Алматы облысының жаңалықтарыАудан жаңалықтарыАуыл тынысыБасты ақпаратҚоғамТалгар информацияТалғар - ақпарат

АНА ТІЛІМ – ҚАСИЕТІМ

Талғар ауданында Тілдер айлығы ұйымдастырылып, оның аясында көптеген мәдени іс шаралар болып өтті.

Тіл – халықтың алтын діңгегі. Өзін-өзі білетін әр халық алдымен өзінің туған тілін сыйлап, мақтан тұта білуі керек. Өйткені халықтың даналығы, жырлары, шежіресі сол халықтың тілінде жазылады. Тіл – қай ұлтта болса да қастерлі, құдіретті ұғым. Ол әр адамның бойына ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады.

Ұлт екенімізді дәлелдейтін мемлекеттік рәміздеріміз, дініміз, салт-дәстүріміз және ең бастысы ана тіліміз. Егемен елдің өз мемлекеттік тілі — басты құндылығы. Қазіргі таңда елімізде кез келген орындарда ана тілімізге үлкен құрмет көрсетіледі. Мекемелерде құжаттар ана тілінде жүргізіледі, жиналыстар да барынша қазақ тілінде жүргізілуде. Ұлы даланың ұлы тілінде ата- баба үні, өткен тарихымыз, қиындығымызбен қызығымыз, ұлттың бар болмыс құндылығы жатыр. Қай жерде болмасын ана тіліміздің шашбауын көтеріп, ұлықтап жүру — кез келген Қазақстан Республикасы азаматының парызы. Бұл дүниедегі ең қымбат дүние — Отан, халық және тілің. Үшеуі бір — бірінсіз толық бола алмайды.  Тілсіз ұлтты, ұлтты тілсіз елестете алмаймыз. Тіл ғасырлар шежіресін, бабалар тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші негізгі құрал.

Осы орайда қыркүйек айында Талғар ауданында Тілдер айлығы ұйымдастырылып, оның аясында көптеген мәдени шаралар болып өтті. Атап айтсақ, Талғар Аудандық Мәдениет Үйінің ұйымдастыруымен Тілдер айлығын «Ана тілім – қасиетім» атты мәдени іс-шара.

Іс-шараға Талғар ауданы Ауған соғысы жауынгер қоғамдық бірлестігінің ардагерлері, Қазақ тілі қоғамының төрайымы Байшықова Рая және жалпы білім беретін 19 мектеп гимназиясының оқушылары қатысты.

Сонымен бірге Талғарда мектеп оқушылары арасында 2-рет аудандық «Алдаспан» шешендік өнер байқауы өтті. Оған 22 мектептен іріктелген оқушы қатысты. Бас жүлдені Талғар ауданы, Сәкен Сейфуллин атындағы 2 орта мектептің 11 сынып оқушысы Алтай Аружан жеңіп алды.

«Осы өңірде енді ғана қанатын кеңге жайып келе жатқан қасиетті өнердің қадір-қасиетін, мән-маңызын түсінуге, игеруге деген ынта-ықыластың қалыптасқаны қуантты. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері мүмкіндігіне қарай дайындап әкелген шәкірттердің шалалығы да, балалығы да, жетіспеушілігі де, жақсы жақтары да байқалды. Бұл жемісті жолдың басы екенін ескерсек, қатысушылар даналық есігін қағып кірді деуге болады. Сайыс қана емес сабақ болған байқаудан пайдалы мәлімет, қажетті ақпарат, есте жүрер ескерту алған шәкірттер мен жетекшілердің рухани мұраға деген түсінігі артып, танымы тереңдеп қайтқанын бағамдадық. «Сын түзелмей мін түзелмейтінін» сезген оқушылардың ойлы, өрелі, өжет болуға бетбұрып, қадам жасағанын байқадық. Ал жетекшілер болса шешендікке шыңдалу жолы мен бағытын біліп қайтты. Қара қылды қақ жарып әділ баға беріп, сын-ұсыныс айтқан ұлт жанашырлары Кәмнұр Тәлімұлы, Береке Жумакаева апай мен Қизат Тілеуберді әріптесіме айрықша алғыс айтамын! Игілігі мол іс-шараны ұйымдастырған қазақтың қайраткер қызы, Талғар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева апайымызға, байқауға атсалысқан аудандық кітапхананың директоры Махамбет Қасымханұлына, әнші, композитор Мұратбек Сарбасов ағама, тілеуқор болып қолдау жасаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Дәрия, Әйгерім әріптестеріме, барлық қатысушылар мен жетекшілерге рақмет айтамын», — дейді байқау ұйымдастырушыларының бірі Жарқын Сәленұлы.

Ал 14 қыркүйек күні «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты этнос жастары арасында облыстық квест ойыны ұйымдастырылған болатын. Осы облыстық сайысқа Талғар ауданынан қатысқан «Тұлпар» командасы жүлделі 3 орынды иеленді.

Жастардың интеллектуалдық деңгейін арттыру, өлкенің тарихы мен мәдениетін терең білуге тәрбиелеу мақсатында өткен сайыста ауданнан барған жас мамандарымыз белсенділік танытып,  аудан абыройын көтерді.

Және де Панфилов ауылдық округіндегі №17 орта мектепте тіл апталығының жабылу шарасы болды. Апталықты қорытындылаған шарада этнос өкілдерінен құралған оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, әр тілде поэзия оқыды. Шараға Қоғамдық келісім КММ жетекшісі Жұмағыз Әшімбекқызы қатысып, мемлекеттік тілді құрметтеу туралы ой айтып, апталықтың жабылуымен құттықтады. Мектеп әкімшілігіне кітапхана үшін кітаптар сыйға тартты.

Қазіргі заман талабына сай әрине, үш тілді қатар меңгеру жақсы. Алайда, өз жерімізде ана тіліміздің туын өзіміз көтермесек кім көтереді? Сондықтан тілімізді құрметтеп жүрейік! Ұлттық рухани мұрамыздың мәртебесі биіктеп, насихаты артып, тағыдымы жас ұрпаққа молынан дари берсін!

 

Акан АКЫЛОВ

Басқа жаңалықтар

Back to top button