Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМәдениетТұлға

ҰЛТЫНА ҰСТАЗ БОЛҒАН БАТЫР

Тарихымыздың қай белесiнде де халқымыздың абыройын өсiрiп, ұлттық мақтанышына айналған тұлғалар аз болмаған. Ел шетiне жау тиiп, сүттей ұйып отырған бейбiт қауымның басына қатер төнгенде ұранымен атойлап, байрағын желбiретiп, елiм деп еңіреген арыстан жүрек, мықты бiлек, ардың, елдiң, жердiң амандығын, бауырдың бүтiндiгiн көксеген бабаларымызды аңыз еттік. Ұлттың рухын асқақтатып, мерейiн өсiрген, ұлыларымызды, жақсысы мен жайсаңымызды ұлықтап келер ұрпаққа үлгі өнеге еткен халықпыз. Міне, биыл сұм соғыстан бері талай жыл өтсе де тарих парақтары күні кеше ғана болғандай қиян-кескі ұрыстарды көз алдымызға жайып салып, қарап тұратындай. Осы бір сұрапыл соғыста өзіндік ерлігімен көзге түскен қазақтың біртуар ұлы Шолпанқұл Құлымбаев туралы әңгіме тербегiмiз келiп тұр.

Бүгінде ұлтына ұстаз болған батыр ағамыз 100 жасқа келер еді. Құлымбаев Шолпанқұлдың өмірден өткеніне биыл 11 қазанда 39 жыл толады. Ғасырдың ширегіндей біз үшін сарғайған сағынышқа толы уақыт қайырылмастан артта калып барады. Өзiмен бiрге еңбек еткен қызметтестерi, достары, ағайын-туғандары болмаса, кейінгі ұрпақ ол кісінің өмірін біле бермес. Ш. Құлымбаев Алматы облысы, Балқаш ауданы, Куйбышев колхозында дүниеге келген. Шолпанқұл атамыз алғашқы еңбекке араласа бастаған уақыты 1941 жыл соғыстың жаңа басталған жылдарымен тұспа тұс келедi. Бiр жыл колхозда жұмыс істегеннен кейін 1942 жылдың наурыз айының 3-і  Қызыл Армия құрамына алынады.

Міне, Отан алдындағы борышын Украина майданында, Миргородской 373 атқыштар дивизиясының құрамындағы 420 жеке барлаушылар ротасында өтеді. Сұрапыл соғыста талай рет кеудесін оққа төсеп, жау арасына барып басшылар берген қиын тапсырмаларды жымын бiлдiрмей орындайтын. Бұл туралы атамыз көзi тiрiсiнде жыр ғып айтатын. Шолпанқұл атамыздың майдандағы ерлігін дәлелдейтін мына бір құжатты артында қалған ұрпақтары берген еді. Онда былай жазылыпты: «1945 жылдың 26 қаңтарынан 27-не ауысқан түні гвардия сержанты Ш. Құлымбаев бастаған барлау тобына әскери тапсырма берілді. Оларға ешқандай у-шусыз Ордердің ротасынан «Тіл» алып келу тапсырылды. Бірақ аяқ асты немістер жағы сезіп қойып қиян-кескі атыс басталды. Бөлім командирі Құлымбаев немістерді жақындатып барып, автоматтан оқ жаудырады. Осы ұрыста сержант Құлымбев өзi бiр станкiлiк пулемет ұяшығын гранатамен жарып жiберді. 14 немістің көзін құртып біреуін тұтқындап алып келді. Тұтқын бағалы ақпарат берді. Сержант Құлымбаевтың тобы шығынсыз оралды. Осы ерлiгi үшiн Құлымбаев Ұлы Отан соғысының II-дәрежелі орденімен марапатталды. 343 атқыштар дивизиясы Барлау бөлімінің бастығы майор Г. Герасимов».   

Міне, нағыз жаужүрек батырдың бір күндік қана ерлігін баяндап отырмыз. Ол кісі жастық шағының 4 жылын сұрапыл соғыста өткізіп, нағыз орда бұзар кезін Отанын фашисттерден құтқаруға арнады. Осы ерлікті ешқашан ешқайсымыз ұмытуға тиіс емеспіз. Соғыстағы ерлігі үшін Шолпанқұл Құлымбаев Ұлы Отан соғысының II дәрежелі ордені, «Жауынгерлік ерлігі» үшін медальдарымен марпатталған. Шолпанқұл Құлымбаев атамыз жеңіспен елге аман-есен оралғаннан кейін бел шеше еңбекке араласты. Ол туған жеріне деген сүйіспеншілігін адал еңбекпен дәлелдеді. Өзінің кіндік қаны тамған Балқаш ауданында атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. 1950 жылы «Абай атындағы Қазақ мемлекеттік институтын» сәтті аяқтағаннан кейін Бақанас ауылындағы орта мектепте ұстаз және оқу ісінің меңгерушісі болды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп дана Абай атамыз айтқандай отыз жылға жуық өмірін тек шәкірттердің сапалы білім алуына жұмсады. Ол жалғыз Бақанас емес, Алматы облысындағы Ұйғыр, Нарынқол, Қаскелен, Талғар  аудандарында халық ағарту саласында абыроймен қызмет атқарып, артына өлшеусіз еңбек жолын қалдырды. Өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп, талап пен еңбектің таудай белгiсiн қалдырды. Іле ауданына да сіңірген еңбегі мол. Іле ауданы құрылған күннен бастап осында қажырлы еңбек етіп, аудан экономикасының өркендеуі жолында бар мүмкіндігін жұмсады. Халық депутаттары Іле аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып жүріп, бұрынғы Николаевка селосындағы «Маржан» тұрмыстық комбинатының, «Шолпан» кинотеатрының, Энергетик поселкесіндегі аудандық аурухана үйін, «Достық» кинотеатрын, Боралдай кенті «Водник» ықшам ауданындағы №15 орта мектебінің құрылысына басшылық жасады. Қай істі қолға алмасын, оны аяғына дейін жеткізуді өзінің басты міндеті санайтын. Ол кісіні білетіндер  шебер ұйымдастырушы, әділ, үлкен тәрбиеші ретіндегі қасиеттерін жоғары бағалайды.

Аудан жаңа құрылған уақытта дәл Шолпанқұл атамыздай білікті мамандар ауданның экономикалық-әлеуметтік салаларын тұрақты етіп, әрі қарай дами түсуiне телегей теңіздей үлестерін қосты. Халық депутаттары Іле аудандық Кеңесі төрағасы қызметінде жүріп әрбір істі тыңғылықты атқаратынына Ілелік атпал азаматтар талай рет куә болған. Кеудесіне жарқыратып Еңбек Қызыл Ту орденін тақты. Бірнеше рет Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, халық ағарту ісінің үздігі төсбелгілері білім саласына сіңірген еңбегін дәлелдейді.                                                                                                                     

Шолпанқұл Құлымбаев жайында сөз қозғағанда оның сүйікті жары Нәзік апай туралы айтпау мүмкін емес. «Алтын алқа» ақыл айтып отырған әжелерге жарасады. Тарихта аты қалар шешен болу шарт емес, алайда өзінің өзгеге үлгі болар ісімен құрметке бөленері сөзсіз. Ұрпаққа үлгі болар игі іс жасап, әдемі қартаю да бір ғанибет емес пе?! Өмірдің керуен көші жастарға жол ашып, жасы үлкендерді құрметтеумен дүние кеңістігінде тоқтаусыз ілгерілей бермек. Өмір өзен тәрізді тоқтаусыз ешкімге білдірмей өтіп жатады. Сол өмір өзені ағынында адам баласына өз арнасын тауып, мәнді де бақытты ғұмыр кешуіне жол ашатын ол – ана!  Қандай жағдай болмасын Шолпанқұл атамыздың артында үйінің күзетшісі, жан жары Нәзік апамыз тұрды. Қазақ халқының дәстүрі бойынша ананың қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірленген. Кемел ақыл мен келісті ойдың иесі туралы сыр шертудің өзі оңай шаруа емес. Десе де, Нәзік апаның рухани дүниесінің байлығын, дүниетанымдық көзқарасының жан-жақтылығын барынша ашып айтқанымыз жөн. Ходжабекова Нәзік 1929 жылы Ташкент қаласында дүниеге келген. Нәзік апа ер мінезді болғанымен болмысы атына сай нәзік, сезімтал болып көрінеді. «Сырлы ыдыстың сыры кетсе де, сыны кетпейді» демекші, жылдар өтсе де, әр сөзіне аса сенімді, қайратты жан еді. Таудай қиындықты тымақтай сілкіген Нәзік апа үлкен отбасының бірлік берекесінің алтын қазығы бола білді. Сонау 1948 жылы медицина колледжiн тәмамдаған сұлу қызға Шолпанқұл атамыздың назары ауып, ақыры бас қосып отау құрған. Берекенің бастауы болып, бала-шағасының шаттық күлкісін алтын босағасынан айырған емес. Аналық мейірімінің нәтижесінде I, II, III дәрежелі «Ана даңқы» медалінің иегері атанды. Міне, нағыз әйелдің ұлы жолы осындай болуы керек. Нәзік апаның шаңырағында үлгі тұтар тұстар аз емес. Әттең-ай дейтiнi тағдырдың жазуымен 1984 жылы жан жары Шолпанқұл Құлымбаев өмірден озған еді. Сегіз баланы жетелеп жеткізіп, дұрыс жолға салуды басты мақсат етiп, дастарханының берекесін, ағайынның татулығын сақтап, отағасының түтінін түзу шығарып, орнын жоқтатпай отырған Нәзік апа бүгінде мәңгі сапарына аттанды. Бұл күндері мәуелі бәйтерек iспеттес марқұм Шолпанқұл ата мен Нәзік апаның немерелері, шөберелері өсіп өніп, жоғары оқуларын аяқтап, өз салаларында қызмет етуде.  Шолпанқұл аға мен Нәзік апаның жеке тұлғасы, отбасындағы болмысы туралы сан түрлі өнегелі әңгімелер айтуға болады. Өйткені, ол кісілер отбасы тебірене еске алатын биік парасаттың, ақыл-ойдың иелері. Күні бүгінге дейін отбасы мерейі асқақ, абыройы биік жандарды мақтанышпен еске алады. Үй қамын әйел, ел қамын ер азамат жейді. Ал ер азаматтың қоғам алдындағы ерен міндеттерін орындау әйелдің қолында. Нәзік апаның ауқымды ойлай білу қабілетінің арқасында құдай қосқан жары екеуі өмірде талайларға өнеге бола аларлықтай із салды. Бір-біріне деген риясыз сүйіспеншілігі, құрметтей білуі балаларына үлгі болғаны сөзсіз. Ұрпақ жалғастырып, дүниеге әкелген сегіз перзентіне лайықты тәрбие беріп, әрқашанда көпшіл болуға баулыған еді. Өзінен тараған ұрпағының толассыз білімге, адал еңбекке ұмтылуына мұрындық болып, жан байлығына көңіл бөлумен қатар, ұлттық дәстүрден алшақтамай үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуге баулып, келіндері, немерелері мен шөберелерінің қазақ халқының салт-дәстүрінің ерекшеліктерін бойына сіңіруіне үлес қосқан да Нәзік апа еді. Рухы биік, нар тұлға тәрбиелей алды. Нәзік апаның өнегелі өмір салтын өре білуінің бір сыры — оның өмірге деген құштарлығында болатын. Ондай адамды әркім өнеге тұтады, ізет пен ілтипат танытады. Нәзік Ходжабекова «Күрес пен күлкі, қайғы мен шаттық, алыс пен жеңіс, жеңіс пен жеңіліс болмаса, бұл шіркіннің өзі де тоңған мұз, ұйыған айран емес пе?» — дейтін жандардың бірі болған. Даралық пен даналыққа толы абыз адамның жүрекжарды батасын алған балалары басшылық қызметтерді атқарып, алған тәлім-тәрбиесінің жемісін көрсетті. Ата-анасының салып берген сара жолын абыроймен жалғап келген, Шолпанқұл аға мен Нәзік ападан тараған Бақыт, Мұхит атты ұлдары мен Гүлжан, Наржан, Маржан, Нілжан, Гүлмира атты алтындай қыздарының барлығы жоғары білімді азаматтар. Өздері таңдаған мамандық бойынша әр салада беделді қызмет атқарып, еліміздің дамуына үлестерін қосуда. Күйеу бала келіндері, құда-жекжаттары Құлымбаевтар әулетінің абыройына лайықты жандар. Күйеу балалары олардың өз балаларындай болып кеткен. Міне, біз әңгіме еткен Нәзік Ходжабекова тоқсанның үшіне таяған шағында дүниеден озды. Салиқалы ой айтып, ел өмірінің төрін иеленген Еңбек ардагері, өңіріміздегі Кеңестер Одағы дәрежесіндегі бірден-бір дербес зейнеткер апамызды ұл-қыздары мақтанышпен еске алады! Бүгінгі  өскелең  ұрпаққа өнегелі  ізін қалдырған асыл азаматтың тар жол, тайғақ кешкен өмірін көзі көргендер болмаса, бәз біреулердің білмеуі де мүмкін. Қорыта айтқанда, қазақтың кең даласын сонау аласапыран заманында «Найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» қорғаған батырлар тұлғасы еліміздің болашақ ұрпағына үлгі-өнеге болары сөзсіз. Ұлы бабаларымыз іс-әрекеттерінің алдында бас иген ұрпақтары сол қилы заман оқиғаларын толғап, ұрпаққа жеткізу, жергілікті батырларымыздың ерлігін өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа паш ету бiздiң парызымыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button