Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыБасты ақпаратҚоғамТалгар информацияТалғар - ақпарат

АУДАН ӘКІМІ МӘСЛИХАТАЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

19 қыркүйекте «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес Талғар ауданы әкімі Танат Айдарбеков сегізінші шақырылған Талғар аудандық мәслихатының кезекті ІX сессиясында аудандық депутаттар алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есеп берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындау барысында бізді алдымызда қызу жұмыстар күтіп тұр. Азаматтарымыздың өмір сүру деңгейінің өсуі, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның дамуы, жаңа мектептер, үйлер, жолдар және еліміздің өркендеуі, халқымыздың бірлігін сақтайтын басқа да нақты істер біздің жұмысымыздың басты нәтижелері болып табылады», — деп өз сөзін бастаған аудан басшысы осы жылдың 8 айында аудан экономикасында қол жеткізген жетістіктерге тоқтала  кетті.

Атап айтсақ, аудан бойынша орташа айлық еңбекақы көлемі 15,6 пайызға өсіп, 279 мың  теңгені құрады. Аудандық бюджеттегі еңбекақы, жәрдемақы, және басқа да әлеуметтік төлемдер толығымен  уақтылы  төленді.

Мемлекеттік бюджетке    түсімдер  көлемі  45,3 млрд.теңгеге  жетіп, жоспар 107,1% орындалған.  Оның  ішінде  республикалық  бюджет – 21,7 млрд.  теңге, жергілікті бюджет – 23,6 млрд. теңгені  құрады. Аудандық бюджетке 6,9 млрд. теңге  түсіп,  болжам  126,6 %   орындалған. Шығындар  көлемі   12,5 млрд. теңгені құрап   98,6  % игерілген.

Біздің аудан аграрлық аймақ ретінде ауылшаруашылық өнімдерін өндіруден облыс көлемінде 5-орынды  иеленіп, өнім  көлемін 27,3 млрд. теңгеге жеткізді.

Егіс алқабы 33,6 мың гектарды қамтыды. Оның: 15236 га дәндік-дақылдар, 4500 га майлық дақылдар, 2900 га картоп, 2820 га көкөніс, 220 га бақша дақылдары және 7982 га жем-азықтық дақылдар. Былтырғы жылмен салыстырғанда 360 га көбейіп, жоспарланған алаң 100% орындалды.

Ауыл шаруашылығы дақылдарын ору науқаны басталды. Бүгінгі күнге 9036 га дәнді – дақылдар алқабынан 14757 тонна өнім алынып, гектарына орташа өнімділігі 16,3 центнерден айналуда. Сонымен қатар, мал азықтық дақылдар, оның ішінде, көпжылдық шөптерді 3-ші шабу жұмыстары аяқталуда. 5782 га көпжылдық шөп алқабынан 73498 тонна шөп шабылып, гектарына орташа өнімділігі 45 центнерден айналды. Бүгінгі күнге есепте тұрған мал басын, мал қыстату науқанына жем-шөппен толығымен қамтамасыз ету мақсатында 14900 тонна сабан жиналып, 28200 тонна пішендеме бастырылып, 100% толығымен орындалды. 73500 тонна шөп шабылып, 90%,  13200 тонна жем-азықтық дақылдары дайындалып, 77,2%, 39800 тонна сүрлем дайындалып, 80,1% орындалды. Мал азығын дайындау жұмыстары қыркүйек айының аяғына дейін жалғасып, толығымен 101,5% орындалады деп күтілуде. Мал өнімдерін өндіру бойынша 7841 тонна ет, 45520 тонна сүт, 18,9 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Беларуссия мемлекетіне 80 тонна сиыр еті экспортталды.

Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында, құны 232 млн.теңгені құрайтын, 27 жоба құжаттары «Қонаев» ӘКК жолданды. Қосымша 15 жоба құжаттары әзірлену үстінде. Ауыл шаруашылығы жануарларын  жаюға аудан тұрғындары 7240 га алқаппен қамтамасыз етілді. Өнеркәсіпте 57,4 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 107,4 % құрады.

5 жаңа  өндіріс  орындары  ашылып, 395 млн. теңге  инвестиция  тартылған,  99 жаңа  жұмыс орындары  құрылды. Олар: Кеңдала ауылындағы  метал-пластик бұйымдарын құрастыру және орнату, Алмалық ауылындағы   нан-тоқаш өнімдерін өндіру, Жалғамыс ауылындағы нан өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығару, Қызыл Қайрат ауылындағы жиһаз шығару, Талғар қаласында пластмасса бұйымдарын шығаратын цехтар.

Бүгінгі күні ауданымызда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 19193 бірлікті құрап отыр, 36,5 мың  адам жұмыс істейді. 166,7  млрд.теңгенің  өнімі өндіріліп,  салық түсімдер  24,8 млрд. теңгені құрады.

Ауданда  34 туристік объектілер  қызмет  көрсетеді. Оның 12 Талғар қаласында,  22 ауылдық  елді мекендерде,  607  адам жұмыспен қамтылған. Көрсетілген қызмет көлемі 832 млн.теңгені құрады, қызмет көрсетілген келушілер саны – 15848 адам.

«Жұлдыз» көпфункционалды сауықтыру және туризм экокомплекстің салу жобасы іске асуда, жобалық қуаттылығы – 15 мың шаршы метрге дейін. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 56,9 млрд.теңгеге жетіп, нақты көлем индексі  115,0% құрады.

2023 жылы жүзеге асырылатын 5 инвестициялық жобалар арқылы 18,4 млрд тенге инвестиция тартылмақшы: Ресейлік «ТехноНИКОЛЬ» компаниясының энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдарын шығаратын екі зауытың салу, «Каз метпродукт»   металл сым өндіру зауытын салу, «Алматы», «Байсерке Агро» ЖШС   сүт тауарлы фермаларың  кеңейту; «Алел Агро» АҚ  Венгриядан тәуліктік балапандар сатып алу.

206,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Талғар қаласында 9 қабатты 72 пәтерлік 5 тұрғын үйдің құрылыс  жұмыстары  жүргізілуде. Оның ішінде 2 үйдің  құрылысын жүргізген «Шах» мердігер мекемесіне өз жұмыстарын уақытылы орындамағаны үшін ауданаралық арнайы экономикалық сотына талап арыз жіберілді. Қазіргі таңда Алматы облыстық ауданаралық арнайы экономикалық сотына қаралуда. 3-ші үйдің құрылысы, инженерлік желілердің болмауына байланысты тоқтатылған. 4, 5 үйлердің құрылыс жұмыстары жалғасуда.

Бесағаш, Нұра және Қызыл Қайрат ауылдарында қызметтік тұрғын үймен біріктірілген участкелік полиция пункттерін  жалпы сомасы 315 млн. теңге құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан халқымен 2023 жылдың басынан бері    өткен  31 кездесулерде   365 проблемалық мәселелер  көтерілген. Көтерілген мәселелер негізінен  алғанда  инфрақұрылым бағытында болып отыр. Яғни  жол, ауыз су, газ, көше жарықтары және  тағы басқа  мәселелер. Тұрғындарды   таза сумен қамтамасыз  ету  де  өз шешімін табуда. Бүгінгі  күнге  48 елдімекеннің 45-сі орталықтандырылған су жүйесі  қосылып  93,7%  құрап отыр. Үстіміздегі жылы  Талғар топтық су құбырына 2  және 5  кешенін қосу жұмыстарының  аясында  75 шақырым   су желілері  салынып,  15,2 мың адам таза сумен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Талғар қаласының 235 шақырым сумен жабдықтау желілерін қайта құру жобасы бойынша ЖСҚ әзірленуде. Бұдан бөлек, 13 ауылға сумен жабдықтау жүйесін салу және қайта құруға ЖСҚ әзірленуде.

Ауданның елдімекендерін  газдандыру мәселесі  — негізгі әлеуметтік бағыттардың бірі. Аудандағы 48 елдімекеннің 32-де  газ  жүргізілген (66,7 %). Еламан, Көктал, Қайнар ауылдарында газдандыру жұмыстары жүргізілуде, жұмыстар  аяқталғанда  газдандыру деңгейі 66,7% дан 72,9 % ға дейін өседі. Қалған 13 ауылға Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тарапынан ЖСҚ әзірленуде. Аудандағы 68 көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамту мақсатында 19 блокты-модульды қазандықты орнатуға жобалау жұмыстары жүргізілуде.

Талғар қаласы Әуезов шағын ауданының 10,4 шақырым  электр желілерін  күрделі жөндеу  жұмыстар жүргізілуде, осы мақсатқа бюджеттен 198,6 млн. теңге  бөлінді.

Жыл басынан бері аудан бойынша жалпы ұзындығы  110 км 121 көшелерге  3491  жарық бағаналар орнатылды, бюджеттен  631 млн. теңге қаражат  қарастырылды. 10 елдімекенде электр беру желілерін салуға және реконструкциялауға ЖСҚ әзірлеу жүргізілуде.

Жол жөндеу жұмыстарына тоқталсақ,  ағымдағы  жылы   ауданның  қала, ауылдық елдімекендерге жол  жөндеу  жұмыстарына  2,7  млрд. теңге қаражат қарастырылды:

— 23 көшеге 29,3 шақырым жолдарға орташа жөндеу жұмыстарына —  1 651,4 млн. теңге.

— 43 көшеге 30 шақырым жолдарға  ағымды жөндеу жұмыстарына -739,3 млн. теңге. 

— 16 көшеге 15,7 шақырым жолдарға қиыршық тас төсеу жұмыстарына 300,6 млн. теңге бөлінді. 

Бүгінгі таңда 60 км жолдар немесе  80% жөнделді. Қазан айының соңына дейін жұмыстар  толық аяқталып, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың  үлесі  60,0%-дан   65,0%-ға өседі.

Жолаушылар тасымалына келетін болсақ. Аудан бойынша барлығы 11 ауданішілік автобус маршруттары жұмыс істейді. Тасымалдау қызметін «Тұлпар экспресс» ЖК жүзеге асырады. Тасымалдаушыға субсидияларға 559,2 млн. теңге бөлінді. 70,0 % жұмыс орындалды. 80 теңге тарифі ҚР Әділет министрлігімен нормативтік-құқықтық актімен бекітілген, электрондық билет «Алем Пэй» жүйесі жұмыс істейді.. Оқушылар үшін жол ақысы 50% жеңілдікпен (40 теңге). Алматы мен Талғар арасындағы қоғамдық көлік мәселесі-тұрғындар автобустардың адамдар ағынымен үйлесімділігі мен үйлесімсіздігіне үнемі шағымданды. Осы мәселені шешу мақсатында «Алматы-Талғар» бағытымен жүретін №207 автобус маршруты қызмет көрсетеді. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап тасымалдаушы «Думан-Транс» ЖШС-гі 22 бірлік автобустар алды, сыйымдылығы 30 орындық (80 адамға дейін), ұзындығы 11,5 метр, 2-уі резервте, жүру интервалы 7 минут.

Әлеуметтік  саладағы  ең  ауқымды  салалардың   бірі – білім саласы. Ауданда  жалпы білім беретін 51 мектеп (о.і 44 мемлекеттік, 7 жекеменшік мектеп), 2 мектепаралық оқу-өндірістік мекеме, 5 мектептен тыс қосымша білім беру мекемесі, 2 облыстық мектеп-интернат жұмыс жасайды. 2022-2023 оқу жылында   11 сыныпты  1741  оқушы бітіріп, 1012 оқушы (58%) білім грантын иеленді. 113  «Алтын белгі» үміткерлерінің 95-і өз білімдерін дәлелдеп, мемлекеттік грант иеленді.  2021-2022 оқу жылында білім сапасы 60,2% болса, 2022-2023 оқу жылында 68,7% өсті. Демографиялық ахуал мен ішкі көші-қонға байланысты мектептерде орын тапшылығы сақтал ауданның 6  мектебі  үш ауысыммен  жұмыс жасауда. Үш ауысымды  мектептерді  жою мақсатында  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 12 жаңа мектептер  салу жоспарланған. 2023-2024 жылдары — 7 мектеп: «Айғаным» ш.а (600 орын), Тұздыбастау а.(1500 орын) Жаңалық, Жалғамыс Талдыбұлақ а. (600 орын), Төңкеріс а.( 600 орын), Қызылту а. ( 900 орын). 2024-2025 жылдары — 5 мектеп: Қызыл Қайрат, Кеңдала, Тұздыбастау а. (900 орын), Байбұлақ а (1200 орын), Талғар қ. ( 1500 орын). Казіргі уақытта Тұздыбастау ауылындағы (1500 орын), Қызылту ауылындағы (900 орын) мектеп құрылысын жүргізу үшін қоршау жұмыстары басталды.

Білім саласындағы өзекті мәселелердің бірі мектебі жоқ елді мекендерден оқушыларға тасымалдау ұйымдастыру. Талғар ауданы бойынша 16 елдімекен, 10  саяжай кооперативі, 21 ықшам ауданнан 6502 оқушы тасымалданады. Бұл мақсатқа 2020 жылы мектептер теңгерімінде 10 автобус берілген. Ағымдағы жылдың шілде айында облыс әкімінің қолдауымен оқушыларды тасымалдауға тағы 13 автобус қосымша бөлінді. Алайда, бұл автобустар елдімекендердің ара қашықтықтарына байланысты жеткіліксіз. Әлі де болса 17 автобусқа қажеттілік бар. Мәселен, Талғар ауданының  1032 оқушысы  Іле ауданының Өтеген батыр ауылындағы 4 мектебіне  Талғар ауданы бойынша білім бөлімінің  ұйымдастыруымен тасымалданып, оқытылады.

25794 оқушыны  тегін ыстық тамақпен қамтуға 727,111 млн. теңге қаржы қарастырылды.  Жалпыға міндетті білім беру қорынан 8006 оқушыға мектеп формасын алуға әр балаға 40 мың 567 теңге  жалпы сомасы 324,8 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді.  Республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер тарапынан 615 бала мектеп формасы және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл акция қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Белбұлақ ауылындағы №10, Нұра ауылындағы №12 орта мектептерді, Панфилов ауылындағы №4 бала бақшаны  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізуге 2,4 млрд. теңге бөлінді. Білім нысандарын іске қосу 2024 жылға жоспарлануда. 33 ауылдық мектептерге турникет, бейнебақылау камералары орнатылып, 15 мектептің дәретханаларының ішкі жабдықтары мен 19 мектептің интернет желісі жаңартылды. 3 мектептің жылу қазандықтарын ауыстырылып, 7 мектеппен  2-і қосымша білім беру ұйымы газ жүйесіне қосылды. Мүмкіндігі шектеулі ата-аналар мен оқушылардың білім беру ұйымдарына кедергісіз кіріп-шығуы үшін 4 мектепке пандус орнатылып, жаңа модификациялық  кабинеттер 9 мектепке алынды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1-қыркүйектен бастап 1000 — нан астам оқушысы бар 16 мектепке арнайы күзет қызметі  енгізіледі.

Ауданда барлығы 207 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді — 6 мемлекеттік, 199 жекеменшік балабақша  және мектептердегі 2  шағын орталық. Ағымдағы жылдың 8 айында 1033 орындық 17 жекеменшік балабақшалары ашылып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту  1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды 96,7 %, 3 жастан 6 жасқа дейін — 99,7% құрады.

Аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайту, сырқаттарды емдеу мен аурудың алдын алу мақсатында   35 мемлекеттік денсаулық сақтау  мекемелері  халыққа қызмет  көрсетеді. Ағымдағы жылы орталық аудандық ауруханада желдету және жылыту жүйесі толығымен ауыстырылды. Белбұлақ ауылындағы ауылдық дәрігерлік амбулаторияға 800 шаршы метрге 2 қабатты ғимарат сатып алып, қүрделі жөндеу жұмыстар жүргізілді. Панфилов ауылындағы ауылдық ауруханасына маммограф аппараты орнатылды.

Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы  аясында 48,3  млн.теңгеге 35 адам өз ісін ашуға  мемлекеттік грантқа ие болды. 100 жұмыссыз азамат ағымдағы оқыту жоспарланып, 84 адам жолданды. 135 түлек жастар практикасына жолдама  алып, 97 жұмыссыз  азамат әлеуметтік  және  1103 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Өтініш берген  4127 жұмыссыз  адамның 2223-і  немесе 53,9% экономиканың түрлі салаларына жұмысқа орналастырылды. Аудан   көлемінде   өнеркәсіп  орындарын    ұлғайту, кіші  және  орта  кәсіпкерлік   нысандарының  іске  қосылуынан  2662   жаңа  жұмыс орындары ашылып,  жұмыссыздық  деңгейі 4,6  пайызды құрады. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек бойынша кеңес алуға – 1522 отбасы жүгініп, оның ішінде – 1998 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды (адам саны 9048 құрайды). Көпбалалы отбасылар саны – 1119.  Қазіргі таңда  584,5 млн.  теңге төленді.

Мәдениет саласы бойынша  «Ауыл Ел Бесігі»  бағдарламасымен  Бесағаш ауылының мәдениет үйіне  күрделі жөндеу  жұмыстары   аяқталып, 15 адам тұрақты жұмыс  орындарымен  қамтылған. Талғар қаласындағы  аудандық мәдениет үйінің  жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгінгі таңда жабдықтар сатып  алынуда. 

«Барлық атқарылып жатқан жұмыстар негізінен аудан халқының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Алдағы  уақыттағы жергілікті  атқарушы  органдардың жұмыстарындағы негізгі басымдылық – ауданға инвестиция тарту арқылы  салық базасын ұлғайту, сәйкесінше жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан  тұрғындарының  тұрмыс – тіршілігін жақсарту  мақсатындағы  жұмыстарды жалғастыру болмақ», — деп өз сөзін қорытындылады аудан әкімі Танат Айдарбеков.

Аудандық маслихат депутаттары аудан басшысының есебіне қанағаттанып, жұмысына сәттілік тіледі.                              

Акан АКЫЛОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button