қызыл дипломмен тәмәмдаған. Қазір жұмысын дөңгелетіп жатқан бизнесмен. Көпбайдай ұлы суретші. Алматы қаласын безендіруде лайықты қолтаңбасы бар. Гүлданасы да Алматы қаласында. Бір шаңырақтың отанасы. Дәулет пен Айзадасы студент. Бірі болашақ – эколог, бірі  – журналист.  Нұркүлсіннің келін алып, қыз ұзатып, алтындай немере сүйіп отырған жайы бар.

   Жалаңаш ауылдық кітапханасында  22 мың кітап қоры бар. Мыңға тарта оқырманы тұрақты байланыста. Тәжірибелі кітапханашы мерекелерге, жыл ерекшелігіне, қазақ әдебиеті тұлғаларының мерейлі жылдарына орай түрлі кештер, оқырмандар конференцияларын өткізіп тұрады. Ауылдағы қос мектепте, оқу-өндірістік комбинатында, «Көлсай көлдері» кәсіптік-техникалық колледжінде болып, ондағы тәлім алушы жас ұрпақ арасында зерделі іс-шараларын өткізіп жатады.

– Өз тұсымда жас орындаушылардың  республикалық байқауында Екібастұз қаласында Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Бақтияр Тайлақбаевтармен бірге сахнада ән айтқан кезім болды, — дейді Нұркүлсін сыр шертіп.

 Біз сөз етіп отырған мәдениет қызметкері Жамбыл облысы Байзақ ауданының бір түлегі. Мойынқұмда 10 сыныпты бітірген. Бүкілодақтық және республикалық  өнер байқауларының 1 және 2 дәрежелі дипломын иеленген лауреаты. Әншілік өнері бар Нұркүлсін екінің біріне жалын ұстата бермейтін Латиф Хамидидің «Бұлбұлын», «Қазақ вальсін»  шебер орындайды.  «Күміс алқалы» ана ретінде ертерек зейнет демалысына шыққанымен әлі де қал-қадірінше ел-жұртына қызметін көрсетіп келе жатқан Нұркүлсінге  өмірдің бар жақсылығын тілейміз!

Индира БІРЖАНСАЛ

Басқа жаңалықтар

Back to top button