Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамСпортТалгар информацияТалғар - ақпарат

ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ – ЖАСТАР

Мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екендігін дәлелдеуде. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеяларымен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

Жақында Ұстаздар күніне орай Талғар ауданының жастар ресурстық орталығы және Нұра ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысының ұйымдастыруымен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спорт түрлерін дамыту және ынтымақтастық қарым-қатынасын дамыту, баскетбол спортына қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Спорт — сенің серігің» атты аудандық баскетбол ойынынан жарыс өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша  жүлделі І орынды “Нұра” ауылының жастары, ІІ  орынды «Туғанбай» ауылының жастары иеленсе, ІІІ  орын “Өстемір” ауылының жастарына бұйырды.

Жарысқа қатысушы жеңімпаздарды Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызының диплом, алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім — тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Ұстаздарды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінгі жарыс осы Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылып отыр», — деп атап өтті орталық жетекшісі.

Мұнымен мерекеге орай ұйымдастырылған шаралар біткен жоқ. Ертесінде Талғар политехникалық колледжінде ұстаздар күніне орай «Ұстаз болу — өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» атты мерекелік кеш өтті. Кеш қонағы ретінде Талғар ауданының жастар ресурстық орталығының маманы Кадырбеков Еркебұлан ұстаздарды алғыс хатпен марапаттады.

Бүгін елімізде жастар саясатына үлкен көңіл бөлуде. Жастар саясатына қатысты сан түрлі пікірлер мемлекеттік шеңберде, халықаралық дәрежеде талқыланды – оның қоғам өмірінде айтарлықтай маңызды орын алатындығын аңғартады. Стасистика агенттігінің жүргізген мониторинг қорытындысы бойынша мемлекетіміздегі адам санының 4-5 миллионнан астамы жастардың үлесінде. Бұл – халқымыздың 30 пайызы жастар деген сөз. Ендеше, еліміздің ертеңгі болашағы жастарды бүгіннен бастап тәрбие алуы мен отан сүйгіштік қасиеттерінің дамуына ықпал жасау қажет. Ең әуелі жастар бойына рухани-адамгершілік, саяси-интелектік, құқықтық тәрбие басым болған жөн. Жастар жас шыбық сияқты. Қалай исең, солай иілуге әзір. Сол себепті жастардың ойын да, бойын да түзу өсіруге халықтың басты парызы. Жастар – жердің, елдің иесі, қазақ елінің рухани тәуелсіздігінің биік тұғыры.

«Кез келген елдің болашағы, ертеңі, үміт артары – жастар. Жастарға ұлттық дәстүр мен салт-сананы негізге ала отырып, дәстүрді дінді насихаттау жолында  жұмысты күшейтіп, қазақ жастарының  адами ұстанымдық имунитетін  нығайту кезек күттірмейтін мәселе болып отыр. Талғар аудандық  жастар ресурстық орталығының  тарапынан жүргізіліп отырған іс шаралардың, насихат жұмыстарының да көзделгені жастарды адастырмай, ата бабамыздың ұстанған асыл дінін ардақтап, салтымызды сақтап, елдігіміз бен ерлігімізге сай жаңа буын тәрбиелеп өсіруді мақсат тұтқан әрекеттер деп біліңіздер. Біздің  мақсат бабалар аңсаған тәуелсіздікті ары қарай толық деңгейінде пайдаланып, жас ұрпақты рухани тәуелсіз, санасы сергек  білімге құштар, азат елдің туын асқақ  ұстайтындай етіп тәрбиелеу. Ал ондай ұрпақты қалыптастыру үшін ең бірінші таза білім, тұнық сана, айқын бағыт, рухани сау жастар болуы керек», — деп қорытындылады Талғар ауданының жастар ресурстық  орталығының жетекшісі Мөлдір Абатайқызы.

 

Акан АКЫЛОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button