Ескелді ауданындағы «ТеkТаu» ЖШС-і 300-дей араның ұясын ұстап, омарташылықпен айналысуда. Серіктестік жылына 100 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Өзі өндіргенімен қатар олар балды жергілікті омарташылардан да сатып алады. Балдың сапасы мен тазалығы арнайы зертханаларында тексеруден өтеді. Өнімдерін отандық нарыққа, БАӘ мен Ресейге және Қытайға экспорттап отыр.
Кәсіпорын директоры Руслан Кутлуковтың айтуынша, кәсіпорынның басты міндеті – табиғи таза өнім өндіру, соған сәйкес компания «ТеkТаu-дың» балы әр шаңырақта болуы тиіс» деген ұранды ұстаным етіп алған.
– Балдың сапасы мен тазалығы өндірістің бүкіл кезеңінде бақыланады. Оның стандартқа сай болуын жіті қадағалаймыз. Әр тұтынушымызды нағыз тау балының дәмімен тамсандырсақ дейміз. Біздің зертханамызда балдың құрамындағы дәрумендер мен пайдалы қасиеттерді төмендетуге әсер ететін заттарды анықтаймыз. Сол сияқты аралардың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастырамыз, — деді Р. Кутлуков.
«ТеkТаu» ЖШС балдың 4 түрін – тау, орман, қыр балдарын және Алтай тауының балын өндіреді. Балдың қаптамасына ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, тау балы жөке ағашынан жасалған, іші балауызбен өңделген бөшкеге, сол сияқты шағын пластикалық ыдыстарға құйылады. Оған қоса балдың барлық түрі шыны банкаларға, ал бал ұяшықтары ағаш қораптарға салынады. Мұндай әсем безендірілген бренд өнімді таптырмас сыйлық дер едік.
– Арадан көп нәрсе үйренуге болады. Ол бізге пайдалы өнім беріп қана қоймай, еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа үйретеді, топпен жұмыс істеудің артықшылығын түсінуге көмектеседі. Араның бал жасау процесіндей күрделі процесті ештеңемен салыстыруға болмайды. Мысал үшін бірнеше деректі келтіре кетсем. Ара гүл шырынын өзінің артқы екі аяғында болатын арнайы қуыс — «бал сауытында» сақтап, оны омартаға жеткізеді. «Бал сауытының» сыйымдылығы шамамен 70 миллиграмм, бірақ оны толтыру үшін араға 1000-1500 гүлге қонып шығуына тура келеді. Өңделген шірнені ұяшықтың бір тор көзінен келесі бір тор көзіне ауыстырып, желдетіп, артық ылғалын әбден кетіреді. Мұның өзі 8-10 күндей уақытты алады. Бұл кезде одан әлі жетілмеген бал шығады. Оның булануын тездету үшін аралар қанаттарымен желдетеді. Омартаның жанына келгенде естілетін уіл — сол дыбыс. Ара балды осылай жасайды. Шырын ұяшықта тиісті қоюлық деңгейіне жеткенде балға айналады. Балы бар ұяшықтар балауызбен жабылып, өнім пісіп-жетіледі. Бір килограмм бал алу үшін омартадағы аралар шамамен 10 миллион гүлді аралап шығады. Әрине, балды бір емес, бірнеше ара жинайды. Бірақ бір араның өзі атқаратын жұмыс аз емес: бір күнде жұмысшы ара 5-7 мың гүлге қонады, — дейді омарташы.
Ара шаруашылығымен айналысудың ерекшелігін баяндай отырып Руслан Кутлуков аралар туралы тағы бір таңырқатар дерек айтты:
– Бір қызығы, қай жақта шырынды гүлдердің көп екенін білдіріп, басқа араларды көмекке шақырғанда ол билейді. Оның жылдамдығы мен би қимылдары шырынды алқаптың қашықтығы мен бағытын көрсетеді. Қазіргі кезде біздің алқапта 300-дей араның ұясы орналастырылған. Компаниямыз бал шаруашылығымен 2015 жылдан бері айналысады, кәсіпорынды 2018 жылы аштық. Осы уақыт аралығында едәуір тәжірибе жинақтап, жоғары біліктілік деңгейіне жеттік. Қазіргі кезде біздің балымыздың нарықта өз орны бар, экспортта да бағаланып, ел азаматтарымен қатар БАӘ мен Қытай тұрғындары да тұрақты тұтынатын болды, — дейді ол.
Жалпы «ТеkТаu» ЖШС Ескелді ауданының Сырымбет ауылында орналасқан. Онда балды қаптау цехы, балды кристалдандыруға арналған термокамерасы бар, сол сияқты қойма орындары мен кеңсе орналасқан. Кәсіпорында 10 адам жұмыс істейді.