Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамМәдениетМерекелер

МӘДЕНИЕТ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен  «Ауылым алтын бесігім!» атты облыстық байқау аясында «Жерінің асты тарих, үсті жұмақ, Кең байтақ  Ілем менің, киелі аймақ!» атты Іле ауданының мәдениет күні ұйымдастырылды.

Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлиев Данияр Абзалиеденұлы, Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Үмбеталиев Әнуар Мұхтарханұлы рухани кештің құрметті қонақтары болды.

Айтулы мерекенің шымылдығын ашып, алғаш болып сөз сөйлеген аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Бақытжан Көкенұлы Іле ауданы қай салада болмасын ілгері жүретін аудандардың бірі екендігін алға тартты. Оған дәлел – түрлі ареналардағы жетістіктер мен қойнауы қазынаға бай тарихы.

– «Биыл әр ауданның орталығында мәдениет күндерін кеңінен атап өту қолға алынды. Ең алдымен, баршаңызды осы атаулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Мәдениет күндері облыс деңгейінде өтіп жатқандықтан, сараптау комиссиясы әр ауданның мәдениет саласы бойынша жетістігін бағалап, соңында қорытындысын беретін болады. Сіздерді үздіктердің қатарынан көреміз деп ойлаймыз», — деді Бақытжан Көкенұлы.

Чапаев ауылындағы Іле аудандық Мәдениет үйінде әр өңірдің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, жиылған жұрт таңдай қағысып отырды. Оларға төрелік еткен – қазылар алқасының комиссия төрағасы, ақын-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының мүшесі, Алматы облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама бөлімінің басшысы Төлеужан Нүсіпжанұлы болды.

Шара барысында ұлттық спорт ойындары да салтанат құрды. Қазақ күресі, шекемтас, кір тасын көтеру, қол күрес, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен спортшылар өзара мықтыны анықтап, бақ сынасты.

Ағаштан және тері өнімдерінен жасалған қолөнер бұйымдары, кітап, суреттер паш етілген ауданның мәдени жетістіктері туралы көрме ұйымдастырылып, жергілікті өнертапқыштардың жасаған жұмыстары ұсынылды. Ауылшаруашылық өнімдері мен ауданда шығарылатын өнімдердің жәрмеңкесі өтті. Округтерден келген он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің туындылары мен көнеден сақталып келе жатқан жәдігерлері де қонақтарды тәнті етпей қоймады.

Іс-шараға аудандағы өзге ұлт өкілдері де көпшілікпен бірге аянбай атсалысты.

Елдігіміздің жарқын көрінісі – туған жер қасиетіне арқа тірей мерекеленетін осынау мәдениет күні осылайша өз мәресіне жетті.

Б. ТОҚАН

Басқа жаңалықтар

Back to top button