Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚаратал хабарыҚоғамМәдениетМерекелер

АЙШЫҚТЫ МЕРЕКЕ

Мәдениет – ұлттың мәйегі, елдің асыл мұрасы, баға жетпес қазынасы. Күндіз күміс, түнде алтын аққан қасиетті Қаратал ауданында ел мәдениетін, әдебиетін, салт-дәстүрін насихаттауда сүбелі жұмыстар атқарылып келеді. Жуырда Үштөбе қаласында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында  «Жер жаннаты – Жетісу» атты Мәдениет күндері мерекесі өтті.

Орталық стадионда болған төл өнеріміздің ортақ мерекесіне ақ жаулықты әжелер, ақ сақалды аталар, жас балаларға дейін атсалысты. Шараға арнайы келген Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Сүлейменов бастаған топ аудан жұртшылығы ұйымдастырған көрме мен қазақ үйлерді аралаудан бастады. Ақ шаңқан киіз үйлерде Қазақстан халық әртісі Бикен Римованың, жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына, композитор Мұқан Төлебаевтың 110, Сара Тастанбекқызының 170, Ақын Қабылиса жыраудың 290, Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың 125 жылдығына орай дарынды тұлғалардың өздері қолданған заттары мен фотосуреттері қойылған. Көрмеде қазақтың ұлттық киімдері, тағамдары, жергілікті өнімдер, қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдарын арнайы келген қонақтарға таныстырды. Сондай-ақ, ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталарымыз бабадан мирас болып келе жатқан дәстүрлерді дәріптеді.

Айшықты мереке барысында сөз алған аудан әкімі Ұлан Досымбеков:

–  Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой парасаты. «Өнер – ұлттың жаны», – дейді дана халқымыз. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады. Бүгінгі таңда ауданымызда  2 Мәдениет үйі,  10 кітапхана, 1 архив халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Өнерді құрметтеп, мәдениетті өркендету – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Ауданымызда Кемел Тоқаев атамыздың 100 жылдық мерейтойын атап өттік. Алдағы уақытта Бикен Римова апамыздың 100 жылдығына орай 29 қыркүйек пен 4 қазан аралығында облыс басшылығының қолдауымен іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді. 

Сонымен қатар, аудан әкімі Кәлпе ауылында жаңа Мәдениет үйі және  Үштөбе қаласының орталығында Қаратал тарихи-өлкетану музейі қолданысқа берілетінін,  ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша балаларымыздың жарқын болашағы үшін Тастөбе, Көпбірлік, Кәлпе ауылдарына спорт алаңдары салынып жатқанын айтты.

Мерекелік шара аудан өнерпаздары қойған концерттік бағдарламаға ұласты. Салтанатты шарада қос ішектен күй төгіп, қоңыр дауыспен ән шырқап, үкілі тақия мен бүрмелі көйлегін киген өнерпаздар киелі сахна төрінің шырайын кіргізді. Күмбірлеген күйден, жергілікті ақындардың жыр-өлеңдерінен шашу шашқан жандар жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Тұрғындар әсем ән мен күйден рухани әсер алып тарқасты.

А.ҚАЛИ

Басқа жаңалықтар

Back to top button